Accessibility links

Ата-аналар мен талапкерлер мемлекеттік грант бойынша кімдердің оқу алатындығын біле алмай отыр


Қазақстанның білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған комиссия тамыздың 5-10-аралығында мемлекеттік грант арқылы жоғарғы оқу орындарында оқитандарды анықтауы тиіс болатын. Алайда, республиканың түкпір-түкпірінен келген ата-аналар мен талапкерлер университеттердің қабылдау комиссиясының шешімін күтіп, сарылып жүр.

Еуразия университетінің қабылдау комиссиясының шешімін күтіп жүрген өзбекстандық Бақтыгүл Ыстыбаева мен талапкер Гүлмира Шыназарова үкіметтің оралмандарға барлық мемлекеттік гранттың 2 пайызының ғана беріліп отырғандығымен келіспеушіліктерін білдіреді. Ал, Маңғыстаудан арнайы келген Сайран Нұрмақова, комиссия шешімі кешеуілдеген сайын оның әділдігіне ата-аналардың сенімі азая түседі деген ойын айтты.

«Оның сыбайласқан жемқорлыққа, тамыр-таныстықпен жүзеге асырылмасына ешкім кепілдік бере алмайды», - дейді Сайран Нұрмақова.

Ал, Петропавлдық 111 балл жинаған Яна Кондратьева, комиссия шешім шығару кезінде коррупциялық іс-әрекетке жол берілетіндігіне онша сенбейтінін айтады.

«Бірақ, олай болған күнде де оны ешкім өзгерте алмайды» деген пікір білдіреді талапкер.

Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы аграрлық университеттің оқытушысы Сапар Кенжебекұлы жылда комиссия шешімі тамыздың ортасында «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланатындығын айтады. Ата-аналар мен талапкерлердің талап етіп отырған жайы нақты ақпаратты ешкімнің бере алмауында жатыр дейді ол.

Еуразия университетінің қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Раушан Қалиеваның айтуынша, комиссия шешімінің толық қай күні шығарылатыны белгісіз болып отыр. Хабарды жасау барысында білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Жанар Үсіпбековамен хабарласқанымызда, ол комиссия шешімі тамыздың 13-іне қарай шығарылуы мүмкін екендігін айтты. Ал «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Жанболат Аупбаев жоғарғы оқу орындарында кімдердің мемлекеттік грант негізінде оқуға ие болғандығы туралы тізім газетте тамыздың 15-16 күндері жарияланады деп отыр.
XS
SM
MD
LG