Accessibility links

Тайландта есірткімен ұсталған қазақстандық төрт азаматты өлім жазасына кесу туралы сот үкімі өмірлік түрме жазасына өзгертілді

  • Досан БАЙМОЛДА

Биылғы жылғы қаңтар айының 19-ы күні әлемдегі есірткі саудасы үшін ең қиын, ең қауіпті жер саналатын, ел арасында «Алтын үшбұрыш» деп аталған Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Тайланд пен Бирма шекарасы маңында 3 кг-нан астам героинмен ұсталған қазақстандық төрт азаматты тамыздың 5-күні Тайландтың Шиангай провинциясының соты өлім жазасына кесуге үкім еткен болатын. Тағы бірер күн өткенде, өлім жазасы есірткі тасымалдаушы төртеуді өмір бойы түрмеде қалдыру туралы басқа жазаға алмастырылды.

Бұл іске Қазақстан сыртқы істер министрлігі де араласып, Қазақстан азаматтарының өмірін сақтап қалу мақсатында Тайланд жағымен дипломатиялық келіссөздер жүргізді. «Соның нәтижесінде, Шиангай соты өзі өлім жазасына кесу туралы шығарған алғашқы үкімін өзгертіп, қазақстандық төрт азаматқа өмір бойы түрмеде отыру жазасын берді» дейді, бұл туралы «Азаттық» радиосына хабарлаған Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров. Оның айтуынша, Тайланд заңы бойынша, есірткіге қатысты жауапқа тартылған қазақстандық төрт азаматтың ісі – ауыр қылмыстар қатарына жатып, үлкен айып болып саналады екен. Біріншіден, олар есірткі тасымалы қылмысын топтасып істеген, екіншіден, есірткінің ең ауыр түрі саналатын героинды көп мөлшерде, яғни 3 килограммнан артық шамада тасымалдаған, ал үшіншіден, олар есірткіні өз денелеріне, дәлірек айтқанда - асқазандарына жасырған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі өкілінің айтуынша, Тайландта сотталған қазақстандық төрт азамат - Сергей Бобт, Даниел Тихонов, Дмитрий Карабин және Александр Цойдың жас шамалары 20-22 жас арасында екен. Тайланд сотының шешімімен оларды енді Шиангай қалалық орталық түрмесінен Тайланд астанасы Бангкок қаласының түрмесіне ауыстырмақшы. Қазақстандық екі азаматтың ата-анасы түрмедегі ұлдарымен кездесу мақсатында Алматыдан Бангкокке қарай ұшып кетіпті.

Жалпы, Тайланд корольдігі есірткі саудасы мен тасымалына қатысты ең ауыр жаза қолданатын ел ретінде белігілі. Алайда, Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаровтың айтуынша, Тайланд сотының тағы бір ерекшелігі бар көрінеді. Ол - сот үкімі шыққан соң үкімге қатысты аппеляциялық сот қарауының автоматты түрде жүретіндігі.

«Бәлкім, аппеляциялық сот қазақстандық азаматтарға қатысты соңғы шешімін тағы өзгертіп, олардың өмір бойы түрмеде отыру жазасын жеңілдетер деген үміт те жоқ емес», - дейді Қазақстан сыртқы істер мекемесінің өкілі.

Ал, Таиландта қамауда отырған қазақстандық әлгі төрт жас азамат ол героинды қайда апара жатқан еді? Ол жағы әзір белгісіз қалып отыр.
XS
SM
MD
LG