Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.11.2005 жыл


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда жарық көретін мерзімді және кейбір электонды басылымдардың басты қаһарманына айналып, алдағы президент сайлауының қашан өтетіндігіне байланысты түрлі болжамдар айтылыпты. Кейбір сарапшылардың айтуынша, Мемлекет басшысы үшін оппозицияның да алдағы Президент сайлауына қатысуы маңызды мәселе болып табылады.

“Қазақ үні” газетінде жарық көрген “Ауылға келші, Нұрсұлтан көке!” атты мақалада Алматы облысынан редакцияға хат жолдаған оқырман мемлекет басшысының өзі тұратын аймаққа келгендігіне тоқталып, осы жердегі ауылдардың ауыр ахуалы туралы сөз қозғапты. Мақала авторы ауыл тұрғындарының ата-аналарының зейнетақысына ғана қарап отырғандығын және мектеп бітірген жастардың оқуға мүмкіндігінің жоқ екендігін айта келіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үш жылды ауыл жылы деп жариялағаныңызбен, ауыл үшін не істелінді деген сауал қойыпты. Сондай-ақ, газетке хат жолдаған автор Нұрсұлтан Назарбаевқа ауылының жағдайын өз көзімен көріп кетуге ұсыныс жасапты.

“Литер” басылымына берген сұхбатында режиссер Александр Головинский Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы тағы бір фильм түсіріп болғанын хабарлапты. Газет тілшісіне берген сұхбатында А.Головинский осы кезге шейін де Назарбаев туралы бірнеше фильм түсіргенін және олардың бәрінің де көрерменнің көңілінен шыққандығына тоқталыпты. Сондай-ақ, режиссер А.Головинский газет тілшісіне аталмыш фильмнің Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасын нығайтудағы мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың орны туралы екендігін әңгімелеп беріпті.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев “Свобода слова” басылымына берген сұхбатында мемлекет басшысы үшін оппозицияның да алдағы президент сайлауына қатысуының маңызды мәселе болып табылатындығын атап өтіпті. Сәтпаевтың пікірінше, биліктің әділ сайлау өткізуге дайын екендігі туралы іс-әрекеттерінің бәрі де көзбояушылық қана болып табылады. Осы сөздеріне дәлел ретінде Досым мырза барлық әкімшілік және ақпараттық ресурстардың биліктің қолында шоғырланғандығын мысалға келтіріпті. Досым Сәтпаевтың айтуынша, Қазақстандағы ықпалы күшті саяси топтар Нұрсұлтан Назарбаевтың билік басынан кеткенін қаламайды. Сондай-ақ, Досым Сәтпаев мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жеткенімен оның тағы жеті жыл билік басында отыра алатындығына күмән келтіріпті.

«Время» газетінде жарық көрген Ирина Севостьянованың мақаласында президент сайлауының қашан өтетіндігінің анықталмауының түрлі қиыншылықтар туғызып отырғандығы айтылыпты.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “МК в Казахстане” басылымында жарық көрген Жанар Бірлікқызының мақаласында, жұма күні Конституциялық Кеңесте президент сайлауының қашан өтетіндігіне байланысты пікірталастың жалғасатындығы баяндалыпты. Автор өз мақаласында осыдан 1 ай бұрын Мәжілістің 50 депутаты Конституциялық Кеңестен президент сайлауының қашан өтетіндігіне байланысты сұрау салғандығына тоқталып, осы мәселенің үлкен дау-дамай туғызып жатқандығын атап өтіпті. Мақала авторының айтуынша Конституция бойынша президент сайлауын 2005 жылы да немесе бір жылдан кейін де өткізуге болады. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, егер де Конституцияның 1 бабының 41 тармағына жүгінсек, онда президент сайлауы 2005 жылдың желтоқсан айында өтуі тиіс. Өйткені президенттің жеті жылдық мерзімі 2006 жылдың 20 қаңтарында аяқталады. Ал, егер де Конституцияның 1 бабының 94 тармағына жүгінсек, Президент сайлауы 2006 жылдың 1 желтоқсанында өтуі қажет. Алайда мұндай жағдайда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев билік басында 11 ай заңсыз отырған болып саналады екен.

Ал, “Еуразия интернет-парақшасында” жарық көрген Сергей Дувановтың мақаласында биліктің өзі президенттік сайлауды қашан өткізу туралы бір шешімге келе алмай отыр деген болжам жасалыныпты. Мақала авторы мұның себебін биліктің Қазақстанмен көршіліс елдерде төңкерістердің орын алып жатқандығымынан қатты сескенетіндігімен байланыстырыпты. Мақала авторының айтуынша мұндай жағдайда әділетсіз президенттік сайлау өткізу Қазақстандағы ресми билік үшін өте қауіпті қадам болып табылады.
XS
SM
MD
LG