Accessibility links

Ізімхан Баянова: «Арманым – бөтен елдің емес, өз елімнің көшесін сыпыру...»


Түркіменстандағы 4 мыңға жуық қазақ тұратын Түркіменбашы қаласындағы №3-ші орта мектептің бұрынғы директоры, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы Ізімхан Баянова өз мектебінде қазақ тілінің сақталуы үшін бірнеше мәрте сот орындарына жүгініп, Түркіменстан президентіне дейін хат жолдаған. Қазір Түркіменстанда тек сол №3-ші мектепте ғана қазақ тілі пәні әлі күнге дейін оқытылады. Ал қазақ тілі мұғалімі Ізімхан Баянова болса, өз қаласының көше сыпырушысына айналған. «Ендігі тілегім – ең құрығында бөтен елдің емес, өз елімнің көшесін сыпырсам», - дейді 1-ші дәрежелі мұғалім. Алайда, әзірге оның Қазақстанға көшіп келуге жасаған әрекеттері сәтсіз аяқталыпты.

Ізімхан Баянова, өз айтуынша, Түркіменстанда 25 жыл қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген 1-ші дәрежелі мұғалім. 1997-ші жылы Түркіменбашы қаласындағы өзі директор болып істейтін, 1200 бала оқып жатқан №3-ші қазақ орта мектебінің зәулім ғимаратын басқа түркімен мектебіне беру туралы бұйрық шығады. Бұл шешімге қарсы шыққан мұғалім ақыры өз қызметінен айырылғанын баяндайды:

«Бұл - 1937-ші жылы қазақтардың қолымен салынған қазақ мектебі болатын. Оның 60 жылдық тойын тойладық . Мен оны түркімен мектебінен айырбастай алмаймын деп, мектебімді бермедім. Содан кейін барлығы менің ізіме түсіп, мектеп директоры қызметінен босатты».

Содан кейін бұрынғы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі енді психологиядан сабақ бере бастайды. Ал 2002-ші жылы енді 700-ге жуық қазақ баласы оқитын мектепте қазақ тілі оқытылмай, тек қана түркімен сыныптарына оқушы қабылдайды деген әңгіме шықты дейді Ізімхан Баянова:

«Түркіменстанда тек қана мемлекеттік тілдегі мектеп болсын деп Білім министрлігіне айтыпты. Қазақ тілінде сөйлеген мұғалімдер жұмыстан босатылады деді».

Сол жолы Түркіменстандағы барлық дерлік қазақ тілді мектептер жабылады. Ал, мұғалім І.Баянованың облыстық білім басқарамасы мен Білім министрлігіне жазған шағымдарынан кейін Түркіменбашыдағы №3-ші мектеп қазақ тілін оқытатын республикадағы жалғыз мектепке айналады. Алайда, іс мұнымен де бітпейді.

«Мектептің жаңа басшылығы онда жұмыс істейтін барлық мұғалімдердің атынан «қазақ мектебінінің толық түркімен тіліне көшуіне қарсы емеспіз» деген сарында жазылған хатқа қолдарын қойдырып, білім министрілігіне жолдайды. Соның негізінде қалалық білім басқармасы №3-ші мектепті 2003-ші жылдан түркімен мектебіне айналдыру туралы шешімін шығарды», - дейді ұстаз.

Ал, сол жердегі қазақ балаларына өз ана тілінде білім беріп келген мұғалімге енді түркімен тілінен дәріс беру ұсынылады. Оның қазақ тілін қалпына келтіру бойынша облыстық білім басқармасы, білім министрлігі, бас прокуратурға жазған арыздары қанағаттандырылмайды. Ең соңында ол Түркіменстан президенті Сапармұрат Ниязовқа хат жолдауға тәуекел еткенін айтады:

«Содан кейін мені қалалық білім беру басқармасының бастығына алып барды. Онда ол, білім министрі Салихановтың атынан өтініш, кешірім сұраймыз. Біз жаңылыс жасаған екенбіз. Сіздің президентке жазған хатыңыздан кейін қазақ тіліне қатысты кеткен ағаттық түзеледі, ертеңнен бастап қайтадан қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бересіз, деді».

Ақыры жеңіске жеткендей көрінген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мектеп бітірушілер емтихан тапсыратын кезде білім басқармасының ұсынған шығарма тақырыптарында қазақ әдебиетінен бірде-бір тақырыптың болмағанынан наразылық ретінде оларды тақтаға жазудан бас тартады:

«Ондағы бірінші тақырыбы – «Түркіменстанның қаһарманы – Құрбансұлтан әже», яғни, Түркіменстан президентінің анасы туралы. Екіншісі – «Рухнама», үшінші – Махтымқұл туралы. Мен оларға бұл тақырыптарды жазбаймын. Себебі, менің пәніме тиісті тақырып емес дедім».

Сол жолы үшінші тақырып ретінде Сұлтанмахмұт шығармалары емтиханға кіргенімен, Ізімхан Баянованың өзі «ұлтшыл» деген айыппен жұмыстан шығарылады:

«Мен сабақ беретін қазақ тілі кабинетінде Қазақстан президентінің суреті тұр, Қазақстанның әнұраны, символикасы тұр, Қазақстан картасы ілініп қойылғанын атап айтып, мұны біз ешқашан Түркіменстанда мектепке келмейтіндей етіп жұмыстан босатамыз деп, маған қатысты бұйрықты оқып берді».

Содан бері қазақ тілінің мұғалімі кезінде өзі мектеп директоры болған қаланың көшесін сыпырады. Ал Қазақстанға көшіп бару туралы тілегі де қабыл болмай, жазған өтініштеріне көші-қон орындарынан мардымды жауап ала алмайды:

«Өтініш жазып, 2 жыл оған жауап күттім. Жақында жауап келгенде қатты қуандым. Бірақ, ол мені Қазақстанға 3 айға ғана қонаққа шақырған қағаз екен... Неге деп сұрасам, Сыртқы істер министрілігіне хабарлас дейді. Түркіменстанда көрген шырғалаң шырғалаң ба, енді мына кісілерден осындай қорлық көріп жүрмін. Қазір өзім бұл жерде көше сыпырып жүрмін. Арманым – Қазақстанға қоныс аудару. Ең құрығанда, өз елімнің көшесін сыпырайын».

Бұл мәселеге байланысты Қазақстан Республикасы көші-қон агенттігінің көші-қон бойынша комитетіне хабараласқанымызда, өз аты-жөнін айтудан бас тартқан қызметкер алдымен ол кісі өз күшімен Қазақстанға көшіп келсін, содан кейін ғана оған көмектесу мәселесін арнайы комиссия қарайды деген жауап берді:

«Бірінші, бізге өтініш жазып, онда, мәселен, Алматы облысы деп көрсетеді. Оны біз Алматы көші-қон бөліміне жібереміз. Сосын олар өздерінің комиссия отырысын өткізеді. Сонда олар оның өтініш қанағаттандыра ма, қанағаттандырмай ма - соны шешеді. Ол үшін алдымен осында көшіп келіп, тіркеуге (пропискаға) отыруы керек».

Бүгінде Түркіменстанда жалғыз мүгедек шешесімен қалған, көше сыпырып тіршілік кешкен бұрынғы қазақ тілі мұғалімі өз күшімен Қазақстанға қалай көшіп келмек? Мұндай жағдайда тағы бір жол бар екендігін айтады Көші-қон агенттігінің бұрынғы төрайымы Алтыншаш Жағанова:

«Президентке өтініш-хат жазсын. Ол президентке тіпті, жетпей-ақ қойсын, бірақ, аппараттағылар оны көші-қон агенттігіне жібереді. Ал егер мүлдем жетпесе... Қайта-қайта жазса, жетеді ғой».
XS
SM
MD
LG