Accessibility links

Билік орындары оппозициялық партияның алғашқы құрылтайына 1000 адамның қатысқанына күмән келтіріп отыр


Шілденің 23-күні Алматыда құрылтайын өткізген “АЛҒА” партиясын әділет орынлдары тіркеуден өткізбей қоюы мүмкін. Себебі, осы құрылтайға қатысқан адамдардың саны заңға сәйкес шамада болды ма, жоқ па деген сауалға әділет орындары дүдәмал пікірін айтып отыр. Бұл күмән Қазақстанның саяси сахнасына жаңадан қосылмақ болған оппозициялық партияның тағдырын екіұдай ететін түрі бар.

Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің Алматы қалалық бөлімшесінің қызметкері Бабик Елена Аракадьевна осы мәселеге байланысты шілденің 25-күні «Азаттық» радиосының сұрағына: «Олардың есебінше кворум болды, ал біздің санауымыз негізінде кворум болған жоқ деп қорытынды жасауға келеді» деп қысқаша жауап қайтарды.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы ресми билік президент сайлауының алдында оппозициялық бағыттағы бірде-бір партияның заңды түрде тіркеуге жол бермеуге тырысады. Саясаттанушы Андрей Чеботаревтің пікірінше, Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясының жаңа үлгіде саяси алаңнан қайтадан көріне бастауы мемлекеттегі ресми билікке аса тиімді емес.

«Құрылтай жабық жағдайда өткеннен кейін мен оған шын мәнісінде қанша адамның қатысқандығын айта алмаймын. Егер де сенбі күні өткен саяси шараға шындығында мыңнан астам адам қатысып, ресми билік оны мойындағысы келмей отырса, онда формальді түрдегі заңды процедураларды қолдану арқылы ресми биліктің “АЛҒА” партиясын тіркегісі келмей отырғандығы байқалады», - дейді саясаттанушы Андрей Чеботарев.

«АЛҒА» партиясын ұйымдастырушылардың бірі, сенбі күнгі құрылтай жиынында саяси партияны басқару органының жетекшісі болып сайланған Асылбек Қожахметов болса осы даулы мәселеге байланысты «Азаттық» радиосына берген түсініктемесінде: «Саяси партиялар туралы» заң бойынша Әділет Министрлігінің құрылтайға келген адамдардың санын есептеуге құқығы жоқ» деді. Оның айтуынша, құрылтайға келген адамдардың санын соған қатысты құрылған мандат комиссиясының ғана есептеуге құқы бар. Ал, сенбі күні өткен құрылтайда мандат комиссиясы бұл съезге 1106 адам қатысып отырғанын жиналғандар алдында жария еткен болатын. Мұны құрылтайға қатысқан зейнеткер Қайролла Адамұлы растайды. Құрылтайға Қазақстанның әр аймағынан делегаттар қатысқан-тұғын. Солардың бірі Қызылорда облысынан келген Сағат Жүсіп жиын өткен соң «АЛҒА» партиясын тіркеткізбеу үшін билік тарапынан түрлі әрекеттер жасалып жатыр дейді. Ал, сенбі күнгі құрылтайға қатысқан, Қазақстандағы санаулы оппозициялық басылымдардың бірі «Азат» апталық газетінің жауапты хатшысы Жангелді Естенбаев та Әділет Министрлігінің айтқанымен келіспейді. Оның айтуынша, саяси партияның съезі өткен жерде қойылған 1240 орынның ешқайсысы да бос болмаған.

Енді бұл даулы мәселе қалай реттелмек деген «Азаттық» радиосының сауалына Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің Алматы департаментінің қызметкері Елена Бабик, бұл үшін басшылықтың рұқсаты керек екендігін айтып, түсініктеме беруден бас тартты.

Қазақстан заңдарына сәйкес, жаңадан құрылған саяси партия енді екі ай мерзім ішінде өз құжаттарын әділет органына тіркеуге ұсынуға құқылы.
XS
SM
MD
LG