Accessibility links

Өзбек журналисті Ризаходжа Обидов: «Мен бір өлеңім үшін биліктен қуғын көрдім»


Өзбек журналисті әрі ақыны Ризаходжа Обидов өзін Өзбекстан үкіметі Әндіжан оқиғасына байланысты қуғындағанын айтады. Қазір Отанынан бас сауғалап кетуге мәжбүр болған Ризаходжа “Азаттық” радиосына берген сұхбатында, өз еліндегі биліктің қырына ілігуіне себеп болған бір өлеңнің тарихы туралы баяндайды.

Халықаралық ұйымдардан босқын мәртебесін сұрап өтініш берген журналист-ақын Ризаходжа Обидов Өзбекстанның Наманган қаласында тұрған. Биылғы жылы мамыр айында Әндіжанда болған қанды оқиғадан кейін оны өзбек сақшылары мен қауіпсіздік орындары тергей бастаған соң, амалсыз Қазақстанға кетуге мәжбүр болғанын айтады:

«Маусымның 25-і күні түнгі сағат 1 жарымда үйіме бір топ полиция қызметкерлері кіріп келіп, мені Наманган қаласының ішкі істер басқармасына алып барды. Онда бір күн ұстап, біраз тергеді де босатып қоя берді. Кейін шілденің 5-і күні қайтадан үйден алып кетті де, 3 күн қамап қойды. Сол жерде Наманган қалалық ішкі істер басқармасының бас тергеушісінің орынбасары Назаров маған Наманган қаласы прокурорының Өзбекстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 158-ші бабы, яғни «Өзбекстан президентінің ар-ұжданына кір келтіру» ісі бойынша менің үстімнен қылмыстық іс қозғағандығын мәлім етті».

Бұл бап бойынша жауапқа тартылғандар Өзбекстанда 6 айдан 5 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айырылады екен. Сонда, журналист Ризаходжа Обидовтың үстінен қылмыстық іс қозғауға не себеп болған еді? Бәрі оның халықаралық «Азаттық» радиосының өзбек редакциясына маусымның 4-і күні оқыған өлеңінен басталыпты. Автор бұл өлеңді Әндіжан оқиғасы кезінде қаза тапқандарға арнаған едім дейді:

«Өзбекстандағы ресми билік «Азаттық» радиосынан таралған өлеңімнен кейін, халықтың шындыққа көзі ашылып, Әндіжандағы қырғынға биліктің тікелей кінәлі екендігі білініп қалады деп қорқып, мені соттап немесе көзімді жоймақшы болды деп ойлаймын».

Ішкі істер қызметкерлерінен кейін өзбек ақын-журналисінің ісін Өзбекстанның Ұлттық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері қараған екен.

«Олар маған, Өзбекстанның тарихында бірінші рет адамды өлең жазғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартып отырмыз деді. 1937-ші жылы бір өзбек ақыны өлеңі үшін жазаға ұшырап кеткен еді, 2005-ші жылы Өзбекстанда сол репрессия заманы қайта орнаған тәрізді. Менің қорғаушым маған «сені 5 жылға дейін соттауы мүмкін» деген соң, амалын тауып мен Қазақстанға кеттім», - дейді өзбек ақыны.

Алайда, автор “Әндіжаннама” деп атаған әлгі өлеңде президент Ислам Кәрімовтың атына тікелей айтылған бір де бір сөз жоқ екенін атап айтады. Бұған біз осы өлеңнің түп-нұсқасымен танысып шығып, көз жеткіздік. Бұл өлеңнің бір шумағын радиомыздың тыңдарманына ұсынуды жөн көрдік. Еркін аударма болғанымен, өлеңнің бар мазмұны сақталды.

«Әндіжанда төгілген қан кімге керек, қарағым? Кім еді ол, басын жұтқан ана менен баланың, Кім еді ол, қыршын жанға қорғасын оқ жаудырған Қанды қолдың «пәкпін» деген сөзіне қалай нанамын?»

Міне, осы өлең жолдарының авторы Ризаходжа Обидов Өзбекстан тәуелсіздік алған 1990-шы жылдардың басында елдегі ең алғашқы тәуелсіз “Истиқлол” (қазақ тіліне аударғанда - “Тәуелсіздік” деген мағына береді) деп аталатын газетін шығарған екен. Жарыққа бар болғаны екі-ақ саны шыққан соң ресми билік тарапынан жабылып қалған сол газеттің шығарушысы Өзбекстандағы қуғындау мен жазалау саясаты сол 1990-шы жылдарда-ақ басталған дейді.

«Әндіжанға дейін де соңғы 14-15 жылдың ішінде үкімет пен халықтың арасында қақтығыстар болып келді. Оны көпшіліктен, әлемдік қауымдастықтан жасыру үшін, билік “Хизб ут-Тахрир”, “Акромия” сынды ұйымдарды ойлап тапты. Шындап келгенде, бұл ұйымдарды ресми билік өзі қолдан жасады. Сөйтіп, “исламшылармен күрес” дегенді желеу етіп, өзгеше ойлайтындарды жазалады. Қазір билік жазалаудың жаңа кампаниясын бастады. Мен оны “ақындар кампаниясы” деп атадым».

Журналист әрі ақын Ризаходжа Обидовты қазір БҰҰ босқындар жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының Қазақстандағы өкілдігі өз қамқорлығына алып отыр. Ал бұған дейін осы халықаралық ұйымының қамқорлығында болған тағы бір өзбек босқыны – Лутфулло Шамсуддиновты Қазақстанның заң орындары Өзбекстандық әріптестерінің сұрауы бойынша ұстап, шілденің 4-і күні Алматы қаласындағы уақытша қамау абақтысына отырғызды. Тек БҰҰ және өзге де халықаралық Адам құқығын қорғаушы ұйымдардың араласуынан соң, қазақстандық полиция бірнеше күн қамауда отырған Шамсуддиновты қоя берген болатын. Л.Шамсуддинов пен Р.Обидов секілді өз елінде биліктің кәрінен бой тасалып, көршілес Қазақстан аумағына пана іздеп келген өзбек босқындары туралы өзге деректер ашық айтылмайды. БҰҰ-ның Алматыдағы орталығының қызметкерлері мұндай сауалға белгілі бір себептермен жауап бере алмайтындарын жеткізді.

Ал бұл уақытта, БҰҰ өзбек босқындарын Қырғызстанның Жалалабад және Ош қаласынан Бішкекке ұшақпен тасмалдауға кірісті. Босқындар одан соң басқа елге әкетіледі деп хабарланды. Шілденің 28-күні Бухаресте Румыния президенті Траян Басеску өз елі осы кезге дейін Қырғызстанды паналап келген өзбек босқындарына уақытша баспана беретінін мәлімдеді.

Әндіжанда мамыр айында үкімет әскері бейбіт шеруді қарумен басқан соң бірнеше жүз адам жан сауғалап, Қырғызстанға босып кеткен-ді. Адам құқығын қорғайтын ұйымдар, мамыр айында Әндіжандағы қанды қырғын кезінде өзбек қауіпсіздік күштерінің атқан оғынан жүздеген бейбіт адам қаза болғанын айтып келеді. Ал, халықаралық қауымдастық Әндіжан оқиғасын шетелдік сарапшылар және журналистердің қатысуымен тәуелсіз зерттеуге шақырғанымен, Өзбекстан үкіметі оған келіспеді. Бұл үшін АҚШ бастаған батыс елдерінен сын естіген Өзбек билігіне Ресей және Қытай басшылықтары қолдау танытты.
XS
SM
MD
LG