Accessibility links

Астанада кәмелетке толмаған қаңғыбас балалардың саны 473-ке жеткен

  • Ескендір ЕРТАЙ

Астанада қорғансыз қалған, нақты тұрағы жоқ балалар мен кәмелетке жасы толмаған қаңғыбастар көбейіп барады. Бүгінгі таңда олардың тізімге алынғандарының өзі 473-ке жеткен. Ал, Астанадағы жасөспірімдерді уақытша оқшаулау және бейімдеу орталығында бұрыннан орын жетіспейді.

Астанадағы ішкі істер бөлімінің жасөспірімдерді уақытша оқшаулау және бейімдеу орталығының инспекторы Айгүл Мұсаханқызының айтуынша, аталмыш мекемеде 31 бала тәрбиеленіп жатыр.

«Олардың 14-і уақытша мекемеде тұру мерзімін өткізіп алғандар. Ал, қаладағы жетім балалар үйінде орын жоқ», - дейді инспектор А.Мұсаханқызы.

Ішкі істер министрлігінің кәмелетке жетпеген жасөспірімдермен жұмыс жасау жөніндегі басқарма бастығы Галина Хабарованың айтуынша, Астананаың өзінде жағдайсыз отбасында тұрып жатқан балалар саны 900-ге жеткен. Осы жыл басынан бері он қаңғыбас, қорғансыз бала табылса, 473 қараусыз бала анықталып отыр.

Астанадағы ішкі істер бөлімінің жасөспірімдерді уақытша оқшаулау және бейімдеу орталығының инспекторы Айгүл Мұсаханқызының айтуынша, заң бойынша балалардың бұл мекемеде ең ұзақ тәрбиеленетін уақыты алты айдан аспауы қажет. Алайда, мұнда жылдап тұрып жатқандар бар екен.

Жыл өткен сайын Астанада баласын асырау құқығынан айырылған ата-аналардың да қатары көбейіп келеді. Дима есімді қазақ баласы сегіз айдан бері осы уақытша оқшаулау және бейімдеу үйінде тұрса да әке-шешесіне, туыстарына барғысы келмейді. Өйткені, ішімдік ішетін өгей әкесі мұны араққа жұмсап, ұрып-соғады екен.

Ішкі істер министрлігінің кәмелетке жетпеген жасөспірімдермен жұмыс жөніндегі басқарма бастығы Галина Хабарованың айтуынша, өткен жылы Астанада 62 ата-ана өз баласын асырау құқығынан айрылса, биылғы жылдың алты айында 24 ата-ана сондай құқықтан айрылған. Олардың балалары да осы уақытша оқшаулау және бейімдеу орталығына орналастырылған. Астана қалалық уақытша оқшаулау және бейімдеу орталығының бастығы Евгения Шевченконың айтуынша, қаңғыбас және қорғансыз балалар Астанада өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 25 пайызға артып кеткен.
XS
SM
MD
LG