Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.18.2005 жыл


Кейбір тәуелсіз газеттер мен опозициялық бағытты ұстанатын интернет басылымдарда “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбайдың прокуратурадан заңды түсіндіру деген мағынадағы хат алғандығы және оның Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарын қалай аралағандығы баяндалыпты. Ал, мерзімді басылымдарда 2005 жылдың 24 тамызында сағат 20.00-де республикалық телеарналарда Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен тікелей эфир хабары басталатындығы айтылыпты.

“Жас Алаш” басылымының бейсенбі күнгі санында «Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбайдың Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған ашық хаты жарияланыпты. Оппозициялық күштерден ортақ үміткер ретінде алдағы президенттік сайлауда бағын сынағалы отырған Жармахан Тұяқбай, өз атына прокуратурадан “заңды түсіндіру” деген мағынадағы хаттың келгендігін және осы хат арқылы олардың заңсыз сайлауалды үгіт жүргізді және заңды бұзды деген кінә таққысы келіп отырғандығын хабарлапты. Жармахан Тұяқбай прокуратураның бұл хатын мемлекет басшысының саяси бәсекелестікке дайын еместігінің айғағы ретінде бағалапты. «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбай бүгінгі биліктің әділетті сайлаудан ат-тонын ала қашатындығы туралы өз ойын білдіріп, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың облыстарды аралауын оның астыртын түрде жүргізіп жатқан, президенттік сайлау алдындағы дайындығы ретінде бағалапты. Ж.Тұяқбайдың айтуынша, Нұрсұлтан Назарбав пен оның қарамағындағылар бекітілген уақыт кезеңінен бұрын сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын бастап, «Қазақстан Республикасының сайлау туралы» Конституциялық заңының 50-бабының 2-тармағын бұзып отыр. Сондай-ақ, Жармахан Тұяқбай өзінің ашық хатында президент сайлауына мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлыққа батқан жүйесімен күресу үшін және Қазақстанда болып жатқан озбырлықтар мен заңсыздықтарды тоқтату үшін түсетіндігін мәлімдепті.

“Свобода слова” басылымы болса «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбайдың Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облысында болған іс-сапарының қалай өткендігіне егжей-тегжейлі тоқталыпты. Мақала авторының айтуынша, Жармахан Тұяқбайдың Маңғыстау облысына іссапары барысында, кездесуді ұйымдастырушылардың бірі, осы аймақтағы «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының басшысы Үмбетов он бес күнге абақтыға қамалады. Ал, Ақтау қаласында Жармахан Тұяқбайдың халықпен кездесуін болдырмау үшін жалға алынған орындар жабылып, жарық өшіріліп, неше түрлі тосқауылдар жасалады.

“Куб” интернет-парақшасында жарық көрген мақалада «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбайға ресми билік тарапынан жасалатын қысымның күн өткен сайын күшейіп бара жатқандығы баяндалыпты. Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, оппозицияны қудалау арқылы ресми билік оның жақтастарын қорқытып, алдағы сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың толық жеңісін қамтамасыз етуді көздеп отыр. Алайда Досым Сәтпаев билік тарапынан жасалып жатқан мұндай қатқыл қадамдар алдағы президент сайлауына кері әсерін тигізуі мүмкін деп есептейді.

Ал, “Егемен Қазақстан”, “Казахстанская правда” және “Московский комсомолец в Казахстане” басылымдары 2005 жылдың 24-тамызында сағат 20.00-де республикалық телеарналарда Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен тікелей эфир хабары басталатынын хабарлапты.

“Литер” басылымы «сіз Президентке тікелей эфирде қандай сауалдар қояр едіңіз» деген тақырыппен оқырман сұрақтарын жариялапты. Астана қаласының студенті Салтанат Донбаева «егер мүмкіндік туса, неліктен 40 балл ала алмаған менің таныстарым жоғарғы оқу орындарына түсіп кетті» деген сауал қоятындығын айтыпты. Ал Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Гриценко болса «қашан Қазақстанда соғыс ардагерлерін тегін емдейтін мүмкіндік туатынындығын» білгісі келеді екен.
XS
SM
MD
LG