Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.02.2005 жыл.

  • Дәнеш ҰЗАҚ

Сейсенбі күні жарық көрген басылымдарда алда болатын Қазақстан парламентінің жоғарғы палатасы сенат депутаттарын сайлау науқаны сөз болыпты.

Республикалық “Егемен Қазақстан” газетінде жарияланған “Сенатқа көп адамның бар таласы...” деп аталған мақалада, тамыздың 19-да өтетін Сенат сайлауына тіркелген үміткерлер туралы мәлімет беріліпті. Газет тілшісі сенаторлыққа кандидат ретінде 78 адамның тіркелгенін, оның 65-і ер адам екендігін жазады. Мақалада жазылғандай, бұрынғы сенаторлардың 13-і қайта сайлауға түсуге бел буыпты, сондай-ақ ең көп үміткер Алматы қаласында тіркеліпті, мұндағы үміткерлердің саны 12. Партиялық құрамы жағынан “Отан” республикалық саяси партиясы 32 мүшесімен алдыңға орында тұр, одан кейінгі орында екі мүшесімен “Асар” және “Азаматтық” партиялар деп түйіндейді газет тілшісі.

Ал “Жас Алаш” газетінің тілшісі Ерік Рахым сенат сайлауына арналған мақаласында сайлауға “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының атынан түскелі отырған сенатор Зәуреш Батталоваға қарсы жасалып жатқан кедергілердің барлығын, сонымен қатар сенатор Уәлихан Қайсаровтың осындай қарсылықтарға тап болып, өзінің кандидатурасын алғызып тастағандығын жазады. Газет тілшісімен тілдескен сенатор Уәлихан Қайсаров өз кандидатурасын туған-туысына билік тарапынан қоқан-лоққы жасалып жатқандықтан және алдағы президент сайлауына түссем бе деп ойлап жүргендіктен алып тастағанын жеткізіпті.

“Алтын Орда” апталығында жарияланған “Кім сенатор болады?” деп аталған мақаланың авторы Дүйсенбек Айбеков сайлауға түсуге бел шешкен үміткерлердіңмүмкіндіктерін саралапты. Мақала авторы Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Талғатбек Абайділдиннің, сенаттың вице-спикері Өмірбек Байгелдінің, Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Ишановтардың сенатор болу мүмкінідігі жоғары дейді. Сайлау әділ өткен жағдайда жеңіліс табатын Өмірбек Байгелді Жамбыл облысының әкімі Жексембин мен сенат төрағасы Нұртай Әбіқаевтың арқасында бұл жолы да өтіп кетеді дейді мақала авторы. Ал сенатор Зәуреш Батталоваға қатысты ойын тілші, жоғарғы билік пен министрліктегілердің басын әңкі-тәңкі қылатын мұндай депутатты Шығыс Қазақстан облысының басшысы Виктор Храпунов өткізіп жібере қоймас деп түйіндепті.
XS
SM
MD
LG