Accessibility links

Қазақстанның қаржы полициясы оппозициялық саясаткер Болат Әбіловтің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын жария етті


Тамыздың 5-күні Астанада, Қазақстан Республикасының экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыспен күрес агенттігінің (Қаржы полициясы) төраға орынбасары Рүстем Ыбырайымов, оппозициялық «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі, бұрынғы кәсіпкер Болат Әбіловке қатысты және аталған қозғалыстың тағы бір мүшесі Асылбек Қожахметовтің туған бауыры, «Әсем» фирмасының директоры Талғат Қожахметовке қарсы бірнеше істер бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын баяндады. Рүстем Ыбырайымовтың айтуынша, қаржы полициясы Болат Әбілов кәсіпкерлікпен шұғылданып жүргенде бірнеше алаяқтық әрекетке барып, мемлекетке млн.даған шығын әкелген деп тауып отыр. Ал, бұл іске қатысты «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Болат Әбілов бұл істің саяси сипаты барын айтып, «менің ешқандай қылмысым жоқ, мен ешнәрседен қорықпаймын», деп жауап берді.

Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі төрағасының орынбасары Рүстем Ыбырайымов Болат Әбіловтің соңғы кездері баспасөз арқылы «менің саяси көзқарасым үшін, полиция қызметкерлері мені қыспаққа алып жүр», - деген пікірлері оның қылмыстық жауапкершіліктен жалтару әрекеттерінің бірі деп бағалап, оның фирмаларының әрекеттеріне қатысты бірнеше деректер келтірді. Оларды заңсыз деп сипаттаған Рүстем Ыбырайымовтың сөзіне қарағанда, «Эксимбанк Қазақстан» жабық акционерлік қоғамы 2000 жылы «BRC» және «G&B» ЖШС-тері шығарған 14 векселін 8,35 миллион АҚШ долларының сомасында кепілдендіреді.

«Вексельдерді өтеу үшін “Нұр” және “Бутя” ААҚ-ы кепіл болып, алған қаржының 3,6 миллион долларын “NTS Sport” фирмасына, кейін “Динали” ЖШС-нің шотына аударады. Сонымен қатар ол аталған фирмалар тіркелгеннен кейін салық органдарына салық есептерін тапсырмаған, яғни жұмыс істемеген», - дейді қаржы полициясының өкілі.

Содан кейін “BRC” және “G&B” ЖШС-тері несиенің 3,1 миллион долларын ғана қайтарып, қалғанына байланысты жағдайдан банкті хабардар етпеген, дейді ол.

«Осыған байланысты 2004 жылы “BRC” және “G&B” ЖШС-теріне қатысты, “NTS Sport” пен “Динали” ЖШС-не 2005 жылдың сәуірінде жоғарыда сөз болған ақша аударымдарында салықтан жалтарғаны үшін қылмыстық іс қозғалған. Ал тергеу барысында “BRC” және “G&B” фирмалары тікелей Б.Әбіловке қатысты екені анықталды», - дейді Қазақстан қаржы полициясы төрағасының бірінші орынбасары Рүстем Ыбырайымов.

Ал «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі, «Нағыз Ақ жол» партиясын ұйымдастырушылардың бірі, бұрынғы кәсіпкер, ал қазірлде оппозициялық қайраткер Болат Әбілов болса, «Эксимбанктен» несиені өзі алмағандығын, оның қарамағында жұмыс істейтін жігіттердің алғандығын айтады.

«Бірақ, несие дер кезінде банкке қайтарылған болатын», - дейді Б.Әбілов.

Оппозициялық саясаткерге қатысты қаржы полициясының қозғап отырған тағы бір ісі - «Бутя капитал» инвестициялық жекешелендіру қорына байланысты. Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыспен күрес агенттігінің төраға орынбасары Дулат Байжанов 1995 жылы «Бутя Капитал» “Ақтөбемұнайгаз” АҚ-ның акцияларын сатып алып, оны іс жүзінде ресімделген құнынан төмен бағаға сатқанын айтады.

«Ақтөбемұнайгаздың бағасы 540 млн. теңге тұрады. Ал оны 102 млн. теңгеге сатқан. Қазір 440 млн. теңге қайда кеткенін тексеріп жатырмыз», - дейді Дулат Байжанов.

Ол сонымен қатар аталмыш қордың “Шымкентфосфор” ЖАҚ-ның да акцияларын иеленіп, оны арзан бағаға сатқаны жөнінде мысал келтірді. Ал бұл іске қатысты «Азаттық» радиосына берген жауабында Болат Әбілов, жаппай жекешелендіру жылдары Үкімет отандық кәсіпкерлердің барлығын банкроттық жағдайға келтіріп, шетелдерден инвесторлар әкелмек болды, дегенді айтты.

«1995 жылы жекешелендіру болғанда мемлекет активтерді алып, шетелден келген инвесторларға сатты. Сондықтан біз егер сатпасақ, банкроттыққа ұшыраймыз деп ойладық», - дейді Болат Әбілов.

Ал, «Алға» халықтық партиясын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Асылбек Қожахметовтің туған бауыры Талғат Қожахметовтің иелігіндегі «Әсем» фирмасы салықтан жалтарып, мемлекетке 409 млн. теңге шығын әкеліп отыр, - деді қаржы полициясының бірінші орынбасары Рүстем Ыбырайымов. Оның айтуынша, өткен жылы аталмыш фирманы тексергенде 295 млн. теңге салық төлмегендігі анықталған. Бірақ фирма басшылары сот барысында қайта шағымданып, төленбеген салықтың үш жарым млн. теңге екендігін дәлелдеген еді, Алайда қайта тексеру жұмыстары кезінде, «Әсем» фирмасының сотқа жалған құжаттар көрсеткендігі анықталды, - дейді Рүстем Ыбырайымов.

Р.Ыбырайымов кәсіпкер Талғат Қожахметовтің қазіргі кезде тергеу жұмыстарынан қашып жүргендігін, алдағы уақытта оған іздеу салатынын хабарлады. Алайда, «Әсем» фирмасының директоры Талғат Қожахметовтің ағасы, оппозициядағы қайраткерлердің бірі Асылбек Қожахметов: «мұның бәрі тек менің саяси қызметім үшін істелініп отырған шаруа»,- дейді. Саясаткердің сөзінше, полиция қызметкерлері оның інісіне «ағаң саясаттан кетсін, сонда біз саған тиіспейміз» деп айтқан көрінеді.

Қазақстандық оппозиция өкілдеріне қатысты бұл қылмыстық істер президент сайлауы тұсында кезекті мәрте тұтқындау, соттау процестеріне ұласуы мүмкін бе деген сауалға қатысты Болат Әбілов «Азаттық» радиосына: «мен ешнәрседен қорықпаймын», - деп жауап берді.
XS
SM
MD
LG