Accessibility links

Алматыдағы адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның кеңсесі тоналды


Дүйсенбі күні Адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның Алматы қаласындағы бас кеңсесі тоналғаны белгілі болды. Бұл жайтты үкіметтік емес ұйым қызметкерлері таңертең жұмысқа келгенде бір-ақ көргенін айтады.

Біз осы мекеменің бас кеңсесі орналасқан Алматы қаласындағы Абай мен Масаншы көшелерінің қиылысындағы 83 үйге келгенімізде, заң орындарының қызметкерлері тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның кеңсесіндегі сыртқы есіктің құлпы бұзылмағанымен, ішкі есіктердің құлыптары сынған екен. Оқиға орын алған жердегі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатқан құқық қорғау орындарының қызметкерлері, осы жерге жиналған БАҚ-тың өкілдеріне, әзірше ешқандай да түсініктеме бере алмайтындықтарын айтып, жұмыстарына бөгет жасамауымызды өтінді. Кеңсенің тоналғандығын ең алдымен аталмыш мекеменің бас бухгалтері Ольга Тимофеевна көріпті.

«Бүгін таңертең 9.30-да жұмысқа келіп, құлыпқа кілтті салғанымда, ол бұралғанымен есіктің өзі ашылмады. Осы кезде есіктің ішкі жағында тағы бір ілгіштің бар екендігі менің есіме түсті. Содан кейін мен жұмысқа ертерек келген біреу есікті ішінен, ілгішке жауып алған шығар деп ойладым да, іштегілерді шақырайын деп сыртқа шықсам, біреулер темір торды қиып, терезені сындырып кетіпті» деді, Ольга Тимофеевна.

Адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис іссапарда жүргендіктен, біз осы мәселеге қатысы оның орынбасары Жеміс Тұрмағамбетованы әңгімеге тарттық. “Азаттық” радиосына берген сұхбатында Жеміс Тұрмағамбетова кеңседен 13 процессор мен жаңадан сатып алынған 6 монитордың ұрланғандығын хабарлады. Тұрмағамбетова кеңсені тонаған адамдардың ұсталатындығына сенімді емес екенін айтады. Оның айтуынша, соңғы кездері ресми билік тарапынан аталмыш бюроға айтылған сындардың да, осы оқиғаға қатысы болуы ықтимал.

Ал, Адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның заңгері Мария Пульман, бұл оқиғада саяси астар болуы ықтимал деп санайды екен.

«Менің ойымша, бұл әншейін қарапайым ұрлық емес. Бұл халықаралық құқық қорғау ұйымының жұмысын тұралатып тастау мақсатында ойластырылып жасалған әрекет болуы ықтимал. Өйткені, соңғы кездердегі бұл халықаралық ұйымның жұмысы – билікке ыңғайсыздық туғызып, оның тамағына кептелген сүйектей болып келеді» деді, Адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның заңгері Мария Пульман. Сондай-ақ, Пульман өз сөзінде өзінің компьютерде сақталған барлық құжаттарының да жоғалып кеткендігін айтты.

Аталмыш бюроның дәл жанында орналасқан «Саммит» атты ЖШС-те үстіміздегі жылы тоналған көрінеді. «Саммит» фирмасының қызметкері Степань Малахатьконы әңгімесіне қарағанда, ол үстіміздегі жылы олардың кеңсесін тонап, монитор мен принтерді ұрлап кеткен баукеспелердің әлі күнге дейін ұсталмағандығын айтып берді.

Ал, Адам құқын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюросына, осымен екінші рет белгісіз біреулердің қастандығына ұшырап отыр. Атап айтқанда, 1999 жылдың 4 қарашасында белгісіз біреулер оған өрт тастаған еді.
XS
SM
MD
LG