Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.10.2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Саясаткер Болат Әбілов Қазақстанда жарық көретін мерзімді және кейбір электонды басылымдардың басты қаһарманына айналыпты. Кейбір тәуелсіз басылымдарда саясаткер Болат Әбіловтың соңына құқық қорғау орындарының біраз уақыттан бері түскендігінің тарихы баяндалыпты.

“Айқын” және “Литер” басылымдарында 9 тамыз күні баспасөз мәслихатын өткізген саясаткер Болат Әбіловтың осы басылымдарға қатысты айтылған сындарына орай мақалалар жарық көріпті. “Айқын” басылымының хабарлауынша, саясаткер Болат Әбіловтың “Айқын” және “Литер” басылымдарына қатты шүйлігуінің өзіндік себебі бар. Мақалада мысалға келтірілген оқиғаның қысқаша тарихына тоқталатын болсақ, 2004 жылдың 26 қаңтарында “Литер Медиа” мен “Бутя” компаниялары Бөгенбай батыр көшесіндегі 80 үйді жалға беру жөнінде шартқа отырады. Газет тілшісінің хабарлауынша, шартқа отырғаннан кейін, “Бутя” компаниясы бұл ғимараттың нақты иесі болмай шығады. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, бұрынырақта алған несиесін жаба алмағандықтан ғимарат өзге бір қаржы институтының қарамағына өтіп кетеді де, оны “Бутя” Ашық Акционерлік Қоғамының президенті Марат Баймұхаметов ғимаратты жалға берген кезде айтпай, жасырып қалады. Ал, 29 сәуір күні ғимараттың негізгі иесі “Эксим-банк Қазақстан” Ашық Акционерлік Қоғамы “Литер Медиа” компаниясынан ғимаратты босату жөнінде ресми өтінішін жасайды.

Ал, “Литер” басылымында жарық көрген Айман Тынышбаеваның мақаласында “Литер-Медиа” компаниясының орын алған оқиғаға байланысты Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық сотқа шағымданғандығы баяндалыпты. Мақала авторының айтуынша, “Литер-Медиа” компаниясы бүгінгі күнге дейін сот процесінде екі рет жеңіске жеткен. Олар үстіміздегі жылдың 14 ақпан күні бейбіт келісімге келген. Мақала авторының айтуынша, “Литер-Медиа” тарапынан жасалынған бұл шегініс өз кезегінде соттың есепшот пен “Бутя” компаниясына тиесілі мүліктерді тұтқындау жөніндегі шешімді алдырып тастауына мүмкіндік береді. Сондай-ақ автор өз мақаласында осы оқиғадан кейін, қарсы жақтың өз уәделерінде тұрмай 1 миллион 900 мың теңгенің болар-болмас бөлігінің ғана қайтарылғандығына тоқталыпты.

“Жас Алаш” газетінің соңғы санындағы Ресейдің “Независимая газета” басылымынан көшіріп басылған мақалада, саясаткер Болат Әбіловтың соңына құқық қорғау орындарының біраз уақыттан бері түскендігінің тарихы айтылыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, осыдан бірнеше ай бұрын Болат Әбілов тексеруші органдардың оның ізіне түскендігін мәлімдегеннен кейін, ол басқаратын компанияларға тексерушілер шүйлігіп, банктегі есеп-шоттарын тұтқындаған. Қаржы полициясы қылмыстық істердің астарында ешқандай да саяси пиғыл жоқ екенін айтады. Олардың айтуынша егер Болат Әбілов өз жұмысын заң шеңберінде жүзеге асырғанда ешқандай да проблема туындамас еді. Ал, саясаткер Болат Әбіловтың айтуынша, өкімет оның бизнесіне шүйлігу арқылы саяси тапсырысты орындауды мақсат тұтып отыр.

Ал, «Еуразия» интернет-парақшасында жарық көрген Сәкен Сәлимовтың мақаласында Болат Әбіловке қарсы қылмыстық істің 2001 жылдан, яғни оның саясатпен айналыса бастаған кезден кейін қозғалғандығы баяндалыпты. Мақала авторының айтуынша саясаткер Болат Әбілов осы уақытқа шейін оппозицияны қаржыландырып келгендігін жасырып отырған жоқ. Бейресми ақпарат көздерінен алынған мәліметтерге жүгінсек, Болат Әбіловтың қаржысы ондаған миллион доллармен есептеледі. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, Болат Әбілов тарапынан оппозицияны қаржыландыру ендігі уақытта тоқтатылуы ықимал. Оның себебін мақала авторы соңғы кездері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қарсыластарын қудалаудың үйреншікті құбылысқа айналғандығымен байланыстырыпты. Осы сөздеріне дәлел ретінде мақала авторы кезінде экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің де сыртынан сотталғандығын, сондай-ақ таяуда оппозиция өкілі Асылбек Қожахметовтың інісі Талғат Қожахметовке қарсы қылмыстық істің қозғалғандығын мысалға келтіріпті.
XS
SM
MD
LG