Accessibility links

Ислам және Орта Азия. 1-бөлім


Орта Азиялықтардан «мұсылмансыз ба?» - десеңіз, «Алхамдулилла, мұсылманмын», деп жауап қатады. Бұл арабша, «Аллаға мадақтар болсын!» дегенді білдіреді. Ондай жауап болары табиғи да, себебі, Орта Азиялықтар атам заманнан мұсылмандар.

Зерттеу нәтижелеріне қарағанда, Орта Азиялықтардың 95 пайызы өздерін мұсылманбыз дейді екен.

«Менің Исламнан арнайы білімім жоқ, бірақ Алхамдулилла мұсылманмын. Ислам бізді жамандыққа жоламауға, адал болуға, ішімдіктен алыс болуға, өзгелерге құрметпен қарауға, ақкөңіл болуға шақырады. Бұл шарттарды орындамасақ, онда біз Мұхаммад Пайғамбар ғалаю-ассаламның үмбеті бола алмаймыз», - дейді душанбелік бір тәжік азаматы.

Орта Азиялықтар өз саяси, мәдени тарихымен қатар жер бетіндегі өзге мұсылман әлемімен де ортақ болмысқа ие. Орта Азиялық мұсылмандар да Исламның 5 шартын орындауы тиіс: «Ла иллаха иллаллах, Мухаммадун Расұл Аллах, - Алладан басқа Құдай жоқ. Мұхаммад оның жердегі өкілі», деп қабылдау, 5 рет намаз оқу, зекет беру, Рамазан айында Ораза тұту, мүмкіндігі барлар қажыға бару.

Бірақ, 8-ғасырда енгізілген Орта Азиядағы Ислам Сауд Арабиясы немесе Иранмен салыстырғанда зайырлы деуге жақындау. Мысалы, көшпенді қауым пайдаланған ашыған қымызда Исламда қатаң тиым салынған алкогольдің элементтері бар.

Қазақ пен қырғыздың әйел-қыздары көшпенділерге тән үрдіспен атқа мініп, ер-азаматтармен бірге жұмыс істейді. Отырықшы тәжік, өзбек қыздары секілді жүздерін пәранжімен жаппайды.

Бірақ, Орта Азиялықтар бірнеше ғасырлық мұсылмандық болмысқа ие болғанымен Ресей секілді өзге дінді, өзге тілді империяның билігі астында болуға да тура келді. 18-ғасырда орыс патшасының отарлауы кезінде атеистік идеология басым болып, құдайсыздық тәрбиесі үгіттелді. Бұрынғы мешіттер қиратылып, қоғамдық орындарға, музейлерге айландырылды. Ал Совет одағы құласымен, Орта Азиялық мұсылмандар тез арада етек-жеңін жинап ала білді. 26 жастағы алматылық қазақ келіншегі әрқашан орамал тағып жүреді. Асханада аспаз болып қызмет істейтін ол былай дейді:

«Ең таза дін - Ислам діні деп есептеймін. Сондықтан, осы Ислам дінін қабылдадым. Иншалла, екі жыл болды, намаз оқып, осы мұсылмандық жолда жүргеніме. Қазіргі көзқарасым, Ислам дінін қабылдағалы бері, мұсылман болып намаз оқып жүргелі бері осындай, бұрынғыдан басқаша. Бұрындары, енді жахил кездерде, ішімдік, темекі дегендерге жеңіл-желпі қарағанмын. Қазір оның бәрін жаман деп есептеймін».

Дегенмен, орта азиялық көпшілік жастар қазіргі заманауи тіршілік салтына бейім келеді.

«Біз жаспыз, әрине, дискоға барамыз, қыздармен ойнап-күлеміз. Әлі жаспыз. Ораза тұтатын да, намаз оқитын да уақыт келеді әлі», - дейді өзбек жігіті.

Мұндай үрдіс, әрине, өткендегі советтік салт пен Исламның қатар өмір сүріп келе жатқандығын көрсетеді.

«Орта азиялықтар Исламмен тарихи терең байланыста. Олар Ислам мәдениетіне өз ойларымен үлкен үлес қосқан. Бірақ, олар жүз жылдай коммунистік билік астында болып, біраз қысымға түскен. Ал қазіргі кезде олардың Исламға деген сезімі қайта оянды, бірақ, әлі де болса Ислам жөнінде нағыз ілімге ие емес», - дейді мысырлық профессор Мағда Махлоф.

Бірақ, кезінде дінді өз мақсаттарында пайдаланған кей ресми басшылар оны әлеуметтік өзгерістегі күш деп есептеді. Қазіргі Өзбекстанда мемлекеттік бақылаудан тыс діни ұйымдарға тиым салып отыр. Дінге құлай берілген он мыңдаған адам полиция қуғындауына түсті. Мешіттерде бас қосудың өзі қылмыс болып санала бастады. Көпшілік алдында сөйлеген мұсылман әсірешіл, ісламшыл деген атаққа ие болды. Төменде сөз алатын өзбек келіншегінің тілшімізбен сұхбаттасуының өзі кіші-гірім ерлікке пара-пар десе болады.

«Қазіргі кезде діни ағымның бір түрі - Уаххабизм жөнінде айтуға да қорқамыз. Исламды лаңкестікпен байланыстырып қорқытады. Сондықтан, Ислам жөнінде айтудың өзі үрейге айналды», - дейді тәшкендік келіншек.

Уаххабизм 18-ғасырда Сауд Арабиясы елінде пайда болған Ислам қозғылысының бір ағымы. Бірақ пост-советтік аймақта Уаххаби сөзін саяси-діни мақсаттарға жету үшін күш қолданатын жауынгер исламшыл топтар деген мағынада қолданады.
XS
SM
MD
LG