Accessibility links

Қырғызстандағы президенттік сайлаудан кейін саяси, экономикалық жағдайда қандай өзгерістер байқалады?

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Қырғызстан халқы өзінің жаңа президентін сайлады. Бас министрлікке де жаңа премьер келді. Жаңа өкімет пен парламенттің алдында тың реформалық өзгерістер, жаңа мәселелерді шешу секілді жауапты шаралар тұрғандығы анық. Сайлау жүйесі бойынша халықаралық қордың сарапшыларының пікірінше, қырғыз еліндегі жаңа басшылық Ақаев биліктен кеткен қысқа мерзімнің өзінде бірқатар нәтижелі табыстарға, игі өзгерістерге қол жеткізген.

Дегенмен, Вашингтонда өткен дөңгелек үстел бас қосуына қатысқан талдаушылардың айтуынша, жаңа президент Бақиевтің үкіметі, енді 5 айды артқа салған кезде, халықтың үмітін сөндіріп алмау үшін, алдымен экономикалық мәселелерді қолға алуы қажет болады.

Еуропа мен Азиядағы Сайлау жүйесі бағдарламасының жетекшісі Родуншолд, заңды сайлау нәтижесінде таққа отырған президент Бақиев, дау-дамаймен сайланған жаңа парламентпен қызметтес болуда жаңа мәселелерді шешуіне тура келер, деген болжам айтады.

Құрманбек Бақиевтің алдында тұрған міндеттердің бірі Конституцияны жаңарту. Ал, ол мәселе халықтық референдум немесе парламенттің шешімімен іске асуы мүмкін. Талқыланатын көптеген мәселелердің арасында сол парламенттің өзін қайта құру да бар. Солардың бірі, партиялық тізім бойынша тағы да 30 депутат сайлана ма, әлде қайта сайлау өткізу керек пе, деген мәселе, - дейді бағдарлама авторы.

Қырғыз еліндегі Наурыз төңкерісінен бері де 5 айдан асты. Сонда Парламенттің жаңа құрамы, немесе жаңа сайлау жөнінде Бақиев және оның командасы бірер жаңа жоспар ойластырып жатқан жоқ па екен?

Жаңа жетекшілік, бәлкім, әзірше тыныштық, тұрақтылықты қалап отырған болар. Олардан бірер жаңа жоспар байқалмайды. Қырғыз парламентінде негізінен президент Ақаев кезінде сайланғандар отыр. Сондықтан, қазіргі қырғыз парламенті Грузия мен Украинаның президенттік сайлауынан кейін сайланған үкіметшіл парламентерінен бүтіндей парық қылады. Оған себеп, бұл парламентте Ақаевтің бірқатар қолдаушылары отыр, дейді Руденшолд. «Сайлау жүйесі бойынша халықаралық қормен қызметтес бірқатар жастар да бұл күрделі жағдай, дейді. Олардың пікірінше, ол парламент заңсыз жолдармен сайланған. Ол парламенттің аға ұрпақ өкілдері әрине сол құрамда қалғанын қалайды», - дейді Руденшолд.

Руденшолдтың пікірінше, сайлау жүйесінде көптеген реформалар қажет, сайлау кезіндегі қаржылық жағдай және сайлау өткізудің заңды талаптарын жүзеге асыру үшін мамандарды жаңа жаттығу дайындығынан өткізу қажет екен.

Құрманбек Бақиев таққа отырудың салтанатты рәсімі кезінде жұмысты алдымен сыбайлас жемқорлықпен күрес және экономикалық мәселелерді шешуден бастаймын, деп уәде етті. Ал, саяси мәселелер кейінгі кезекте тұрғандай.

Жер көлемі жағынан Қырғызстан - Тәжікстанмен қатарлас. Ал бес Франциядай келетін Қазақстанмен салыстырғанда оның жер аумағы шамамен 20 есе кіші болар. Қазіргі жылдық бюджет көлемі 400 млн доллардай ғана. Мысалы, жақында АҚШ пайызсыз берген кредит Қырғызстанның жылдық бюджетінің тең жартысын құрайды екен. Теңізге шығар жолы жоқ. Негізінен ауыл шаруашылығымен шұғылданады. Жан басына шаққандағы жылдық ішкі табыс - 1600 долларды ғана құрайды.

Халықаралық сайлау қорынан Қырғызстан бойынша бағдарлама жетекшісі Том Вудтың айтуынша, режим ауысқалы бері елде күш көрсету, зорлық-зомбылық, ұлтаралық қақтығыстың және шетелдік интервенцияның болмауы Қырғызстан үшін аса маңызды құбылыс болып тұр.

Бірақ, Том Будтың ескертуінше, шүкіршілік деуге әлі ертерек, себебі жаңа белсенді қауым үкіметтен, алдымен, экономиканың, тұрмыстық жағдайдың жөнделе түскендігін талап етеді.

«Ауыл-аймақтағы кедейшілік, ондағы инфрақұрылымның бұзылуы тіршілік-тұрмысқа кері әсер етті. Сондықтан, Бақиев үкіметінің алдында атқарылуы тиіс үлкен міндеттер тұр», - дейді Том Вуд.

Ал Қырғызстанмен көршілес Өзбекстанда болған Әндіжан қырғынының осыған дейінгі, және алдағы кездегі әсері қалай болуы мүмкін? Наурыздағы ол қырғыннан қашқан жүздеген жанға Қырғызстан уақытша баспана берді. Қазіргі кезде ол өзбек босқындарының 450-дейі Еуропадағы транзиттік лагерлерге қабылданды. Бірақ, Қырғызстан халқының 13 пайызы, яғни 650 мыңдайы өзбектер болғандықтан көршілес Өзбекстанда болатын кез-келген толқудың кері ықпалы болуы әбден мүмкін.

«Сондықтан, Қырғызстан лаңкестікпен күресте АҚШ-қа берген уәдесін орындап, ежелден одақтас Ресей елі және көршілес алып Қытаймен өзара қарым-қатынасты қалыпты сақтап тұрудай қызық та қиын жағдайда қалып отыр», - дейді Халықаралық сайлау жүйесі қорының Орталық Азия елдері бойынша бағдарлама жетекшісі Антони Боер.
XS
SM
MD
LG