Accessibility links

Алматы қаласында көп қабатты автотұрақ пайда болды

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Үстіміздегі жылы Алматы қаласындағы автокөліктердің саны 200 мыңнан асыпты. Мамандардың айтуынша алдағы уақытта да Алматы қаласында автокөліктің саны бұдан да көбейе түспек. Соған байланысты қала ішінде автокөлік тұрақтарын тиімді ұйымдастыру – бүгінгі таңдағы өзекті проблемалардың біріне айналып отыр. Қала әкімшілігі алдағы уақытта Алматыда мұндай көпқабатты автотұрақтардың санын көбейтуді жоспарлап отырғанын айтады.

Алматы қаласының тұрғыны Ерлан есімді жігіт күнде кешкілік өз меншігіндегі “Ауди” автокөлігін қоятын орын табу оңайға түспейтінін айтады. Қазақстандағы ресми ақпарат бұлақтары тамыздың 11-күні Алматы қаласындағы Мақатаев пен Нүсіпбеков көшелерінің қиылысында қала ішіндегі көпқабатты алғашқы автотұрақтың пайдалануға берілгендігі туралы мәлімет таратқан болатын. Алайда, біз осы көпқабатты автотұраққа барғанымызда, оның ішіндегі құрылыс жұмыстары әлі аяқталмапты. Көп қабатты автотұрақтың жалпы көлемі 1586 шаршы метр екен. Ресми мәліметтерге жүгінсек, бұл көп қабатты автотұраққа 479 автокөлік сияды. Біз осы салынып жатқан көпқабатты автотұрақтың ішіне кіргенімізде, оның күзетшісі, қожайынның жоқ екендігін айтып, бұл жерден кетуімізді өтінді.

Жалпы, салынып жатқан көпқабатты автотұрақта әлі көптеген жұмысшылар еңбек етіп жатыр екен. Солардың бірі Анатолий есімді азамат алатын айлықтарының аса көп емес екендігін әңгімелеп берді.

“Мен Кеңес үкіметі кезінде осындай құрылыста істегенім үшін табатын айлығым өмір сүруіме молынан жететін. Ал, қазіргі қолыма тиетін табысым салыстырмалы түрде алғанда Алматы облысы бойынша өте аз жалақы болып табылады”, - деді Анатолий.

Ал, осы жаңадан салынған көпқабатты автотұрақ орналасқан Мақатаев көшесінің бойында автокөлік қоятын ашық автотұрақтарды кезіктіруге болады. Асан есімді такси жүргізушісі күн сайын осы жерге көлігін қойғаны үшін елу теңге төлейтінін айтып берді.

Ресми ақпарат бұлақтары таратқан мәліметтерге жүгінсек, Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов келешекте қалада жүздеген көпқабатты автотұрақтардың салынатындығын айтып отыр.
XS
SM
MD
LG