Accessibility links

Алматы әкімшілік соты оппозиция белсендісі М.Аспандиярованы 5 тәулікке қамауға шешім шығарды


Тамыздың 10-күні Алматы қалалық ауданаралық әкімшілік сотында қазақстандық оппозиция белсенділерінің бірі, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының Алматы қалалық бөлімшесінің төрайымы Маржан Аспандиярованың үстінен қозғалған әкімшілік істі қарай келе, оны 5 тәулік абақтыға қамау туралы шешім шығарды.

Бұл соңғы екі күннің ішінде Маржан Аспандияроваға қатысты шығарылған екінші сот шешімі болып отыр. Осыдан бір күн бұрын, яғни тамыздың 9-күні судья Ғалым Келдібаев оны маусымның 27-күні Алматыдағы «Халық Банкі» ғимараты алдында «рұқсатсыз митинг ұйымдастырды» деп тауып, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 373 бабының 3-тармағына сәйкес М.Аспандияроваға 30 мың теңге көлемінде айыппұл салу жазасын берген болатын. Ал бұл іс бойынша айыптаушы тарап - прокурор оппозиция белсендісі М.Аспандиярованы 15 күн абақтыда қамау жазасын сұраған еді. М.Аспандиярова мен оның қоғамдық қорғаушысы Петр Своик болса бұл сот шешімімен өздерінің келіспейтіндіктерін мәлімдеген-тұғын.

Ал, тамыздың 10-күні таңертең Алматы қалалық ауданаралық әкімшілік сотында оппозиция белсендісі М.Аспандиярованың үстінен күні бойы жүрген сот жұмысы өз шешімін кешқұрым бір-ақ шығарды. Бұл жолы М.Аспандиярова тамыздың 2-сі күні Алматы қалалық әкімшілік үйі алдында жиналған топ арасында болып, полиция тарапынан «тараңдар, үйлеріңе кетіңдер» деген талапқа мойынсұнбағаны үшін айыпталды. Әкімшілік алдындағы наразылыққа қатысқан куәгерлер және сол оқиғаны басынан аяғына дейін бейнетаспаға түсірген полиция өкілдерін тыңдап, бейнетаспадағы оқиғамен танысқан судья Ғалым Келдібаев оппозиция қайраткері М.Аспандияроваға тағылған айып сот жұмысы барысында толық дәлелденді деп тауып, оған 5 тәулік абақтыға қамау жазасын белгілеу туралы шешімін жария етті. Сот шешімі шығысымен сот орындаушылары М.Аспандиярованы сот залынан абақтыға 5 тәулік қамауға алып кетті.

Тамыздың 2-күні Алматы қаласының бір топ тұрғыны қаладағы жер саясаты мен баспана, тұрғын үй мәселесіне қатысты өз наразылықтарын білдіріп, қалалық әкімшілік үйі алдына жиналып, өз талаптарын қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовке жеткізуге әрекет жасаған-ды. Ал, ол жолы жергілікті билік өздеріне шағым-мұңын айтып келген жұртты полицияның күшімен таратып, полицейлер заң орындары оншақты адамды ұстап әкеткен еді. Олардың арасында полиция бөліміне жеткізілген Маржан Аспандиярова арада біраз уақыт өткенде ауруханаға жатқызылып, онда үш күн жатып шыққан соң бірден сот залына шақыру алған болатын.
XS
SM
MD
LG