Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.03.2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді басылымдарда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа АҚШ президенті Джордж Буштың атынан хаттың келіп түскендігіне байланысты сараптамалық мақалалар жарық көріпті. Кейбір басылымдар Америка Құрама Штатының президенті Джордж Буш Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа осындай мағынадағы хат жазуы арқылы Қазақстанның аса маңызды стратегиялық әріптес екендігін аңғартты және алдағы президенттік сайлауда оған қолдау білдіретіндігін байқатты деген қорытынды жасапты. Қазақстандағы 2005-2007 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының қалай жүзеге асып жатқандығы да сәрсенбі күні жарық көрген басылымдардың назарынан тыс қалмапты.

“Экспресс К” басылымында жарық көрген Нүркен Бегалидың мақаласында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына АҚШ президенті Джордж Буштың атынан хаттың келіп түскендігі хабарланыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, АҚШ президенті Джордж Буш өз хатында Қазақстанды Орталық Азиядағы өзінің стратегиялық әріптесі санайтындығын айта келіп, Қазақстанның Ирак пен Ауғаныстанда демократияны орнату барысындағы көрсеткен көмегін бағалайтындығын атап өтіпті. Сондай-ақ, АҚШ президенті Джордж Буш Қазақстанның терроризмге қарсы күрестегі ынтымақтастығын қолдайтындығын және келешекте де бұл салада жүргізіп жатқан жұмыстардың алға жылжи беретіндігіне сенім білдіріпті.

«Литер» басылымында жарық көрген Равиль Усмановтың “Буш өзінің таңдауын жасады” атты мақаласында Америка Құрама Штатының Президенті Джордж Буштың Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған хатына байланысты сараптама жасалыныпты. Автор өз мақаласында Америка Құрама Штатының Президенті Джордж Буш Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа осындай мағынадағы хат жазуы арқылы Қазақстанның аса маңызды стратегиялық әріптес екендігін аңғартты және алдағы президенттік сайлауда оған қолдау білдіретіндігін байқатты деген қорытынды жасапты. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, АҚШ президенті Джордж Буш Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған саяси реформалардың жүзеге асуын қолдап отыр. Мақала авторының айтуынша, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының негізінде Қазақстанның Ресеймен немесе Қытаймен қарым-қатынасының нығая түсуі Америка Құрама Штаты үшін экономикалық тұрғыдан аса тиімді емес. Осыған орай автор өз мақаласында осы уақытқа шейін Батыс бізді қолдайды деп АҚШ-қа арқа сүйеп келген қазақстандық оппозицияның алдағы президент сайлауында жеңіске жетуге ешқандай да мүмкіншілігінің қалмағаны туралы пікірін білдіріпті.

Қазақстандағы 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының қалай жүзеге асып жатқандығы да сәрсенбі күні жарық көрген басылымдардың назарынан тыс қалмапты. «Айқын» газетінде жарық көрген Гүлнар Жұмабайқызының мақаласында қазіргі кезде тұрғын үйге деген сұраныстың Астана және Алматы қаласында артып тұрғандығы баяндалыпты. Мақала авторы мұның себебін осы екі қалада жұмыс орындарының көп екендігімен түсіндіріпті. Газет тілшісі келтірген деректерге жүгінсек, тұрғын-үй бағдарламасы шеңберінде үш жыл ішінде 12 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуі тиіс. Алайда, әзірге бар болғаны жалпы көлемі 1 миллион 852 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Сонымен бірге, автор өз мақаласында мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасынан ауылдың шет қалып қойғандығын да тілге тиек етіпті. Сондай-ақ “Айқын” газетінде “Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасынан ауылдың неге тыс қалды” деген сауал қойылып, “Ақ жол” партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов, саясаттанушы Әбілмәлік Нысанбаев және қаржыгер Ғалым Байназаров осы мәселеге қатысты өз ойларын ортаға салыпты. Қаржыгердің айтуынша ауылдағылардың айлығы төмен болғандықтан банктен ипотека арқылы салынатын құрылыс ауылға сәйкес келмейді. Сол себептен де Ғ.Байназаров мырза “Ауыл” бағдарламасына қосымшалар енгізу немесе ауылға жеке бағдарламалар керек деп санайды екен.

“Газета. кz” апталығында жарық көрген Анна Павлованың мақаласында да осы тақырып сөз болыпты. Мақалада бүгінгі таңда ипотекалық несие жолымен үй алудың жиілеп кеткендігі және көптеген адамдардың оны қайтарып беру барысында түрлі қиыншылықтарды басынан кешіретіндігі айтылыпты. Автор өз мақаласында қазіргі таңдағы үй бағасының қымбат екендігіне тоқталып, келешекте ипотекалық қарызды қайтара алмайтындар санының көбейе түсетіндігі туралы болжам жасапты.
XS
SM
MD
LG