Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.16.2005 жыл


Сейсенбі күнгі жарық көрген басылымдар бетінде саяси-әлеуметтік мәселелермен қатар мәдени тақырыптарға кеңірек орын беріліпті. Кейбір басылымдар сайлау тақырыбына назар аударса, енді бір басылымдар өткен апта аяғында Алматы облысында тойланған Райымбек батырдың 300 жылдығын басты тақырып етіп алыпты.

Тамыздың 16-күнгі “Жас Алаш” басылымында Мұхтар Жанұзақұлы “Бай-бағыланның сайлауы” атты мақаласында Парламенттің жоғарғы палатасы – Сенатта босаған 16 орынға жаңа депутаттар сайлау мерзімінің жақындап қалғандығына тоқталады. Автор: “Мәжіліс қабылдаған заңдарды сүзгіден өткізіп, президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы соттың төрағасы мен судьяларын сайлайтын, жергілікті өкілетті органның жұмысын тоқтата алатын, Мәжіліс президентті қызметінен кетіру туралы бастама көтерген жағдайда, сол мәселені қарастырып қос палатаның отырысына шығаратын Сенаттағы бұл өзгеріс қоғамда үлкен қызығушылық тудырып, сайлаудың маңызы ерекше болуға тиіс еді”, деп жазады. Одан әрі автор оқырмандар назарын “Хабар” телеарнасы жүргізген сауалнамаға аударып, сауалнамаға тартылған Алматы тұрғындарының көпшілігі бірде-бір сенаторды білмейтіні аян болған дейді. Мұхтар Жанұзақұлы: “Қос палаталы классикалық үлгідегі парламенті қалыптасқан елдерде сенаторлар жергілікті элита өкілдерінен, өмірдің үлкен белестерінен өткен ақсақал саясаткерлерінен құралады, ал бізде 30 жастан асқан, сайланатын аумағында кемінде 3 жыл тұрған адам сенатор атана алады. Сенат депутатын сайлайтын таңдаушыларда демокартиялық жолмен сайланған мәслихат депутаттары болу керек. Осыдан екі жыл бұрын өткен мәслихат сайлауының дауы да көп болып, әкімшілік ресурстарды пайдаланғаны жөнінде аз айтылған жоқ”, дейді. Мұхтар Жанұзақұлы өз мақаласында енді сол заңдылығы күмән тудыратын мәслихат Сенат құрамын жасақтайды. Әкімшіліктің дегенінен шыға алмайтын мәслихат сайлайтын, кандидаттардың басым бөлігі бай-бағылан болса, “бұл Сенаттың халыққа қажеті бар ма? - деген сауал қояды.

Сайлау тақырыбы басылым бетінде одан әрі “Реформаның” зардабы ауыр болуы мүмкін” атты мақаламен жалғасын тауыпты. Мақалада: “Қазақстан сенаторларының сайлауы кеңес заманындағыдай “дүркіреп” өтетін түрі бар. Сайлауға бірде-бір оппозиция өкілінің қатыспайтындығы былай тұрсын, президент партиясындағы кадрлардың өзі оған “құлай берілу” деңгейіне байланысты сынақтан өтеді. Депутаттар сапына ең сенімді адамдарды топтастыру бұл режимге қазір ауадай қажет”, деп жазады автор Сәкен Салимов.

Ал “Айқын” басылымының соңғы санында “Кіндік Азиялық өзге елдермен салыстырсақ, Қазақстан аймақтағы ең басты ойыншы болу құқығына ие” атты сұхбатында саясаттанушы Досым Сәтпаев өтетін мерзімі әлі белгісіз болып отырған президент сайлауы төңірегінде ой бөлісіпті. Досым Сәтпаев: “Президенттік сайлауда таза тартыс екі тұлға - қазіргі елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен “Әділетті Қазақстан үшін” демократиялық қозғалысының атынан ұсынылған кандидат Жармахан Тұяқбайдың арасында өтеді. Ал додаға түсуге талпынған өзге үміткерлер, олардыкі тек қара көбейту” дейді. Өз сөзінде Досым Сәтпаев: “Президентке сөз жоқ толыққанды жеңіс керек. Алайда, ол 100 пайыздық дауыспен жеңіске жетуі мүмкін емес. Мұндай жағдай тек авторитарлық, диктаторлық режимге тән дүние. Ал біздегі жағдай өзгеше. Сондықтан сайлаушылардың 70-80 пайыз даусын алуға әрекет жасалатын шығар”, деп болжам жасайды.

Сейсенбі күнгі сандарында “Егемен Қазақстан”, “Экспресс К”, “Казахстанская правда” басылымдары өткен апта аяғында президенттің Алматы облысына жасаған сапары мен Райымбек батырдың 300 жылдық мерейтойына ерекше назар аударыпты. Басылымдарда “...Аққу ұшып, қаз қонған, қайран Қарасазым-ай” деп Мұқағали жырлайтын Қарасаз өңірінде өткен Райымбек батырдың 300 жылдық мерейтойы халық жадында ұзақ сақталады дейді. Мақала авторлары: “Батыр туралы жаңа кітаптар жарық көрді, Райымбек батыр ұрыс салған Аяққалқанда ескерткіш тас орнатылды. Демек той өтті, белгі қалды”, деп тұжырым жасайды.
XS
SM
MD
LG