Accessibility links

«Нұр-Мүбәрәк» университетінің проректоры Қазақстан мұсылмандар одағының басшысын және «31» телеарнаны сотқа берді

  • Досан БАЙМОЛДА

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Мысыр президенті Хосни Мүбәрәктің қолдауымен Алматыда бой көтерген «Нұр-Мүбәрәк» университетінің проректоры Шәмшеддин Керім Қазақстан мұсылмандары одағы басшысын және «31» телеарнаны өзі басқаратын университеттің абырой-беделі мен жақсы қызметіне кір келтірген деп тауып, олардан моральдық шығын өтеуді талап етіп сотқа арыз түсірген.

Бұл талап-арызы жайында тамыздың 17-күні «Азаттық» радиосына берген сұқбатында университет проректоры Ш.Керім осы діни жоғарғы оқу орнының атына кір келтіретіндей жалған ақпараттар мен мәліметтерді таратты деп Қазақстан мұсылмандары одағының президенті Мұрат Телебеков пен «31» телеарнадан 3 миллион 30 мың теңге көлемінде моралдық шығын талап етіп отырғанын жеткізді. Өз сөзінде ол Қазақстан мұсылмандары одағы деген ұйым ресми тіркеуден еш жерде өтпеген, заңсыз ұйым деп атады.

Ал, «Нұр-Мүбәрәк» университетінің проректоры сот арқылы 3 миллион 30 мың теңге көлемінде моральдық шығын өтеуді талап етіп отырған екеудің бірі – «31» телеарнаның ақпараттық редакциясының бас редакторы Серік Сарыбаев, «Нұр-Мүбәрәк» университеті проректорының бұл сотқа шағымын негізсіз деп санайтынын айтады.

«Себебі, біздің телеарна осы мәселеге байланысты тек Қазақстан мұсылмандары одағының президенті Мұрат Телебековтың ғана пікірін берген жоқ, ол хабарда «Нұр-Мүбәрәк» университеті басшылығының да пікірі берілген, яғни екі жақтың да пікірлері таныстырылған болатын. Алайда, қазір телеарна заңгерлері проректор Ш.Керімнің сотқа шағымын зерттеп сол мәселемен айналысып жатыр», - деді С.Сарыбаев.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз-хатшысы Өмірбек Оңғар қажы болса, Қазақстан мұсылмандары одағы деген ұйым төрағасы Мұрат Телебековпен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арасында ұзақтан бері түсініксіз жағдайдың қалыптасып отырғанын айтты. Оның айтуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «азамат М.Телебеков діни басқарма атына кір келтіретін жалған ақпараттар таратты» деп тауып, оның үстінен сотқа арыз беріпті. «Алайда М.Телебеков көптен бері Қазақстаннан сырт жақта жүргендіктен, оны сот алдына әкелу мүмкін болмай отыр» дейді Оңғар қажы.
XS
SM
MD
LG