Accessibility links

Астанаға шетел азаматтарының 80 пайызы жұмыс істеу мақсатымен келеді

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Астанаға шетел азаматтарының 80 пайызы құрылыста жұмыс істеуге немесе сауда жасау мақсатымен келеді. Олардың арасында Қазақстанға келу тәртібін бұзушылар бар. Уақытында тіркелгенімен, кету мерзімін бұзады. Бұл туралы «Азаттық» радиосына Астана қалалық көші-қон полициясы басқармасы төрағасының міндетін атқарушы Борис Колесничков хабарлады. Биылғы жарты жылда Астанаға келген 34223 шет ел азаматы тіркеліпті. Олардың ішінде алыс шетелден виза тәртібімен келгендер – 6 мың 362, ал, Тәуелсіз Мемлекеттер достастығы елдерінен келгендер саны – 27861 адам болған. Биылғы жылдың бірінші жартысында Астанада 1265 шет ел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Ал, ішкі істер министрлігінің көші-қон полициясы департаментінің хабарлауынша, Қазақстанға әсіресе, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтары көп келеді екен.

Астана қалалық көші-қон полициясы басқармасы төрағасының міндетін атқарушы Борис Колесничков:

«Біз прокуратурамен бірлесіп жүрігізіп жатқан жұмысымызда шет ел азаматтарын емес, қабылдаушы тараптың азаматтарын жауапкершілілке тарту бағытын ұстанып отырмыз. Өйткені, біз тіркегенде қабылдаушы жақтың ұсынымына қараймыз. Осы жылдың жартысында 406 Қазақстан азаматы болып табылатын жеке тұлға жауапқа тартылды. Өткен жылдың жартысында бар болғаны 19 жеке тұлға жауапкершілікке тартылған болатын. Ал, заңды тұлғалардан жауапқа тартылғандар саны – 29», - дейді.

Сондай-ақ ол былтыр жарты жылда 567 шет ел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылса, биылғы жарты жылда олардың саны екі есе ұлғайып, 1265 адамға жетіп отырғанын айтты. Б.Колесничков мырзаның айтуына қарағанда, Астанаға келген шет ел азаматтарын тіркеу тәртібі бұрынғы кезбен салыстырғанда қазір едәуір жеңілдетіліпті.

«Мәселен, халықаралық әуежай арқылы келетін азаматтардың құжатына шекарашылар күн белгісін қояды. Бұл тіркеуден өтті деуге негіз болып саналады. Бұдан кейін олар бізде тіркелмейді және 2006 жылдың бірінші қаңтарынан бастап мұндай тіркеу шекара кесіп өтудің барлық пунктерінде болады», - дейді көші-қон полициясының өкілі.

Қазақстан ішкі істер министрлігінің көші-қон полициясы департаменті бастығының орынбасары Балтабек Абылаев қазіргі уақытта Қазақстанға көршілес шетелдерден келушілер көбейіп отырғанын айтады. Ал, Борис Колесничковтың айтуынша, келушілердің 80 пайызға жуығы жұмыс іздеушілер. Бұны Астанаға жұмыс іздеп келдік деген Қырғызстан және Өзбекстан азаматтары жоққа шығармайды.

Ал, Қазақстандағы жұмыссыздық жайы қандай? Бұл сауалға Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің баспасөз хатшысы Айдос Тұрысбековтың берген жауабына сүйенсек, республикада өткен жылға қарағанда жұмыссыздық деңгейі 3 пайызға азайыпты.

«Бірақ, жұмыссыздар қатарында ерлерге қарағанда әйелдердің басымырақ болып отырғаны байқалады», - дейді ол.

Экономист Валентин Макалкин мырзаның сөзіне қарағанда, ТМД елдерінің кейбірінде жұмыссыздық зардабын тартқан азаматтар жұмысты Қазақстан мен Ресейден іздей бастаған.

«Көптеген өзбектер мен қырғыздар және тәжіктер табыс табу үшін Қазақстанға келеді. Егер Алматы облысын айтар болсақ, ондағы қырғыздар құл секілді жұмыс істейді», - дейді В.Макалкин.

Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінде Қазақстанда жұмыс істейтін шет ел азаматтары көбейіп отырғаны айтылған. Министрлік бұны Қазақстан экономикасының өсуімен байланыстырады. Министрліктің мәліметі бойынша қазіргі таңда Қазақстан аумағында жұмыс істейтін шет ел азаматтарының жалпы саны 15086 адам деп көрсетілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6260 адамға көп көрсеткіш екен. Шет ел азаматтары жұмысқа тартылған ұйымдарда 258 мың Қазақстан азаматының еңбек ететіні мәлім болып отыр. Ал, осы жылдың жартысында Қазақстаннан сыртқа жұмыс іздеп кеткендер саны 423, олардың 341 Ресейге, ал 82-і Оңтүстік Кореяға жол тартыпты.
XS
SM
MD
LG