Accessibility links

Қазақстанда оппозициялық қозғалыс ресми тіркеуден өтті


Тамыздың 2-күні «Әділетті Қазақстан үшін!» қоғамдық қозғалысы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінен ресми тіркеуден өтті. Енді оппозициялық қозғалыстың өткізетін көпшілік жиындары мен іс-шаралары заңды сипатқа ие болмақ.

Қазақстанның демократиялық күштерінің басын қосатын «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысы үстіміздегі жылдың наурыз айында құрылған болатын. Оның жетекшісі Жармахан Тұяқбай алда болатын президент сайлауынан оппозиция атынан бірегей үміткер. Қазақстандық саясаткерлер алда өтетін президент сайлауынан бұл қозғалыстың жеңетін мүмкіншілігі бар десе, енді бірі оны жоққа шығарады.

Қазақстанның әділет министрлігі тіркеу комитетінің төраға орынбасары Талғат Манаев «Азаттық» радиосына «Әділетті Қазақстан үшін!» қоғамдық қозғалыстың тамыздың 2-күні ресми тіркеуден өткенін айтты. Осыдан бірер ай бұрын қозғалыстың мүшелері тіркеу комитеті «қаражат жеген сөзді дұрыс жазбады деп құжаттарды кері қайтарды», деп, әділет министрлігінің тіркеу комитетін сотқа берген еді. Кейіннен сот шешімі бойынша екі жақ келісімге келіп, әділет министрлігінің тіркеу комитеті қозғалыстың құжаттарын қайта қарайтын болып келіскен.

«Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының Астана филиалының жетекшісі Серікбай Әлібаев қозғалыстың ресми тіркелуі қолымыздағы жіпсіз байланған түйінді шешкендей болды дейді:

«Бұрын кейбір мәселелерге кірісе алмай, халықпен сөйлесе алмай жүрсек, енді қозғалыстың атынан қандай іс ұйымдастырсақ та біздің еркіміз болады. Саяси партиялар туралы соңғы қабылданған заң бойынша тіркелмеген қозғалыс, партиялар жиын ұйымдастырса айыппұл төлеп, сотқа тартатын», - дейді Серікбай Әлібаев.

Сонымен қатар Серікбай Әлібаев қозғалыстың заңдастырылуына елдегі жұрттың ниеті де себепкер болғандығын айтады. Ал «Ақ жол» партиясының мүшесі Бөріхан Нұрмұхаммедов «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысы халықтың арасынан қолдау табатынына сенбейді. Өйткені оның пікірінше, қозғалысты құрып отырған адамдар әртүрлі топтың мүддесін қорғайды. Ал олардың бастары қосылуы екіталай деген ой айтады.

«Саяси ұйымдар қанша дегенмен де халықтың бір бөлігін құрайтын, елдің мүддесін айтатын, қорғайтын саяси күш болуы қажет. Ал енді «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысын алатын болсақ, ол жерде Коммунистік партияның өкілдері де бар, бұрынғы «Демократиялық таңдау» партиясының да, болмаса бұрынғы «Республикалық халықтық партияның» өкілдері де бар. Олардың бағдарламасын алатын болсақ, көп қайшылықтар бар. Ал олардың саяси күшке қалай айналатынын білмеймін. Қиындау болатын сияқты», - дейді Бөріхан Нұрмұхаммедов.

Бөріхан Нұрмұхаммедов егер алдағы уақытта Қазақстанда үлкен бір саяси реформалар болатын болса, «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысы бірнеше топқа бөлініп кетуі мүмкін деген саяси болжамын жоққа шығармайды.

Ал тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесінің төрағасы, «Ұлт тағдыры» қозғалысын құрушылардың бірі Дос Көшім оппозициялық «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының ресми тіркелуіне Қазақстандағы демократиялық жағдайдың бір көрінісі деп баға береді.

Дегенмен Дос Көшім алдағы президент сайлауында аталған қозғалыстың жеңіске жетуіне үлкен мүмкіндіктер барын жоққа шығармайды. Алайда, «Ақ жол» партиясының мүшесі Бөріхан Нұрмұхаммедов «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының президент сайлауында жеңіске жетуі екі талай дейді. Өйткені оның айтуынша, әлеуметтік зерттеулер бойынша, қозғалыстан Әлихан Бәйменов жетекшілік ететін «Ақ жол» партиясы алда келеді.

Бірақ «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы Астана филиалының жетекшісі Серікбай Әлібаев жеңісті қолдан бермейтіндіктеріне сенімді. Серікбай Әлібаев президент сайлауынан кейін қозғалыстың партияға айналуы мүмкіндігін жоққа шығармайды.

«Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысына Коммунистік партия мен әлі тіркелмеген «Нағыз Ақ жол» және «Алға» партияларының мүшелері және «Поколение» қозғалысының өкілдері кіреді. Сонымен қатар Әкежан Қажыгелдин жетекшілік еткен бұрынғы «Қазақстанның республикалық халықтық партиясының» серкелері де аталған қозғалыстың құрамында. «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы алдағы президент сайлауына оппозициялық күштерден бірегей үміткер ретінде таңдап отырған Жармахан Тұяқбай осыған дейінгі шақырылымда Қазақстан парламенті Мәжілісінің төрағасы болған еді. Ал былтырғы жылы күзде өткен парламент сайлауына президент Н.Назарбаевты көсем санайтын «Отан» партиясының тізімін бастап түскен Ж.Тұяқбай, сайлау өткеннен кейін бұл сайлауды қатты сынға алып, оппозицияға кеткен болатын.
XS
SM
MD
LG