Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.27.2005 жыл


Сәрсенбі күнгі жарық көрген басылымдарда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына Қазақстанның бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісалының атынан арыз-шағымның түскендігі айтылыпты. Онда бас мүфти Қазақстан мұсылмандар одағының мемлекеттік тіркеуін заңсыз деп тануын сұрапты. «Наурыз банк» төңірегіндегі дау-дамай да мерзімді басылымдардың баса назар аударған тақырыптарының біріне айналып отыр.

«Айқын» газетінің бірінші бетінде жарық көрген Кәмшат Сәтиеваның мақаласында Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына Қазақстанның бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісалының атынан арыз-шағымның түскендігі айтылыпты. Онда бас мүфти Қазақстан мұсылмандар одағының мемлекеттік тіркеуін заңсыз деп тануын сұрапты. Автор өз мақаласында Әбсаттар қажының, Қазақстан Мұсылмандар Одағы және оның басшысының әрекеттерін заңсыз деп бағалағандығына және осы мәселе төңірегінде туындап жатқан дауға тоқталыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Қазақстан Мұсылмандар Одағының басшысы Мұрат Телібеков Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының қызметін сынап бұқаралық ақпарат құралдарына түрлі мақалалар жариялап тұрған. Осы сөздеріне дәлел ретінде мақала авторы «Мегаполис» газетінде жарық көрген «Ислам исламға қарсы», «Қазақстан мұсылмандар одағының пәтуасы» сынды мақалаларды мысалға келтіріпті. Мақала авторының айтуынша, Қазақстан Мұсылмандар Одағының басшылығында жүрген Нұрым Тайбеков ахмадишы қауымның мүшесі болып табылады. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, бұл ағылшындар мен Пәкістандағы исламға іріткі салу үшін құрылған ағым екен.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған «Мегаполис» апталығы таяуда ғана құрылған Қазақстан Мұсылмандар Одағының басшысы Мұрат Телібековтың Қазақстанның бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі тарапынан айтылып жатқан сындармен келіспей отырғандығын хабарлапты. Мұрат Телібековтың пікірінше, керісінше Қазақстанның бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлінің өзі Қазақстандағы мұсылмандар басқармасының беделіне нұқсан келтірген. Сондай-ақ мақалада Мұрат Телібековтың Қазақстанның бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлінің басқа діни конфессия өкілдерінің арасында ғана емес, сонымен қатар ислам дінінің ішіндегі түрлі ағымдарға қатысты саналы түрде араздық туғызып жатыр деп санайтындығы баяндалыпты. Мақала авторының хабарлауынша, Қазақстан Мұсылмандар Одағының басшысы Мұрат Телібековтың Лондонға кетіп қалғандығына байланысты, осы дау-дамайға қатысты сот отырысы кейінге қалдырылған.

«Наурыз банк» төңірегіндегі дау-дамай да мерзімді басылымдардың баса назар аударған тақырыптарының біріне айналып отыр. Осы мәселеге қатысты түсініктеме берген «Наурыз Банктің» бұрынғы басшысы Оразалы Ержановтың «Время» газетіндегі сұхбатында Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясының президенті Ерлан Атамқұловтың да аты айтылғандығы белгілі. «Литер» газетінің сәрсенбі күнгі санында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының президенті Ерлан Атамқұлов «Время» газетіндегі айтылған мәселелерге қатысты түсініктеме беріпті. Газет тілшісіне берген сұхбатында Ерлан Атамқұлов «Наурыз Банктің» бұрынғы басшысы Оразалы Ержановтың айтқан сөздерінің шындыққа үйлеспейтіндігіне қатысты өз тұрғысынан дәлелдер келтіріпті. Оның айтуынша Оразалы Ержанов келешегі күмәнді әр түрлі компанияларға оңды-солды қарыз үлестіріп, бұл процесс 2003 жылдың басына шейін созылған. Өз сөзінде Ерлан Атамқұлов Оразалы Ержановтың барлық іс-қимылының «Наурыз Банктен» көбірек ақша алып кетуге бағышталғандығы туралы мысалдар келтіріпті. Сондай-ақ Ерлан Атамқұлов газет тілшісіне айтқан сөздерінің бәрін де құжат жүзінде растай алатындығын да тілге тиек етіпті,

«Экспресс К» басылымы болса, Бас Прокуратура жүргізген тексеріс нәтижесінде көптеген ішімдік өнімін өндірушілердің түрлі келеңсіздіктерге жол беріп отырғандығы айтылыпты. Мақалада келтірілілген деректерге жүгінсек, тексеру жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының бас прокуратурасы ішімдік өндірушілерден мыңдаған жалған акциз маркасын тәркілеген.
XS
SM
MD
LG