Accessibility links

Алматыда күшті жер сілкінісі болуы мүмкін бе?

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Тамыз айының 16-сынан 17-сіне қараған түні Алматы қаласы маңайында 2-3 баллдық жер асты дүмпуі тіркелді. Сейсмология институтының мамандары: “Алматыда 2-3 баллдық жер асты дүмпулері жиі тіркелгенімен, 2006 жылға дейін күшті жер сілкінісі болмайды”, деген болжам айтып отыр.

Алматы қаласы маңайында тіркелген жер асты дүмпуі туралы сәрсенбі күні «Азаттық» радиосына Қазақстанның Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің баспасөз қызметкері Қайрат Тарыбаев төмендегіні хабарлады:

«Эпицентрі Алматы қаласынан 45 км шығысқа қарай байқалды, күші Алматы қаласында 2 балл, ал Есік қаласында 3 баллға дейін жер сілкінісі сезілген. 2-3 балл деген - энергетикалық класы төмен әлсіз жер асты дүмпуі саналады».

Алматыдағы Сейсмология институты директорының орынбасары Мәлік Мырқасымұлы:

«2-3 баллдық жер асты дүмпулері Алматы өңірінде күніде тіркеліп тұрады. Алматы өңіріне Қытай шекарасынан бері Балқаш көлі, Отар, Ыстықкөлге дейінгі жерлер жатады. Осы өңірлерде күніне 30-ретке дейін әлсіз жер асты дүмпулері сезіледі. Сондықтан 2-3 баллдық жер асты дүмпуі тіркелді деп халықты дүрліктірудің реті жоқ. Бұны жердің демалысы деп қарастырған жөн. Ал қауіпті жер сілкінісі Алматыда биылғы жылы болмайды”, - деді.

Ал, «жаман айтпай, жақсы жоқ», күшті жер сілкінісі бола қалған жағдайда, оған дайындық жұмыстары қандай? Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің баспасөз қызметкері Қайрат Тарыбаев:

«Орын алуы мүмкін төтенше жағдайға министрліктің құтқару қызметі әрдайым дайындық үстінде болады. Бірақ, бәлен күні жер сілкінеді, біз оған 100 пайыз дайынбыз деп кесіп айту қиын», - дейді.

Жалпы, 2003-2010 жылдарға арналған Алматы қаласының даму бағдарламасында «егер Алматыда күші 9 баллға жететін жер сілкінісі бола қалса, оған қаладағы құрылыс ғимараттарының тек 50 пайызы ғана төтеп беруі мүмкін» деген болжам айтылады. Мамандар бүгінгі күні 1,5 млн халық тұрып жатқан Алматы қаласында жоғарыдағы құжатта айтылғандай зілзала орын ала қалса, қаншама зардап әкелетінін елестетудің өзі қиын, тіпті 700 мыңға жуық адам баспанасыз қалуы мүмкін деген болжаулар жасайды.

Кейінгі жылдары құрылыс саласы қарқынмен дамып жатқан Алматы қаласында ғимараттардың зілзалаға беріктігі сәулетшілер мен тиісті мемлекеттік мекемелер тарапынан ескеріле ме? Бұл сауалды «КазГорпроект» академиясының бағалау бөлімі бастығының орынбасары Мағжан Мырзабекке қойған едік.

«Құрылыс жұмыстары жүргізілмес бұрын құрылыс нысандары салынатын аймақтың сейсмикалық белсенділігі ескеріліп, стандартты нормаға сай жобалау жұмыстары жүргізілуі тиіс. Ал жобалау мекемелері ұсынған стандартты норма сақтала ма, жоқ па - ол жағы құрылыс жұмыстарын жүргізетін фирмаларға байланысты. Айталық, бетонды белгіленген нормаға сай құймаса, ол 3-4 баллдық жер сілкінісі кезінде де құлап қалады. Сондықтан, құрылыс жұмыстары басталғаннан кейін бақылаушы органдар құрылыс фирмаларының жұмыстарын қадағалап отыруы керек”, - дейді Мағжан Мырзабек.
XS
SM
MD
LG