Accessibility links

Б.Әбілов өзін сыбайлас жемқорлық істерге қатысы бар деп айыптаған қаржы полициясын сотқа бермекші


Тамыздың 9-күні Алматыда, бұрынғы кәсіпкер, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының төралқа мүшесі Болат Әбілов, жұма күні Астанада өткен баспасөз мәслихатында өзін сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп айыптаған Қазақстан Республикасы экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агентігі (қаржы полициясы) төрағасының орынбасары Рүстем Ыбырайымовтың мәлімдемесін «өтірік», «жала» деп танитындығын айтты. Әбілов өзінің атақ-абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқаны үшін қаржы полициясын сотқа беретінін хабарлады.

Тамыздың 5-і күні Астанада өткен баспасөз мәслихатында Р.Ыбырайымов «Бутя-Капитал» инвестициялық қоры мен «Бутя» компаниясының іс-қызметіне жүргізілген тексерулер нәтижесінде Б.Әбілов 3,5 млн теңге көлемінде салық төлемегені үшін және банк қарызына байланысты күмәнді іске қатысы болғаны үшін оның үстінен қылмыстық іс қозғалатындығын айтқан болатын.

Ал сейсенбі күні Алматыда БАҚ өкілдерімен болған кездесуде «Бутя» компаниясының президенті Марат Баймухамедов қаржы полициясы басшылары тарапынан айтылған бұл жайттарды негізсіз дегенді айтты. Өйткені, деді ол, кәсіпкер Б.Әбілов 2000 жылдан бастап парламент мәжілісіне депутат болып сайланғанына байланысты кәсіпкерлік қызметін тоқтатып, «Бутя-капитал» және «Бутя» компаниясы жұмыстарынан қол үзгенін, алайда солай бола тұра оған қаржы полициясы мен салық органдары тарапынан қайта-қайта шүйлігіп, оған қылмыстық істер қозғай беруін оның саяси жұмысына тікелей байланысты болу керек деген пікір білдірді. Ал өз кезегінде сөз алған Б.Әбілов бұл іс әрекеттердің артында саяси сипат бар де санайтыны айтты. Ол өзінің алған бетінен қайтпайтындығын, яғни оппозицияны қаржылай қолдауын жалғастыра беретіндігін, оған ешкім бөгет бола алмайтындығын айтты.

Сондай-ақ, Б.Әбілов өзінің Қазақстанды тастап шетелге кетіп қалу туралы еш ойламайтындығын, ондай жағдайға ешуақытта бармайтындығын жеткізе отырып: «мен өзімді таза адаммын деп ойлаймын, ешкімге жасаған ешқандай қиянатым жоқ, сондықтан маған тағылған түрлі айыптардан еш қорықпаймын», деді.

Ал осы Б.Әбіловтың мәлімдемесіне байланысты экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агентігінің пікірін білу мақсатында сол агенттікке қоңырау шалғанымызда өзін агенттік өкілімін деп таныстырған Мәдениет Хайыров агенттік басшыларының қәзір қолдары бос емес екендігін, ал өзі болса ешқандай түсініктеме бере алмайтындығын жеткізді.

«Сөз» газетінің бас редакторы Шәріп Құрақбай: «Б.Әбіловке қарсы қаржы полициясының тағып жатқан бұл айыптауларының сыры түсінікті, өйткені билік қалайда оны саясаттан алыстатуды көксеп отыр» дегенді айтса, журналист Ермұрат Бапи «Б.Әбілов - өте таза, адамгершілгі жоғары, алған бетінен қайтпайтын азамат» деген баға береді.
XS
SM
MD
LG