Accessibility links

АҚШ президенті Қазақстан басшысын елін демократиялық батыл реформалармен бекіте түсуге шақырды

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстан президентінің баспасөз қызметі Нұрсұлтан Назарбаевтың атына АҚШ президенті Джордж Буштан хат келгенін мәлімдеді. Онда президент Джордж Буш екі елдің арасындағы стратегиялық қарым-қатынастың маңызы зор екенін айта келіп, Қазақстан президентіне Д.Буш «егер президент сайлауына түсуге бел байласаңыз халықаралық талаптарға сай келетін еркін және әділ президенттік сайлау өткізу арқылы ілгерілуіңізге болады», - деген. АҚШ президентінің бұл хатына қазақстандық саясаткерлер әртүрлі пікір білдіруде.

Қазақстан президентінің баспасөз қызметкері Ләззат Танысбай АҚШ президенті Джордж Буштан президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына хат келгенін растады. Ол жазылғандай, АҚШ президенті Джорд Буш Қазақстан басшысына «экономикалық реформаны тепе-тең дәрежеде Қазақстандағы демократиялық батыл реформалармен бекіте түсуді қамтамасыз етудің шараларын қолға алуға шақырамын», - деген. Сонымен бірге америка президенті Джордж Буш «егер президенттік мерзімге дауысқа түсуге бел байласаңыз, халықаралық стандаттартарға сай келетін еркін және әділ президенттік сайлау өткізу арқылы ілгерілеуіңізге болады», - деген мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған хатында. Ол хатта «аймақтағы соңғы оқиғалар теңдестірілген экономикалық өсімнің, басшылық жауапкершілігінің және демократияны дамытудың маңыздылығын көрсетеді», - делінген.

АҚШ президентінің жоғарыдағы хатына Қазақстандағы демократиялық күштердің атынан президенттік сайлауға үміткер Жармахан Тұяқбай америка басшысы әдептілікті сақтай отырып, Қазақстан президентіне жолдап отырған ескерту хаты деп түсінетіндігін айтты:

«АҚШ президенті дипломатиялық әдептілікті сақтай отырып, ел басшысына алда өтетін президент сайлауын әділ өткізуін талап етіп отырғаны деп түсінуге болады», - дейді Жармахан Тұяқбай.

Бұрынғы Мәжіліс төрағасы, қазіргі оппозиция топ басшысы Жармахан Айтбайұлы үстіміздегі жылдың көктем мезгілінде АҚШ-қа барған сапары кезінде Қазақстандағы саяси жағдайдан ол елдің басшылары толық хабардар болған дейді:

«Қазақстанның демократиядан бас тартып, авторитарлық режимге қарай қадам бастып жатқаны жайында толық хабардар екендігіне менің толық көзім жеткен», - дейді ол.

Ал қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары бетінде өзінің президенттік сайлауға түсуі мүмкін екендігін жоққа шығармай жүрген «Ақ жол» партиясының жетекшісі Әлихан Бәйменов Джодж Буштың хатынан олардың қазіргі президенттің қайта сайлауға түсуіне қарсы еместігін түсінуге болады дейді. Сонымен қатар Әлихан Мұхаммедияұлы АҚШ саясаты сайлауда жеңіп шыққан кіммен болсын жұмыс істеуге дайын екендігін көрсетіп тұр дейді.

Бірақ бұрынғы Мәжіліс депутаты Серікбай Әлібаев АҚШ президентінің хатынан биліктің нәтиже шығара қоюы екіталай деген ойын жоққа шығармайды. Өйткені ол өздеріне қарсы қысымның көп екендігін айтады. Соған қарамастан саясаткер Серікбай Әлібаев АҚШ президентінің хатынан үміт күтеді. Ал президенттікке үміткер Жармахан Тұяқбай Америка Құрама Штаттары бұдан әрі қарай да демократиялық принциптердің жүзеге асуын қатты қадағалайтын болады дейді.

Америка Құрама Штаттары – Қазақстанның ірі сауда әріптесі және қазақстандық экономиканың ірі инвесторы. Қазақстан экономикасына тартылған тікелей инвесторлардың үштен бірі яғни 8 млрд. доллардан астамы американдық болып табылады.
XS
SM
MD
LG