Accessibility links

Алматыда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше елдердің аға лауазымды тұлғалар комитетінің отырысы басталды

  • Досан БАЙМОЛДА

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше 16 мемлекеттің өкілдерінен құралған жұмысшы тобы әуелі тамыздың 2-4 аралығында осы кеңес туралы бастаманы іске асыруды жалғастыру, Алматыда өткен бірінші саммит шешімдері мен Алматы актісі деп аталатын құжат ережелерін орындау барысын талқылап, сөйлескен соң тамыздың 5-і күні осы дайын болған құжаттарға қатысты аға лауазымды тұлғалар комитеті өз жұмысын бастады.

Алматыда басталған бұл жолғы отырыстың ашылуында комитет төрағасы, Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Асқар Шәкіров бұл жолғы отырыстың Азиядағы өзара іс-қимыл сенім шаралары жөніндегі кеңесті дамыту жолында маңызды шара болып табылатындығына тоқталды. Сондай-ақ ол кеңес хатшылығын құру мәселесіне байланысты кеңес мүшелері тарапынан түскен түрлі ұсыныстардың талқыланып, хатшылық ережесі жайында кеңінен пікір алмасылып, хатшылықтың Алматы қаласында орналасатын жоспарда екендігін айтты.

А.Шәкіров өз сөзінде хатшылықты ұйымдастыру оны қаржыландыру мәселелерінің де күн тәртібіндегі мәселе екендігін, сондықтан да хатшылық туралы жалпы ереже жобасының биылғы жылдың соңында өтетін кеңеске мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің кездесуінде сондай ақ мемлекет басшыларының 2006 жылы өтетін екінші саммитінде қабылдану жоспарланып отырғандығын айтып өтті.

Алайда аға лауазымды тұлғалар отырысына қатысушы Қырғызстанның сыртқы істер министрлігінің БҰҰ, халықаралық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі департаменттің екінші хатшысы Нұран Низалиев кеңес хатшылығының тезірек құрылуын Қырғызстан жағы қалап отырғандығын, жалпы, Азияда өзара сенім шараларын орнатуға бағытталған Қазақстан жағының ұсыныстарын Қырғызстан толық қолдап отырғандығын мәлімдеді. Оның айтуынша Азия секілді алып құрылықта бүгінгі күні тұрақсыздық жағдайлар орын алып отыр, тіптен мына тұрған Орталық Азияда осындай көріністер бар болып отыр, сондықтан да кеңес жұмысының тезірек жолға қойылғаны өте маңызды болмақ.

Моңғолияның Қазақстандағы уақытша әрі сенімді өкілі Долгорсүрэн Лхамсүрэн Моңғолия елі де Азиядағы тұрақтылық, бейбітшілік ісі үшін Қазақстан жағының ұсынысымен өтіп жатқан Азиядағы сенім шаралары жөніндегі кеңес жұмысына белсенді қатысып келе жатқанын атап өтті. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше мемлекеттердің басшылары 2006 шы жылы екінші жоғарғы дәрежелі кездесуін өткізбекші. Осы кездесуде сенім шараларына қатысты құжаттар тізбегі және хатшылықты құруға қатысты ереже жобасы қабылданбақшы.

Бүгінгі күні кеңеске 16 мемлекет мүше, 5 мемлекет бақылаушы мәртебесіне ие болып отыр.
XS
SM
MD
LG