Accessibility links

Алматыда Абай Құнанбайұлының 160 жылдығына арналған мерекелік шара өтті

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Тамыздың 10-күні Алматыдағы Абай ескерткішінің жанында қала әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының және халықаралық «Абай» қорының ұйымдастыруымен «Адамзаттың Абайы» атты мерекелік поэзия күні өтті. Бұл шара ақынның туғанына 160 жыл толуына орайластырылды.

Ақын Абай Құнанбайұлының 160 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға жиналған жұртшылық ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Халық алдында сөз алған Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетов: «Адамзат баласына ортақ тұлға - ақын Абай Құнанбайұлының дүниеге келген күніне орай бас қосу жасқы дәстүрге айналды”, деді.

Жазушы Талаптан Ахметжан қазақта ақын да, дана да көп, бірақ Абайдың алар орны ерекше дейді:

«Неге десеңіз, Абай адамзаттық ақыл-ойдың биігіне, хакімдік деңгейге көтерілген ойшыл, гуманист ақын. Абай поэзиясы тамыры тереңде жатқан қазақ ауыз әдебиетінен, батыс пен орыс әдебиетінен де сусындаған. Абайдың қара сөздерінің өзі әлемдік философияның биігіне көтеріліп тұрған ойшыл дүниелер».

Ақынның ұрпағы 79 жастағы Ғазел Жағыпарқызы: «Біз бақытты ұрпақпыз. Абай атамыздың меретойларына куә болып халықпен бірге тойлап келе жатқан. Бабамыз мәңгі тірі, тірінің тірісі деп есептейміз” дейді.

Мерекелік шарада ақын өлеңдерін жарыса жатқа оқып, өздері ақынға жыр арнаған жастар қатары да аз болған жоқ. «Адамзаттың Абайы» атты мерекелік поэзия күніне жиналған халық белгілі өнер шеберлерінің орындауындағы Абай әндерін тыңдады.
XS
SM
MD
LG