Accessibility links

Рудный қаласында оралмандар мен жергілікті тұрғындар арасында қақтығыс болғаны туралы ақпаратты ресми орындар жоққа шығаруда

  • Қатира МАҒДАТҚЫЗЫ

Қазақстанда Қостанай облысына қарасты Рудный қаласында Өзбекстаннан келген оралмандар мен тұрғылықты халықтың арасында қақтығыс орын алғандығы және Рудный қаласында ұлт араздығын қоздыратын мазмұндағы парақшалар таратылғаны туралы биресми ақпарат тарап отыр. Қостанай облысындағы атқарушы билік органдарының еш қайсысы әзірге мұндай мәліметтерді растаған жоқ. Алайда, осы оқиғаны зерттеген жергілікті тілшілер бұзақылық әрекеттердің шын мәнінде орын алғанын айтады.

Қостанай облысындағы Рудный қаласында Өзбекстаннан келген оралмандар мен тұрғылықты халық арасындағы қақтығыс орын алғанын тек жергілікті журналистер ғана растап отыр. Қостанайдағы бір басылымның тілшісі, шілденің 25-күні «Азаттық» радиосына осы оқиғаның мән-жайын зерттеу мақсатында Рудный қаласына барып қайтқанын айтты.

«Әзірше оқиғаның неден шыққаны белгісіз. Бірақ, қақтығыстың орын алғаны рас. Мен төбелес жайында айтып тұрмын», - деді өз есімін атамауды сұраған қостанайлық журналист.

Жергілікті тілшінің айтуынша, Рудный қаласының тұрғындары арасында соққыға жығылғандар бар секілді. «Бірнеше болжам бар. Бірақ, оны атау әлі ертерек. Мен тағы да Рудныйға барамын. Ол жақта мен болған екі күннің ішінде барлығы тыныш болды» дейді ол.

«Азаттық» радиосының Қостанай облысындағы тілшісі Ақылбек Қожаұлы Рудный қаласында ұлт араздығын өршітуге бағытталған парақшалар таратылғаны туралы қауесет тарап отырғанын айтады: «Базарда балмұздақ сататын Галина есімді әйел әлгіндей парақшаларда не жазылғанын көрмегенін, бірақ, базар қызметкерлері, хабарландыру ілетін тақтайшалардан ол парақшаларды жыртып жатқанын көргенін айтты».

Ел арасында тарап кеткен «ұзынқұлақ» хабарларда, Рудныйда оралмандар мен жергілікті жастар арасында қақтығыс болғаны туралы әңгіме өрбіген. Қостанайлық тілшіміз Ақылбек Қожаұлы осы жайтқа қатысты тілдескен оралмандар мұндай қақтығысқа қатыспағандарын айтыпты: «Олардың басым бөлігі Өзбекстанның Науаи, Үшқұдық, Жарапсан қалаларынан көшіп келгендер. Бірақ, олар орыс тілін білмеуі Рудный қаласының тұрғындарымен тіл табысуына бөгет болғанымен әлгіндей қақтығыс болмады дегенді айтты. Бізге аты-жөнін атауды жөн көрмеген оралмандардың бірі, арамызда бірен-саран түсініспеушілік болмаса, тұрғындармен ашық төбелеске барған жоқпыз, катысқанымыз жоқ, дейді».

Осы хабарға байланысты кейбір жергілікті баспасөз беттерінде Рудный қаласындағы оралмандар мен тұрғын халық арасында қақтығыс орын алғандығы және осы қалада коменданттық сағат енгізілгені жарияланған. Осыған орай, Қостанай облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеме жасады. Онда заң органы «ешқандай қақтығыс орын алған жоқ, мұның барлығы жалған ақпарат» деп көрсеткен. Шілденің 25 күні облыстық прокуратураның баспасөз хатшысы Лилия Мороз «Азаттық» радиосына бұдан өзге ақпарат бере алмайтындығын айтты.

«Бұл облыс прокурорының құзырындағы шаруа болғандықтан, ешкімге сұхбат бер деп рұқсат ете алмаймын. Ал, өзім облыс прокуроры БАҚ өкілдеріне таратуға рұқсат еткен ақпаратты ғана бере аламын. Облыс прокуроры қазір жол жүріп кеткен», - деді Лилия Мороз.

Қостанай облыстық прокуратурасының хабарлауынша, Рудный қаласында 117 мың адам тұрады. Олардың мыңнан астамы - оралмандар. Шілде айының басынан бергі аралықта оралмандар тарапынан ешқандай қылмыстық іс тіркелмегені айтылады. Бірақ, бір әйел зорлау оқиғасы болғанын, ал одан зардап шеккен тұрғын мен күдікті адамның екеуі де бір ұлттың өкілдері – қазақтар делінген. Сонымен қатар, мәлімдемеде жергілікті билік өкілдері оралмандардың тұрмыс-тіршілігін жақсарту мақсатында бар күшін салып жатыр деп көрсетілген. Бұл күні біз хабарласқан Қостанай мен Рудныйдағы бір де бір жергілікті атқарушы билік өкілдері Рудныйда төбелес болғаны жайлы ақпаратты растаған жоқ.
XS
SM
MD
LG