Accessibility links

Астанадағы ірі кәсіпкер «Закон и правосудие» апталығын сотқа берді

  • Ескендір ЕРТАЙ

Астананың ең ірі кәсіпкерлердің бірі Ерсайын Манаев «Закон и правосудие» апталық газетін өзінің ар-ожданына тиді деп сотқа берді. Газетте кәсіпкер Е.Манаевтың «Гарант» сауда орталығынан жалға орын алып отырған ұсақ кәсіпкерлердің арыз-шағымы бойынша мақала жарық көрген болатын.

Азамат Манаев газет мақаласында айтылғанды өзінің ар-ожданына келтірілген нұқсан ретінде қабылдап, сот арқылы газеттен 2 миллион теңге өндіріп алмақ. Ал, қаржы полициясының тексерісі нәтижесінде Манаевтың «Гарант» сауда орталығының директоры міндетін уақытша атқарушы Юрий Провальня тұтқынға алынса, менеджері Оңдасын Жалғасбаевқа іздеу жарияланып отыр. Наурыз айында «Закон и правосудие» апталығында журналист Гүлжан Мұхамеджанованың «Манаев не «Гарант» своему слову» атты мақаласы жарық көрген еді. Шілденің 25-інде Астананың Алматы аудандық соты Сәуле Құрманбекованың төрағалығымен кәсіпкер Ерсайын Манаевтың «Закон и правосудие» газетіне жазған талап арызын үшінші отырысында қарады. Талапкер жағынан сөз алған «Гарант» және «Айдабол» фирмасының заң бөлімінің бастығы Виктор Гниненконың айтуынша, газет «Гарант» сауда орталығының жетекшісі Ерсайын Манаевтың автокөлік құралдарының иелері-ожданына нұқсан келтірген. Фирма моральдық шығынды екі миллион теңгеге бағалап, газеттің құрылтайшысы мен бас редакторы Гүлжан Мұхамеджановадан өндіріп алмақ.

Сотқа куәгер ретінде қатысушы «Гарант» сауда орталығынан жалға орын алушы Александр Нечтайлоның айтуынша, ол баласы екеуі екі орын үшін жеті мың доллар көлемінде қаржы төлеген. Оны қолма-қол алған Юра есімді жігіт пен Жалғасбаев қазір жоқ.

«Манаев шыншыл болса, біз отыздан астам адам алдына екі рет барған кезімізде сол жігіттерді шақыртып алып сөйлесуі тиіс еді. Бұл жерде Манаев пен «Айдабол» фирмасының абыройына нұқсан келтіріп отырған газет емес, Манаевтың өз айналасындағылар», - дейді А.Нечтайло.

Куәгерлердің бірі кәсіпкер Меруерт Қамбарова болса, «Гарант» сауда орталығы жанынан ашылмақшы контейнерлер тұратын базар үшін барлығы 27 мың доллар көлемінде қаржы жұмсаған болып шықты. «Сол маңайда үш жүзге жақын контейнер қойыла бастағанынан «Гарант» сауда орталығының басшылығы хабарсыз болды дегенге ешкім де сенбейді» деген пікір білдіреді ол. Куәгерлердің айтуынша, соңғы алты айда ғана «Гарант» сауда орталығында үш директор ауысқан екен. Кәсіпкер Садатхан Қайсаровтың айтуынша, контейнерімен орынды жалға алушылар үш мыңнан алты мың долларға дейін алдын ала ақша төлеген.

«Закон и правосудие» газетінің бас редакторы Гүлжан Мұхамеджанованың айтуынша, оған шағым айтып келген 35 кәсіпкердің орын алу құжаттарында заңсыздықтар көп. Орын берушілердің фамилиясы бөлек те, қол қойған адамдар бөлек. Ал, сотта «Гарант» сауда орталығының өкілдері ол адамдарды танымаймыз деп те айтады. «Айдабол» фирмасының өкілі Виктор Гниненконың Ерсайын Манаев бұл оқиғадан хабарсыз деген уәжіне кәсіпкер Меруерт Қамбарова жақында Ерсайын Манаевпен кездескендігін, оның жанында Әлия есімді прораб болғандығын, «ал базардың ашылу-ашылмауы жөніндегі мәселе бойынша орынбасары Ибрагим деген жігіттен білуге болатындығын айтты» дейді. Сот талқылауы барысында «Гарант» сауда орталығы жанынан орын бөлген «Гаранттың» директоры қызметін уақытша атқарушы Юрий Провальня мен менеджері Оңдасын Жалғасбаевтың аты-жөні жиі ауызға алынды.

«Айдабол» фирмасының өкілі Виктор Гниненко: «Оңдасын Жалғасбаевтың «Гарант» сауда орталығына қатысы болған жоқ. Ол сондағы автотұрақтың иесі болды. Қазір іздеуде жүр» деп хабарлады. Куәгерлер бірнеше қайтара қалалық прокуратураға арызданған соң, қазір Астана қалалық сыбайлас жемқорлық және экономикалық қылмысқа қарсы күрес департаменті аталмыш оқиға бойынша қылмыстық іс қозғағандығын айтты. Қаржы департаментінің тергеушісі Қазбек Нұрғалиев Юрий Провальняның уақытша қамауда отырғандығын, Оңдасын Жалғасбаевқа іздеу жарияланғандығын растады. Кәсіпкер Ерсайын Манаевтың ар-ожданына нұқсан келгендігі жайында талап-арызы дәйектің аздығынан үшінші рет кейінге қалдырылды. Ал, куәгерлердің айтуынша, Юрий Провальня мен Оңдасын Жалғасбаевқа контейнерге орынды жалға алу үшін алдын-ала ақша төлеген адамдар саны үш жүзден асатындығы белгілі болды.
XS
SM
MD
LG