Accessibility links

МАГАТЭ-нің өкілдері Иранға келді


Хабарларға қарағанда, БҰҰ-ның халықаралық атом энергиялық агенттігінің өкілдері Иранның ИсфаҺандағы зауытына бақылау орнату үшін дүйсенбі күні Иранға келді. Еуроодақтың үш елі, яғни Ұлыбритания, Франция және Германия аталған агенттіктің басшыларын Иранның ядролық әрекеттеріне байланысты сейсенбі күні төтенше жиналыс өткізуге шақырды. Ал сенбі күні Иранның ядролық бағдарламасы маңайындағы дағдарысты шешу мақсатында Еуроодақ тарапынан ұсынылған экономикалық жеңілдіктерден ресми Теһран бас тартқан болатын.

Исфаһандағы зауытта уранды байыту ісі толығымен қашан қосылатыны әлі белгісіз. Бірақ Иранның атомдық энергия агенттігі басшысының орынбасары Мохаммад Саиди журналистерге берген сұхбатында Исфаһандағы зауытта уранды байыту ісінің белгілі бір бөлігі іске қосылды деді.

Бұған қоса, өзінің атын айтқысы келмеген Иранның ресми өкілі ақпарат агенттіктеріне БҰҰ-ның Халықаралық атом энергиялық агенттігінің өкілдері Иранның Исфахандағы зауытына бақылау орнату үшін дүйсенбі күні Иранға келді деп хабарлады.

Аталған агенттік зауытта бақылау камералары толығымен орнатылмайынша Иран өзінің ядролық жұмысын бастамасын деген.

Еуроодақтың үш елі, яғни Ұлыбритания, Франция және Германия өткен аптада Иранның ядролық бағдарламасы маңайындағы дағдарысты шешу үшін Иранға экономикалық және қауіпсіздік жеңілдіктер ұсынған болатын. Бірақ ресми Теһран Еуроодақтың ол ұсынысынан бас тартып, уранды байыту ісімізді қайта бастаймыз деп мәлімдеген еді. Иран өткен жылдың қараша айында Еуроодақпен келіссөздерді бастап, уранды байыту ісін уақытша тоқтатқан болатын.

Батыс елдері Иран уранды байыту арқылы ядролық отын өндіретін болса, онда Техран ядролық қарулар жасай алатын болады деп қорқады.

Еуропалық Одақ егер бұл мәселеде бір мәмілеге келе алмасақ, онда ол Иранның ядролық бағдарламасы мәселесін БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінің қарауына береміз деген. Ал Иранның сыртқы істер министрлігінің өкілі Хамид Реза Асефи жексенбі күні Еуроодақтың бұл қорқытуының саяси астары бар деді.

“Еуропалықтар Иранның ядролық мәселесі бойынша Халықаралық атом энергиялық агенттік басшыларын төтенше жиналыс өткізуге шақырды. Біз Иранның ядролық бағдарламасы мәселесінің БҰҰның қауіпсіздік кеңесіне берілуі заңсыз деп ойлаймыз, және бұл шешімнің саяси астары бар деп ойлаймыз. Егер де бұл іс жүзеге асса, біз қорқпаймыз. Еуропалықтар өзінің бағытын таңдауы керек,” деді Иран өкілі Асефи.

Бірақ, Асефидің айтуынша, Иран Еуроодақ тарапынан жасалған ұсыныстан бас тартқан соң, Теһран келіссөздер аяқталды деп ойламайды.

“Біз бұл келіссөздерді одан әрі жалғастырғымыз келеді, өйткені бұл келіссөздер барысында барлық жақ бір-бірінің позицияларын жақсы біле алады деп ойлаймыз. Бірақ біз бұл ұсынысты қабылдамаймыз, Еуроодаққа өзіміз жауап береміз”, - деді Асефи.

Франция сыртқы істер министрі Иранды ол ұсынысты жақсылап қайта қарап шығуға шақырды.

Иранның ресми ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұрынғы мемлекеттік ақпарат таратудың басшысы Әли Ларижани Иранның ядролық бағдарламасына арналған келіссөздерде Теһранның басты өкілі болып тағайындалды. Керітартпа бағыттағы Ларижани Хассан Роханидің орнын басатын болды.
XS
SM
MD
LG