Accessibility links

Оппозиция өкілдері Алматының іргесіндегі Өтеген батыр ауылында тұрғындармен кездесті

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сейсенбі күні республиканың ресми органында тиісті тіркеу құжатын алған «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының төрағасы Жармахан Тұяқбай бірнеше серігімен тамыздың 6-күні Алматы түбіндегі Өтеген батыр ауылына тұрғындармен кездесуге барды. Бұл жерде онымен жолыққандар арасынан табылған жергілікті атқарушы биліктің лауазымды шенеуніктері оппозицияның іс-әрекетіне сын айтып, ерекше белсенділік танытты.

Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр ауылындағы «Мақсат» кафесінде өткен кездесуге Қазақстандағы оппозиция өкілдері және қарапайым халық пен сол жердегі әкімшіліктің ресми адамдары жиналды. Олардың алдында сөз сөйлеген “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбай бүгінгі билікті түбегейлі өзгерту қажеттілігі туралы өз ойын білдіргеннен кейін, микрофон кезегін алған Іле ауданының оқу бөлімінің бастығы Бағила Жолтаева оппозиция өкілдеріне көңілі толмайтындығын білдірді.

«Біздің президентімізді осылай көрсетуге сіздің азаматтық мына жұмысыңыз дұрыс емес қой деп ойлаймын. Өйткені біздің президентіміз - біздің Отанымыз. Біз жас кезімізден Отанымыз біреу, халқымыз біреу деп өстік - деді, Іле ауданының оқу бөлімінің бастығы Б. Жолтаева.

Ол сөзін аяқтағаннан кейін өзі және онымен бірге 20 шақты адам «Мақсат» кафесінен шығып кетті. Оппозиция өкілдерімен кездесуге «Мақсат» кафесіне арнайы келіп, бірақ кездесу соңына дейін отырмай кетіп бара жатқандардан оның себебін сұрағанымызда, өз есімін айтпауды өтінген бір азамат «Азаттық» радиосына, егер де осылай жасамаса, олардың өз жұмыстарынан айырылып қалуы мүмкін екендігін айтты. Ал, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбайға сұрақ қойып, оның қарсы айтқан уәжін тыңдамай кетіп қалған, Іле ауданы оқу бөлімінің бастығы Бағила Жолтаева «Мақсат» кафесінің алдына шығып, қазақстандық оппозиция өкілдерін сынауын әрі қарай жалғастырды.

Осы кездесуге арнайы келген оппозиция өкілдерінің бірі режиссер Болат Атабаевтың айтуынша, Іле ауданы оқу бөлімі бастығының бұл іс-әрекеті әдейі ұйымдастырылған шара болуы ықтимал. «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбай да кездесу барысында орын алған оқиғаны биліктің тапсырысымен жасалып жатқан әрекет деп бағалады.

Ал, «Мақсат» кафесіндегі кездесуге келген ресми адамдардың бірі - Іле ауданы әкімінің орынбасары Виктор Александрович Файл оппозиция өкілдеріне мұндай кездесудің өтетіндігінен әкімшіліктің де хабардар болуы керектігін ескертті. Сондай-ақ, В.А.Файл мырза өз сөзінде бүгінгі таңда аудандағы экономикалық ахуалдың жақсарып, жыл сайын жұмыссыздықтың азайып келе жатқандығына тоқталды. Алайда мұндай пікірмен келіспейтін «Өтеген» ауылының тұрғыны Қалимаш Рахымбекованың айтуынша, жергілікті жердегі жастар тек әке-шешесінің алатын зейнетақысына ғана қарайлап отыр.

Алдағы дүйсенбі, тамыздың 8-күні Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінің ашық отырысы өтпек. Онда осыдан бір айға жуық уақыт бұрын Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттарының жолдаған сұрауы бойынша, Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 1-тармағы мен 94-бабының 1-тармағына түсініктеме беріліп, Қазақстанда кезекті Президент сайлауын өткізетін күнді анықтау мәселесі қаралатын болады. Қазақстандық оппозиция ол сайлауға оппозициядан бірегей кандидат ретінде «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбайды ұсыну туралы ұйғарым жасаған-ды. Сондай-ақ, осы сайлауға кезекті мәрте түсетінін Қазақстанның қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаев та мәлімдеп үлгерді. 1989 жылы Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы болып сайланған Н.Назарбаев, Қазақстанда президент лауазымы алғаш рет енгізілген 1990 жылдан бастап мемлекет басшысы қызметінде отыр.
XS
SM
MD
LG