Accessibility links

Баспасөз шолуы. 07.26.2005 ж.

  • Дәнеш ҰЗАҚ

Cейсенбі күні жарық көрген басылымдарда Пәкістанда өлтірілген жандардың қалтасынан Қазақстандық төлқұжаттардың табылуы мен Қазақстанда қой шаруашылығын дамыту мәселелері баяндалыпты.

“Экспресс К” газетінің сейсенбі күнгі санында жарияланған бас мақалада жаұында ғана Пәкістанда үкімет күшімен қарулы қақтығыста өлтірілген, сол елдің ресми орындары лаңкестер деп таныған бір топ жанның қалтасынан Қазақстан азаматының төлқұжатының табылғандығы туралы ақпар әрі қарай дамытылыпты. Мақала авторының жазуынша, Қазақстан төлқұжатына Шешенстанда соғысып жатқан бірқатар шешен жасақтарының командирлері, үлкен қылмыстарға қатысы бар шетел азаматтары да ие екен. Газет тілшісі Г.Матқалиқова өзіне аты-жөнін айтпаған ақпарат бұлағының сөзіне сүйене отырып, ол төлқұжаттардың шетел азаматтары мен лаңкестерге оңай беріле салуының басы 1995 жылы Қазақстанда басталған төлқұжат ауыстыру науқанынан басталады деп жазады. Сол кезде жедел жүргізілген бұл шараның әсерінен қауіпсіздік орындары төлқұжат иелерін толық тексеріп үлгермеді, ал шетелге көшіп кеткен Қазақстан азаматтарының төлқұжаттарының қайда кеткендігін ешкім сұрап жатпады. Ал бұл төлқұжаттар бөтен адамдарға беріліп кетті деп жазады газет тілшісі.

Ал, “Алтын орда” тәуелсіздік апталығы Пәкістан бізден лаңкестерді дайындайтын ел ретінде күманданып отыр, бұған дейін Ресей қазақтарды лаңкес деп атады деп жазады. Аталған мәселеге арналған мақала авторы Ресейдегі Беслан оқиғасынан кейін осы елдің кейбір ресми орындары лаңкестердің ішінде қазақтар бар деп мәлімдегенін, осыдан кейін ресейлік ақпарат құралдарында қазақтар терроршылар деген сыңайдағы мақалалардың жарық көргендігін еске сала отырып, бірнеше қазақ азаматының осы іс бойынша қылмыстық іске тартылғандығын жазады. Тілші өз ойын егер Пәкістанда қаза тапқан жандардың Қазақстан азаматы екендігі анықталса, бұл жолы тағы кімді құрбандыққа шалар екенбіз деп түйіндепті.

Қазақстанда асыл тұқымды қой шаруашылығын дамыту туралы мәселеге “Айқын” газеті бірнеше мақала арнапты. «Асыл тұқымды қошқар - кластерлік жоспар» деп аталатын атаумен берілген мақалалар тізбегінде, Австралия елінен Алматы облысына 219 асыл тұқымды қойдың әкелінгендігі, осы қойлармен жергілікті қойларды будандастыру арқылы асыл тұқымды қой тұқымын алу көзделіп отырғандығы және басты бағыт - жоғары сапалы жүн беретін қой түрін өсіру болып тұрғандығы туралы жазылыпты.

“Егемен Қазақстан” газетінде жарияланған «Биязы жүнге бетбұрыс» деп аталатын мақаланың авторы Айнаш Есалидің жазуынша, Қазақстанда биязы жүнді қой шаруашылығын қалпына келтіру қолға алынып, бұл жобаға Қазақстаннның инвестициялық қоры 12 миллион АҚШ долларын салыпты. Газет тілшісі бүгінде Қазақстандағы 12 миллионға жуық қойдың тек, 7-8 пайызы ғана асыл тұқымды екендігін, алдағы уақытта оның үлесін арттырып, сол арқылы дүниежүзілік саудада қазақ қойының жүнін атақты сауда белгісіне айналдыру көзделіп отыр деп жазады.
XS
SM
MD
LG