Accessibility links

Қазақстанда Ауғаныстан соғысы арадагерлері қауымдастығы құрылмақшы

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сарапшылардың айтуынша, үстіміздегі жылы өтуі ықтимал президент сайлауының алдында елде түрлі бірлестіктер мен саяси ұйымдардың дүниеге келуі көбейе түседі. Алайда, сейсенбі күні «Ауғаныстан соғысы ардагерлері қауымдастығын» құратындарын және 29 шілдеде осы мақсатты жүзеге асыру үшін, Құрылтай өткізетіндерін мәлімдеген запастағы генерал-майор Сәбит Тауланов, бұл бірлестікті ұйымдастырушылар өз алдына ешқандай да саяси мақсат қойып отырған жоқ деп мәлімдеді.

Өз сөзінде запастағы генерал-майор Сәбит Тауланов жаңа қауымдастықтың құрылуын саяси науқанмен ғана байланыстыруға болмайтындығын атап өтті. Ал, келешекте «Ауғаныстан соғысы ардагерлері қауымдастығымен» бірігіп жұмыс істеуге әзір екендерін хабарлаған, Ауғаныстан соғысы ардагерлері одағының төрағасы Шәріпбай Өтегенов өз сөзінде, алдағы Президент сайлауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа қолдау білдіретінін айтты. Ол мұның себебін басқа елдермен салыстырғанда Қазақстандағы ахуалдың тыныш екендігімен түсіндіреді.

Ал, Ауғаныстан соғысының ардагері Қайрат Тұлғаев болса, құрылғалы отырған қауымдастық ең алдымен әлеуметтік мәселелерді шешумен айналысуы керек деп санайды екен. Оның айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары заң бойынша Ауғаныстан соғысы ардагерлеріне берілетін көптеген жеңілдіктер қарастырылғанымен, іс жүзінде олар әлі орындалмай келеді. «Боевое братство Казахстана» Одағының президенті Виктор Пашевичтің пікірінше, мемлекет кезінде өз Отанын қорғап, қанды қырғынды көріп қайтқан Ауғаныстан ардагерлерінің тағдырын ойлап отырған жоқ.

«Біздің Парламентке немесе Президентке жазған хаттарамыздың бәрі де жауапсыз қалады. Ауғаныстан соғысына қатысқан ардагерлердің арасында жұмыссыз жүргендер де аз емес. Алайда олардың жағдайын ойлап, жұмыспен қамтамасыз етіп жатқан ешкім жоқ», - дейді «Боевое братство Казахстана» Одағының Президенті Виктор Пашевич “Азаттық” радиосына.

Ауғаныстан соғысының тағы бір ардагері Серікбай Баймолдинов жаңадан құрылғалы отырған қауымдастық соғыс кезінде қаза тапқандардың отбасына да көмек көрсетіп отыруы керек деген ойын білдірді. Алматыда 29 шілдеде өткелі отырған Құрылтайда қауымдастықты құру және оның басшылары мен 25 адамнан тұратын орталық комитетін жасақтау көзделіп отыр.
XS
SM
MD
LG