Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.28.2005 жыл


Экс-министр Алтынбек Сәрсенбайұлы мен «Хабар» агенттігінің соттасуы бейсенбі күнгі жарық көрген тәуелсіз басылымдардың басты назар аударған тақырыбына айналыпты. Экс-министр Алтынбек Сәрсенбайұлы кейбір тәуелсіз басылымдар арқылы мемлекеттік емес құрылтайшылардың телерадикомпанияны дамыту үшін соқыр тиын да салмағандығын, оның есесіне «Хабар» жекшелендірілгеннен кейін оған мемлекет тарапынан 280 миллион теңге бөлініп тұрғандығын хабарлапты.

«Свобода слова» басылымында жарық көрген Гүлжан Ерғалиеваның мақаласында Алтынбек Сәрсенбаевқа қатысты сот процесінің өткендігі және оның барысында «Хабар» агенттігінің беделіне нұқсан келтіргені үшін экс-министрге 1 миллион теңге айыппұл салғандығына байланысты сараптама жасалыныпты. Автор өз мақаласында бұл соттың биліктің тапсырысымен ұйымдастырылғандығы туралы өз ойын білдіріп, оның сталиндік зұлмат заманындағы қолданылған тәсілдерден айырмашылығы болмады деген пікір айтыпты. Мақала авторының айтуынша, сот Алтынбек Сәрсенбаев тарапынан ұсынылған бірде-бір құжатты қарамаған, бірде-бір куәгерден жауап алмаған. Газет тілшісі экс-министр Алтынбек Сәрсенбаевқа қатысты өткен сот процесін алдағы келе жатқан президент сайлауымен байланыстырып, келешекте де билік тарапынан жасалатын репрессиялық тәсілдердің күшейе түсетіндігін айтыпты. Сондай-ақ, автор өз мақаласында соттың «Хабар» агенттігіне Алтынбек Сәрсенбаевтың 1 миллион теңге айыппұл төлеуіне байланысты шығарған шешімінің күшінде қалатындығына ешкімнің де күмәні болмағандығын тілге тиек етіпті. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, сот айыпталушының куәгер ретінде Дариға Назарбаева, Рахат Әлиев, Мұхтар Әлиев және тағы да басқа түрлі кәсіпорындардың ондаған басшыларын шақыруын сұраған өтінішін қанағаттандырмай тастаған. Сондай-ақ сот екі сағат бойы айтқан заңгер Уткиннің де уәждерін есепке алмаған. Газет тілшісінің хабарлауынша, енді Алтынбек Сәрсенбайұлы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына арызданбақшы.

«Время» газетіне берген сұхбатында Алтынбек Сәрсенбайұлы қалалық соттың аудандық сот қабылдаған шешімді өз күшінде қалдыратындығына еш күмәнінің болмағандығын айтыпты. Алтынбек Сәрсенбайұлының айтуынша қалалық сот басқа шешім қабылдаған күнде, «Хабар» агенттігіне миллиондаған теңгені бюджетке қайтарып беруіне тура келер еді. Сондай-ақ Алтынбек Сәрсенбайұлы «Время» газетіне берген сұхбатында мемлекеттік емес құрылтайшылардың телерадиокомпанияны дамыту үшін соқыр тиын да салмағандығын, оның есесіне «Хабар» жекшелендірілгеннен кейін оған мемлекет тарапынан 280 миллион теңге бөлініп тұрғандығын атап өтіпті. Алтынбек Сәрсенбайұлы өз сөзінде оның қолында «КТК» мен «Караванды» қалай тартып алғандығы туралы оның бұрынғы қожайыны Борис Гиллердің, «Русское радио Казахстан» ақпарат құралының басшысы болған Серік Медетбековтың және «Хабар» телерадикомпаниясын құруға ықпал жасаған экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің хаттарының бар екендігінен де хабардар етіпті. Алтынбек Сәрсенбайұлының айтуынша сот Еуропадағы Ынтымақтастық пен Қауіпсіздік ұйымының өткен сайлауға байланысты «Қазақстандағы көптеген бұқаралық ақпарат құралдары бір адамның қолына шоғырланған» деген сыңайдағы есебіне де назар аудармаған.

Ал, «Жас Алаш» басылымына берген сұхбатында Алтынбек Сәрсенбайұлы шілде айында министр қызметіне шақырып, президентпен әңгіме болған кезде сайлаудың әділ өтуін талап ете отырып, «Егер сайлау әділ өтпесе халықтың еркі бұрмаланып, ар-намысы тапталса, онда қызметте бір күн де болмаймын» деп шарт қойғандығын айтыпты. Алтынбек Сәрсенбайұлының айтуынша, Қазақстанның экономикасы тұрақталып, қазба байлықты өндіру жыл сайын көтеріліп, енді сол байлықты халыққа бөліп беретін уақыт жеткен кезде бүгінгі билік өз халқынан теріс айналып отыр. Сондай-ақ, Алтынбек Сәрсенбайұлы өз сөзінде Президентпен ешқандай да араздығының жоқ екендігін, отбасы мүшелерінің іс-әрекеті тым асқынып бара жатқанда ғана оны бетіне айтқандығын, өз отбасы өзіне қарсы шапқан кезде ара түскендігіне тоқталыпты. «Президент басқа жолды таңдап алды. Ол - Қазақстанның қазынасына қол салған олигархтардың мүддесін көздейтін жол. Ал, біз басқа жолды таңдадық», дейді Алтынбек Сәрсенбайұлы «Жас Алаш» басылымына берген сұхбатында.
XS
SM
MD
LG