Accessibility links

«Азия дауысы» ән байқауының болашағы бұлыңғыр

  • Қатира МАҒДАТҚЫЗЫ

Биыл Қазақстанда халықаралық «Азия дауысы» байқауы өтпейтін болды. Бұл жөнінде «Азаттық» радиосының тілшісіне осы байқаудың баспасөз хатшысы Ботагөз Алдоңғарова айтты. Өткен аптаның соңында Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов «15 жылдың ішінде бұл конкурс өзін-өзі ақтайтын дәрежеге жетуі керек. Сондықтан, биыл қала бюджетінен бұл фестивальға қаржы қарастырылмаған» деген болатын.

Халықаралық «Азия дауысы» байқауының баспасөз хатшысы Ботагоз Алдоңғарова тамыздың 1-күні «Азаттық» радиосының сұрағына орай, фестивальдің биылғы жылы өтпейтіндігін және аталмыш байқаудың бас продюссері Мұрат Ерғалиев бұл жөнінде әзірше сұхбат бермейтіндігін айтты.

«Ол ешқандай комментарий жасамайды. Ол баспасөз маслихатын өткізуге дайындалып жатыр. Бұл жөнінде шешім қабылдаған тек әкімшілік болғандықтан, солар жауап береді», - деді Ботагөз Алдоңғарова дүйсенбі күні.

Қазір Алматы жұрты арасында бұл байқаудың алдағы тағдыры туралы алыпқашпа сөздер айтылып жатыр. Оның үстіне, шілденің 30-күні Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетов байқауға қатысты баспасөз құралдары қойған сұраққа берген жауабында «он бес жылдың ішінде «Азия дауысы» байқауы өзін-өзі ақтайтын дәрежеге жетіп, бюджеттен тыс қаржы табу мәселесін өз бетінше шешуге болатын еді. Әрі биылғы жылы қала бюджетінен «Азия дауысын» өткізуге қаржы қарастырылмаған» деген пікірін білдіргеннен соң, байқау енді өтпейтін болыпты деген әңгіме одан сайын күшей түсті. Алайда, Алматы қалалық мәдениет департаментінің директоры Қыдырәлі Болманов мұны жоққа шығарып отыр.

«Оны көп сөзге айналдырудың керегі жоқ. «Азия дауысының» он төрт жылы тек демеушілердің көмегімен өткен. Оған бюджеттен ешқандай ақша бөлінген емес», - деді ол «Азаттық» радиосына.

Сонымен қатар, Қыдырәлі Болманов қалалық әкімшілік «Азия дауысы» ән фестивалі биылғы жылы өтпейді деп үзілді-кесілді шешім шығармағанын айтты.

«Егер демеушілер табылып жатса, біз қолымыздан келгенше көмектесеміз, дедік. Өткізсе, біз қарсылық танытып жатқан жоқпыз», - дейді Қыдырәлі Болманов.

Ал, өткен жылдарда «Азия дауысы» фестиваліне қатысқандардың бірі, бүгінде қазақстандық эстрада жұлдызы Мерует Түсіпбаева аталмыш байқау Қазақстанның өнер саласына бәлендей үлес қосқан жоқ деп отыр.

«Кеше ғана Ресейден көрсетіп жатыр - «Новая волна» байқауында Алла Пугачева елу мың доллар қаржылай көмек көрсетті. Ал, «Азия дауысына» ауылдан ақшасы жоқ талантты бала келсе, оған көмек болады деп айта алмаймын», - деді Меруерт Түсіпбаева.

Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева көрермен және әнші ретінде «Азия дауысына» былайша баға берді:

«Жалпы, «Азия дауысының» қоғамда алатын орны шамалы. «Новая волнаны» Ресейде қалай өтіп жатқанын көріп жатырмыз ғой. Сондай трансляция жоқ ешқандай. Менің көрермен ретіндегі пікірім осындай, - деді ол.

Алматылық он сегіз жасар Еркем Шұқыбасова «Азия дауысын» теледидар арқылы үзбей көріп келген көрерменнің бірі. Болашақта әнші болғанды армандап жүрген Еркем, «Азия дауысының» билығы жылы өтпей қалу қаупі бар деген жаңалыққа риза емес:

«Биыл өтпейтіндігіне мен қарсымын. Өйткені, біз соны жыл сайын тосып жүреміз. Биылғы жастар шығу керек қой. Біз демалуымыз үшін де керек. Біз сахнадағы өзге әншілердің кемшілігіне қарап, өзіміздегі кемшілікті жоюымыз керек».

«Азия дауысы» халықаралық ән фестивалі Қазақстанда 1990 жылдан бері өтіп келеді. Осы уақыт аралығында бұл байқауға Қазақстанның және алыс, жақын шетелдердің жас әншілері қатысты. Қазақстанның өнері мен әншілерін әлемге танымал ету мақсатында құрылған байқауды жыл сайын Алматыдағы «Медеу» мұз айдында өткізу дәстүрге айналған. Соңғы жылдары шетелдік қатысушыларға қазақ әндерін өз тілдерінде және түпнұсқасы бойынша айтқызу талабы қойылған болатын.
XS
SM
MD
LG