Accessibility links

“Каменка” ауылының бір топ тұрғыны баспана үшін өздерін өртеуге әрекет жасады

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сейсенбі күні Алматы облысы, Қарасай ауданы, Каменка ауылындағы бір топ отбасы қолдарына жанармай құйылған шөлмектер ұстап, газ баллондарын үйлерінің алдына шығарып, өз-өздерін өртейміз деп мәлімдеді. Олар осы уақытқа дейін өздері тұрып келген баспанадан сот шешімімен шығаруға келген заң адамдарын осылайша тоқтатпақ болды.

Тамыздың 16-күні заң қызметкерлерінің, Каменка ауылында тұрып жатқан бір топ отбасыдан, жерлерін босатуды қатаң түрде талап етіп, баспаналарын бұзуға кірісуіне наразы болған тұрғындар осындай қадамға баратындарын айтты. Наразылық білдірушілердің айтуынша, бұдан он жыл бұрын осы мекенге тұрақтағанда, жердің иесі Тезекбай Исаев есімді адам оларға кейіннен құжаттарын дұрыстайтындығын айтып, уәде берген екен. Алайда кейіннен ол бұл жердің шетелдік компанияға сатылып кеткендігін айтып, оны босатуды сұраған. Бұған тұрғындар қарсы болған соң, іс сотқа түскен. Ол істі қараған сот шетелдік компаниясының пайдасына шешім шығарғаннан кейін, заң қызметкерлері келіп, тұрғындардан жеді босатуды талап еткен. Бірақ, тұрғындар бұл жерден кетуден үзілді-кесілді бас тартқан соң, тамыздың 16-күні жәрдемге полиция күшін ерте келген сот орындаушылары Каменка ауылындағы кейбір отбасылардың баспаналарын бұзуға кірісті.

Терезесі шағылып, кіре берістегі есігі сынған үйдің иесі Нұржекен Исағұлова полиция қызметкерлері өзін мәжбүрлеу жолымен, тұрып жатқан үйінен шығаруға әрекет жасағанын айтып берді. Бетіне дақ түсіп, екі көзі жылудан бұлаудай боп ісіп кеткен Каменка ауылының кішкентай тұрғыны, жасы тоғыздан енді асқан Мөлдір Асылханова, сейсенбі күні таңертең үйін бұзуға келген полиция қызметкерлерінің, ата-анасымен қоса, оның өзін де сабап жібергендігін айтып, өксіп-өксіп жылады. Осы кезде сегіз жастан асқан Арай есімді келесі бір кішкентай тұрғын да өзі тұрып жатқан үйдің бұзылғанын айтып, жылап жіберді. Жалпы, Каменка ауылындағы даудың басталғандығына аз уақыт болған жоқ. Ауыл тұрғындарының бірі Сәрсегүл Әбдіраманованың айтуынша, олар бұл дауға байланысты Астанаға дейін барған.

«Тапқан-таянғанымызды жинап, жағдайымызды айту үшін Астанаға екі рет барғанымызбен, Нұрсұлтан Назарбаевқа кіре алған жоқпыз. Мемлекет басшысы бізді керек етіп, мұңымызға құлақ аспаса, біз кімнің қолында жем болып өлуіміз керек?» - деді, Каменка ауылының тұрғыны Сәрсегүл Әбдіраманова.

Қолына бір шөлмек жанармай мен сіріңке ұстап алып, газды балонның үстінде отырған Ұлпан Ниетбаева есімді әйел, егер жерлерін тартып алса, өзін өртеп жіберуден тайынбайтындығын айтып берді.

Нұрзада Рахимова есімді Каменка ауылының тағы бір тұрғыны мұң-мұқтаждарын айту үшін, Алматы қалалық әкімшілігінің алдына барғанында, ресми биліктің оларға қарсы күш қолданып, қолдарын бұрап, Бостандық ауданының абақтысына апарып қамағандығын тілге тиек етті.

Сейсенбі күні Каменка ауылында жүрген “Нағыз Ақ жол” партиясының тең төрағасы Болат Әбілов, “Азаттық” радиосына берген сұхбатында бұл мәселеге байланысты, әкімшілікпен де, заң орындарымен де сөйлескендігін, алайда олардың райларынан қайтқысы келмей отырғандығынан хабардар етті. Қарасай ауданының аға сот орындаушысы Асхат Байшапановтың орын алған оқиғаға байланысты берген түсініктемесі төмендегідей болды:

«Біз бірнеше рет осы жердің тұрғындарына, оларды шығаратынымызды ескерткенбіз. Бұл бұрынғы саңыраулар қоғамының жері болып табылады. Олар бұл жерді “Металл Инвестке” сатып жіберіпті. Ал олар, сатып алған жерлерінен адамдарды шығарып беруді сұрап, сотқа шағым-арыз түсірді. Міне, сондықтан да біз қазір бұл жердің халқын мәжбүрлеу жолымен шығарып жатырмыз. Өйткені, бұл адамдар осы жерді өз еріктерімен босатқысы келмей отыр. Біз бұл жерді босатып беру үшін аудандық ішкі істер басқармасының полициясын іске қостық. Әрі қарай ахуалдың қалай өрбитіндігін уақыт көрсетер. Алайда, бұл жердегі адамдарды мәжбүрлеп шығару одан әрі де жалғаса береді».

Каменка ауылының тұрғындары болса, қазіргі уақытта Нұрсұлтан Назарбаевтың облыстарды аралап жүргендігін айтып, мемлекет басшысы халықтың жағдайын шын ойлап отырса, біздің жағдайымызды неге білуге келмейді деген уәждерін жеткізуімізді өтінді. Сейсенбі күнгі оқиғадан кейін, Қарасай аудандық соты Каменка аулының бір топ тұрғындарына, бұл жерді босатуға, тағы он күн уақыт берді.
XS
SM
MD
LG