Accessibility links

Орта Азия елдерінен АҚШ-тың әскери базалары әкетіле ме?

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Қазақстандық кейбір сарапшылардың айтуынша, Орта Азия мемлекеттерінен АҚШ-тың әскери базаларын әкету туралы ұсыныстардың жасалуына Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының қатты ықпалы болып отыр. Мамандардың пікіріне сүйенсек, келешекте Өзбекстаннан АҚШ-тың әскери базасы әкетілсе де, Қырғызстан мемлекеті үшін мұндай қадам тиімді емес.

Қырғыз сарапшысы Еділ Байсаловтың айтуынша, дәл қазіргі уақытта Қырғызстан АҚШ-қа әуе базаларыңды тез арада алып кет, деген сыңайдағы талап қойып отырған жоқ. Оның пікірінше, Ресей мен Қытай осындай мәселені Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитінде қойғаннан кейін, Қырғызстан мемлекетінің жаңа билігі оны айтуға мәжбүр болған. Ал, саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, егер де Өзбекстан мен Батыс әлемінің арасындағы теке-тірес күшейе берсе, Өзбекстаннан АҚШ-тың әскери базасы әкетілуін шешілген мәселе деуге болады. Алайда, Досым Сәтпаевтың айтуынша, Қырғызстан басшылығы АҚШ тарапынан қаржылық көмек күтіп отырғандықтан, өз аймағынан әскери базалардың әкетілуіне аса мүдделі емес. Ал, ғалым Мұрат Әуезов болса АҚШ-тың әскери базаларының Орта Азия елдерінен әкетілуін қалайды екен. Оның себебін Мұрат Әуезов бір кіріп алған АҚШ-тың, Орта Азияда ұзақ уақыт тұрақтап қалуы мүмкін екендігімен байланыстырды.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали “Азаттық” радиосына егер де келешекте Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекетінен АҚШ-тың әскери базалары әкетілсе, Қазақстан мемлекеті өз территориясын беруі ықтимал деген ойын білдірді. Өз сөзінде саясаттанушы Әзімбай Ғали өз территориясында әскери базалардың болуы немесе болмауын әр мемлекеттің дербес шешетіндігін тілге тиек етті.

Алайда, Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер Министрлігінің ресми өкілі Биғали Тұрарбеков мұндай көзқараспен келіспейді екен. Қазақстанда жарық көретін “Айқын” газетінің деректеріне сүйенсек, Тәжікстанның сыртқы істер министрі Талбек Назаров та «ауған проблемасы баяғыда-ақ шешімін тапқан, президент сайлауы өтті, енді халық парламенттік сайлауды күтіп отыр, тәлібтер жоқ, елдегі жағдай тұрақты, сондықтан Орта Азияда американ әскери базаларын ұстаудың қажеттілігі шамалы» дегенді айтқан. Осы тақырып төңірегінде сараптамалық мақалалар жазған «Айқын» газетінің саяси шолушысы Берік Бейсенұлының айтуынша бұл мәселеде саяси астар да бар.

«Қазір ТМД-ның көптеген елдерінде түрлі-түсті төңкерістер болып жатыр. Оған бірқатар елдер сыртқы күштердің ықпалы бар дегенді айтады. Қай елге АҚШ қоян-қолтық араласса, сол елді түрлі-түсті төңкерістер орын алып жатады. Осыған қатысты Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдер АҚШ-тың әскери базаларының алып кетілуін күн тәртібіне қойды деп ойлаймын», - дейді «Айқын» газетінің саяси шолушысы Берік Бейсенұлы.

Ресми ақпарат бұлақтарының хабарлауынша, АҚШ-тың Қорғаныс Министрі Дональд Рамсфельд шілденің аяғында ресми сапармен Бішкекке келмекші. Кейбір сарапшылар АҚШ тың әскери ведомство басшысының бұл іссапарын Орта Азия елдерінен АҚШ тың әскери базаларын әкету жөнінде ұсыныстардың айтыла бастауымен байланыстырып отыр.
XS
SM
MD
LG