Accessibility links

Қостанай облысының сегіз ауданындағы 740 мың гектар бидай алқабына күйе түcуіне байланысты төтенше жағдай қалыптасып отыр

  • Ескендір ЕРТАЙ

Қазақстанның ең астықты аймақтарының бірі - Қостанай облысының сегіз ауданында төтенше жағдай қалыптасып отыр. Егін алқаптарының өсімдік ауруына шалдығуынан биылғы өнімнің 30 пайызы жарамсыз болып қалуы мүмкін дейді мамандар.

Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің өсімдіктерді қорғау жөніндегі Қостанай облыстық және аумақтық басқармасының бастығы Болат Мейірмановтың айтуынша, Қостанай облысының сегіз ауданындағы 740 мың гектар бидай алқабы өсімдіктің күйе немесе көгістену (ржавщина) ауруына шалдыққаны анықталған. Соған орай облыс әкімі Сергей Кулагин облыс аумағында төтенше жағдай жариялады. Тың ғылыми-зерттеу институтының агрономы Сәбит Әбдірахмановтың айтуынша, бидай өсіру кезінде агротехникалық шаралар мен химиялық дәрілеу жұмыстарының уақытында атқарылмауы салдарынан бидайдың сабағына күйе түсу ауруы қалыптасады. «Бірақ, мұндай көлемде орын алуы тұңғыш рет байқалып отыр», дейді маман.

Бараев атындағы астық және астық өнімдерінің ғылыми-тәжірибелік институтының директоры, техника ғылымдарының докторы Әбдіманап Оспановта бұған дейін Қазақстан аумағында ірі көлемдегі бидайдың күйе түсуіне шалдығуы кездеспегендігін айтып отыр. Осы институттағы зертхана мамандары, мұндай ауруға ұшыраған дақылдың залалсыздығын зерттеп алған соң ғана мал азығы ретінде пайдалануға болады деп пайымдайды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өсімдіктерді қорғау жөніндегі Қостанай облыстық және аумақтық басқармасының бастығы Болат Мейірмановтың айтуынша, облыс аумағындағы 540 мың гектардың бидайына әлі дәрі-дәрмек себілуі қажет. Бірақ оған оған облыстың өз күші жетпей отыр. Оның сыртында бидайдың ауруы жылдам қарқынмен кең ауқымда таралуы зерттеліп жатыр. Оның вирустары батыс облыстардағы күздік дақылдардан ауа арқылы келуі мүмкін деген болжам бар.

Ал, Бараев атындағы астық және астық өнімдерінің ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Гүлбану Сәрсенбаева «бидайға күйе түсуі зең ауруына ұласса, ол дақылды элеватор да қабылдамайды және оны мал азығы ретінде пайдалануға да болмайды» дегенді айтады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Егіншілік департаментінің мониторингілік бақылау басқармасының бастығы Акбар Мәуленовтің айтуынша, биылғы жылы республикадағы бидайдың төрттен бір бөлігін Қостанай өңірі өндірмек.

«Оның 25 пайызға жуығы бидай зеңі немесе күйе түсу ауруына шалдықса, элиталық дақылдың болашағына да қауіп төніп тұр. Биылғы егін орағын бастаған оңтүстіктегі төрт облыс пен Батыс Қазақстан және Павлодар облысын қосып есептегендегі өнімі Қостанай өңірінің өнімімен шамалас болады», - дейді Акбар Мәуленов.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің өсімдіктерді қорғау жөніндегі Қостанай облыстық аумақтық басқармасының бастығы Болат Мейірмановтың айтуынша, шұғыл түрде дәрі-дәрмек шашып, өзгеде алдын-алу шаралары жасалуға тиіс аумақтың өзі қазір 341 мың гектарды құрап отыр екен.
XS
SM
MD
LG