Accessibility links

Шекараны делимитациялау кезеңі сәтті аяқталды ма?

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Қазақстан мемлекеті шекараны белгілеу ісін бастағаннан бері, осыған қатысты Сыртқы Істер Министрлігінің атына түрлі сындардың айтылып келгендігі белгілі. Атап айтқанда, кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан мемлекетінің өзінің көптеген жерлерінен айырылып қалғандығы туралы мақалалар жарық көрді. Бірақ, мұндай көзқарастармен келіспейтін Қазақстанның Сыртқы Істер Министрлігінің ресми өкілдері, шілденің 22-күні осы айтылып жүрген әңгімелердің шындыққа үйлеспейтіндігіндігін мәлімдеп, делимитация процесінің сәтті аяқталғандығын хабарлады.

Әсіресе, шекараны делимитациялау барысында Қазақстан мен Қытай мемлекетінің арасындағы даулы жерлердің бар екендігіне байланысты көптеген сындардың айтылып келген еді. Алайда, жұма күні бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында Қазақстанда шекараны делимитациялау кезеңінің аяқтағанын ресми түрде мәлімдеген Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер Министрілігінің арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі, мемлекеттік шекараны делимитациялау жөніндегі құрылған үкіметтік комиссияның басшысы Мұрат Атанов бұл мәселенің өз тұрғысынан оң шешімін тапқандығын айтты. Өз сөзінде Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер Министрілігінің арнайы тапсырма жөніндегі елшісі, мемлекеттік шекараны делимитациялау жөніндегі құрылған үкіметтік комиссияның басшысы Мұрат Атанов Кеңес Үкіметінің Қытаймен шекараны делимитациялау процесін отыз жылдан астам уақыт жүргізгендігін, ал тәуелсіздік алған Қазақстанның оны төрт жылдың ішінде шешкендігін атап өтті.

Алайда мұндай пікірмен келіспейтін саясаткер Орал Сәулебайдың пікірінше, Қазақстан тек Қытаймен ғана емес, сонымен қатар Ресеймен шекарасын делимитациялау барысында да қатты ұтылып қалып отыр. Осы сөздеріне дәлел ретінде ол, кезінде Қазақстанға тиесілі болған “Огнеупорный” поселкесінің Ресей мемлекетіне беріліп жіберілгендігін тілге тиек етті.

Ал, Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер Министрілігінің арнайы тапсырма жөніндегі елшісі Мұрат Атанов “Азаттық” радиосының осы мәселеге қатысты қойылған сауалына, “Огнеупорный” елді мекенінде тұратын халықтың Ресей азаматары екендігін және олардың осы елді мекенді Ресейге беру туралы ұсыныс айтқандығы сынды дәйектер келтірді. Сондай-ақ ол өз сөзінде осы жердегі саздың Ресейдің металлургиялық комбинатына керегі болғандықтан, екі елге де тиімді келісім-шарттың жасалғандығы туралы түсініктеме берді.

“Азаттық” радиосына телефон шалған Ресейдің Орынбор облысымен шекараласатын Жітіқара қаласының тұрғыны Тынымкұл Серғазықызы, қазіргі таңда осы елді-мекеннің Ресейге өтіп кету қаупінің бар екендігін хабарлап, алаңдаушылық танытты. Ал, Сыртқы Істер Министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанның делимитациялаған шекарасының ұзындығы 14 мың шақырымға созылып жатыр. Оның су арқылы өтетін тұстарын айқындау Каспийдің мәртебесі анықталған кейін ғана жүзеге аспақ. «Қазір Өзбекстан және Түрікменстанмен шекараны айқындаудың екінші кезеңі жүріп жатыр. Жақын арада ол үрдіс Ресей және Қырғызстанмен одан әрі жалғасады», дейді Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер Министрілігінің арнайы тапсырма жөніндегі елшісі Мұрат Атанов. Оның айтуынша, мемлекеттік шекараны айқындау халықаралық құқықтық тұрғыдан алғанда үш кезеңмен анықталады. Делимитация, демаркация және көрші елмен шекара жүйесін орнықтырудың келісім тәртібі.

«Халықаралық құқықтық рәсімдеудің осы үш кезеңі жүзеге асырылғаннан кейін ғана шекараны айқындау аяқталды деп санауға болады» дейді, Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер Министрілігінің арнайы тапсырма жөніндегі елшісі Мұрат Атанов.
XS
SM
MD
LG