Accessibility links

Қостанай дизель зауыты «Қазақстанда жасалған» таңбасымен «Енисей -950» комбайнын жинап шығара бастайды

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

2010 жылға дейін зауыт 500-ге жуық комбайн және 220-дай «ВТ-150» жаңа өндірістік қуатты волгоградтық тракторын жинап шығармақ екен. Бұл туралы шілденің 29-ында Астанада «ҚазАгроҚаржы» және «Агромашхолдинг» акционерлік қоғамдарының басшылары қызметтестік жөніндегі бас серіктестік Келісіміне қол қою рәсімінде мәлім етті. Олардың айтуынша, тамыздың екісінде Қостанай дизель зауытында «Қазақстанда жасалған» деген таңбамен шыққан комбайнның тұсау кесер рәсімі өтпек. Алайда, «Қазақстан фермерлер Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақмола облысы бойынша бөлімшесі шаруалардың ауылшаруашылық техникаларына мұқтаждық тартып отырғанын,ал сатып алуға бағасының шарықтап тұрғанын айтып отыр.

«ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ибрагим Тагашевтің айтуынша, бұл акционерлік қоғам Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы техникасына қаржы лизинг бойынша бес жылдан бері жұмыс істейді. Ал, «Агромашхолдинг» акционерлік қоғамымен койылған келісім Қостанай дизель зауытының өнімдерін, оның ішінде «Енисей» комбайындарын және осы зауытта өндіріліп жатқан Волгоград тракторларын рынокқы шығаруды дамытуды көздейтіні аталып отыр.

Ибрагим Тагашев «Агромашхолдинг» акционерлік қоғамының Қостанай дизель зауытындағы «Енисей» комбайнын және «ВТ-150» тракторын жинаудағы барлық бастамаларына қолдау жасаймыз. Біз оларды лизингке аламыз. Аталған зауытта жиналған техникалар Ресей техникаларынан кем түспейді және ауылшаруашылығы техинкасында лизинг нарығының дамуына ықпал етеді деп үміттенеміз», дейді.

Ал, «Агромашхолдинг» акционерлік қоғамының президенті Петр Талис «өндірістің ұлғаюына қарай жұмыс қарқыны да артпақ. 2010 жылға дейін Қостанай зауытында біз 450-500 шамасында «Енисей» комбайнын және 200-220-дай «ВТ-150» тракторын жинауымыз керек» дейді.

Петр Талистың айтуынша, 2006 жылдан бастап 250 комбайн жиналуы қажет. «Қазақстан Фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақмола облысы бойынша бөлімшесінің бастығы, «Дарин» шаруа қожалығының төрағасы Әуезхан Даринов «Ақмола облысы бойынша 16369 комбайн керек болса, бүгінгі күні 5 мыңнан аса комбайн жетпей отыр» дейді. Ә.Даринов мырза техника жетіспеуін оның бағасының қымбаттылығымен байланыстырады. Ал, «Агромашхолдинг» акционерлік қоғамының президенті Петр Талис өндірілетін өнімнің сапа жағынан және Ресейде жасалатын техника бағасынан ешқандай да жоғары болдырмау үшін барлығын жасаймыз дейді.

Парламент Мәжілісінің депутаты Амангелді Айталы ауыл жылдарында ауыл шаруашылығына көмек болғанын, бірақ, оның мардымсыз екенін айтады. «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы республиканың барлық ауыл шаруашылығына 38 миллиард теңгеден аса инвестиция салыпты.
XS
SM
MD
LG