Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.05.2005 жыл

  • Гүлмира ХАМЗА

Тамыздың 5 күні жарық көрген мерзімді басылымдарда Қазақстанға құс тұмауының келгені туралы баяндалған. Осының салдарынан Павлодар облысында қаздар мен үйректер қырылып жатқаны жазылған. Сонымен қатар, жұма күнгі санында кейбір қазақстандық басылымдар ауыл әкімінің сайлауына назар аударыпты.

«Павлодар облысы Ертіс ауданындағы Голубовка ауылында карантин жарияланды. Себебі, шілденің 20-ынан бастап бұл ауылда белгісіз себептермен 600 астам құс қырылған. Зерттеу барысында мамандар құс тұмауы барын анықтаған», деп жазады “Караван” газеті.

«Құс тұмауымен қалай күресу керек?» деген мәселе көтерген “Начнем с понедельника” басылымының жазуынша, қазақстандық дәрігерлер өршуі мүмкін құс тұмауын баса алатынын айтып отыр. «Қырылған құстарды өртеп, арнайы белгіленген жерге көміп жатыр. Ал қырылған құстарды тасмалдаған көлік толығымен зарарсыздандырылып жатыр. Қазақстанның мал дәрігерлері ары-бері ұшып жүретін құстар бақылауға алынғанын айтқан, Қазақстанға Ресей мен Қытайдан құс етін тасмалдауға тиым салынған», деп жазады “Начнем с понедельника” газеті. Сонымен қатар басылым құс тұмауы салдарынан көптеп құс қырылмауы үшін егу жұмыстарын жүргізу керек шығар деген болжам айтады. Мәселен, Гонконгтық сарапшылардың бірі Азияның кедей мемлекеттерімен салыстырғанда Ресейдің вакцинация жүргізуге мүмкіндігі бар деп, Ресей үкіметіне құстарды тұмаудан сақтап қалу үшін арнайы егу жұмыстарын жүргізуді ұсынған. Қазақстандық мамандар осы ұсынысты қарастырса, көптеген құсты аман сақтап қалуға болатын еді, деп жазылған “Начнем с понедельника” газетінде.

«Қазақстанның солтүстік аудандарына жеткен құс тұмауы салдарынан өткен ғасырда 50 миллиондай адам көз жұмған», деп жазады жұма күнгі санында “Новое поколение” басылымы. Құс тұмауы жеткен республиканың солтүстігінде өткен аптада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев болды. “Новое поколение” басылымының есебі бойынша, бұл президенттің кезекті 10-шы жұмыс сапары болып отыр.

«Қостанай облысының мектеп директорлары және мұғалімдермен кездесу кезінде Нұрсұлтан Назарбаев “түрлі-түсті төңкерістер” туралы пікірін ортаға салды», деп жазады “Айқын” газеті. «Грузияда, Украинада болып өткен “түрлі-түсті төңкерістер» аяғында Бішкектегі тонаушылық әрекеттерімен аяқталды. Революциядан кейінгі осы елдердегі жағдайларға талдау жасасақ, оларда жаңа элитаның бірде-бір уәдесі орындалмағанына куә боламыз, адамдар бұл революциядан қазір қатты түңілуде», - деген Нұрсұлтан Назарбаев. Республика президенті көрші мемлекеттерде болған революциялар туралы айта келіп, Қазақстанда «түрлі-түсті төңкерістің» болуы мүмкін бе?» деген сұрақ қойып, сосын оған өзі жауап береді. «Қазақстанда мұндай революцияның болуы мүмкін емес, бұған АСиП жүргізген сауалнамасының нәтижесі арқылы көз жеткізуге болады. Сонымен қатар, біз Қазақстан әкімдері мен әкімшіліктердің қызметі жайлы халықтан сұрау салдық, тұрғындардың әкімдер туралы пікірі жағымды болды» деп тұжырым жасайды республика президенті.

Тұрғындардың ойынан шыққан ауыл әкімдерінің сайлауы туралы тамыздың 5-күні “Егемен Қазақстан” газеті жазған. “Ауыл әкімін сайлау - елдегі жағдайды жақсартудың негізгі факторы” деп аталатын мақалада тамыз айында сайлау төрт облыстың төрт ауданында тәжірибе ретінде өтетіні жазылған. «Ауыл әкімі сайлауы әділ өтсе, халықтың жалпы атқарушы билікке сенімі артып, әлеуметтік жағдайы жақсарады», деп жазады мақала авторы Дархан Уәлиев.

Ал жұма күні жарық көрген санында оппозициялық «Жұма-таймс» газеті Қазақстан оппозициясының серкесі Жармахан Тұяқбайдың ел аралап жүргені туралы жазған. «Ресми түрде тіркелген «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбай барлық елді-мекенде жергілікті билік кездесу өткіздірмеуге бар күшін жұмсауда. Алдын-ала келісілген ғимараттарды, тіпті кішігірім асханаларды торуылдап, меншік иелерін қорқытып, жасалған келісімнен бас тартуға мәжбүрлеуде», деп жазады “Жұма-таймс” газеті. Ал осы басылымда жарияланған «Наразылық шеруі полицияның күш көрсетуімен таратылды» деген мақалада сейсенбі күні қала әкімінің алдында болған оқиға жайлы баяндалған. Онда баспана мәселесімен әкімшілік алдына жиналғандарды басуға шыққан полицейлер оларды ұрып-соғып, Бостандық аудандық ішкі істер басқармасына алып кеткені туралы жазылған.
XS
SM
MD
LG