Accessibility links

Орал қаласында аштық жариялап жатқандар саны күн сайын көбейіп барады

  • Қатира МАҒДАТҚЫЗЫ

Орал қаласындағы арматурлық зауыттың жатақханасында жексенбіден бастап аштық жариялап жатқан он әйелге шілденің 26-сында тағы да үш адам қосылды. Аштық жариялағандар осы жатақханадағы бөлмелерді өздерінің жеке меншігіне өткізуді талап етіп жатыр. Ал, жатақхананың қожайыны -арматурлық зауыттың басшылығы тұрғындардың бұл әрекеті заңсыз деп отыр.

Шілденің 14-інде Орал қаласындағы арматурлық зауыттың 8 жұмысшысы аштық жариялауын уақытша тоқтатқандығы туралы хабарды «Азаттық» радиосы хабарлаған болатын. Ол жолы арматура зауытының басшылығы және қала әкімі Сағымбек Мұташев сол күні бұл мәселені шешу үшін аштық жариялағандардан бір апта уақыт мұрсат сұраған еді. Енді араға жиырма күн салып он үш адам қайта аштық жариялап жатыр.

«Осындай қадамға баруыма тұрмыстық жағдайымның сын көтермейтіндігі себеп болды», - дейді жалғыз басты ана Күнсұлу Ғабдешева. Оның Оралдағы арматур зауытында жұмыс жасап келе жатқандығына 21 жыл болыпты. Отыз сегіз жастағы ана осы уақытқа шейін баспанасыз екенін айтады.

«Бір ұлым бар - 15 жаста. Осы зауытта 1986 жылдан бері жұмыс жасаймын. Содан бері осы жатақханада тұрып жатырмын» - дейді Күнсұлу.

Күнсұлудың айтуынша, биылғы наурыз айында қалалық әкімшілік, арматур зауытының басшылығы және тұрғындар арасында Оралдағы арматур зауытының жатақханасын жеке қолдарға сату туралы үш жақты келісім-шарт жасалған екен. Алайда, соған қарамастан, зауыт басшылығы тұрғындарға ескертпей, 146 отбасы тұратын тоғыз қабатты жатақхананы несие алу үшін банкке кепілдікке салып қойғанын айтады оған наразы тұрғын. Енді ең құрығанда, банктен өз қаржымызға сатып алуға мүмкіндік бермей отыр, дейді Күнсұлу.

«Біздің басқарма бастығымыз бізге ескертпестен осы жатақхананы толығымен өзінінің иелігіне өткізіп алып, 2004 жылы банкке кепілдікке салып қойды», дейді ол.

Ал, Оралдағы арматур зауытының басқарма төрағасы Андрей Брюханов, әлгі сөз болып отырған үшжақты келісім-шартта қаралған жайттардың барлығы заңға сай орындалып жатыр деп отыр.

«Келісім-шартта жатақхананы кепілдіктен босатып болғаннан соң, тұрғындар біздің қойған талаптарымызды, яғни жатақхана ережелерін сақтайтын және саяси тұрақсыздық туғызбайтын болса, бөлмелерді сатамыз деп көрсеткенбіз. Біз өз тарапымыздан жатақхананы кепілдіктен босатудың амалдарын қарастырып жатырмыз. Ал, тұрғындар болса аштық жариялау арқылы мәселені тез арада шешкісі келеді. Бұл заңсыз әрекет деп есептеймін», деді арматур зауытының басшысы сейсенбі күні «Азаттық» радиосына.

Осы арматур зауытының жатақханасына байланысты мәселемен айналысып жүрген Орал облысы әкімінің орынбасары Аманжол Зейнолла: «Шын мәнінде аталмыш зауыт басшылығының саясаты өзгеріп отыр. Олар енді он жыл жұмыс істегендерге ғана береміз деген уәж айтады. Ал, бұл жатақханада тұратындардың жартысы ғана болады. Ешкім санаған жоқ. Тіпті, одан да аз болуы мүмкін», дейді.

Осы істі қадағалап отырған облыстық прокуратураның прокуроры Ардақ Сейтжановтың мәліметі бойынша, Оралдағы арматур зауытының тарапынан заңға қайшы келетін әрекет болмаған.

«Тек қана барлығы бір мәселеге тіреліп отыр. Кезінде жатақхана банкке кепілдікке қойылған. Содан босатудың амалдары қарастырылып жатыр. Тұрғындар сәл күте тұруы керек. Басқа ештеңе жоқ», деп атап көрсетті прокурор Ардақ Сейтжанов.

Дегенмен, арматур зауыты жатақханасының бөлмелеріне иелік етуге ниетті адамдар аштық жариялдаудан өздерінің бас тартпайтындарын айтады. Жексенбінің кешінен бастап аштық акциясын бастаған 10 адамның қатарына шілденің 26-сы күні тағы үш адам қосылды. «Барлығы он үш әйел аштық жариялап жатыр», дейді наразылық акциясының белсенді топ мүшесі Гүлшат Бапенова.

«Тауы шағылған тұрғындар мұндай қадамға шарасыздықтан барып отыр. Біз кезінде купонға ала алмаған үйді енді ақшамызға алайық деген амалымыз ғой. Бала-шағамызбен далада қалып қоямыз ба? Шындап келгенде, ипотека түгілі микрокредит алуға біздің жалақымыз келмейді. Зауытта істейтіндердің табатыны көп емес», деді Гүлшат апай.

Шілденің 26-күні «Азаттық» радиосы хабарласқан Орал қаласындағы №7 емхана қызметкерлері аштық жариялағандардың денсаулығы жіті бақылауға алынғанын айтты.
XS
SM
MD
LG