Accessibility links

Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Ақан Бижанов Сенат депутаты болып сайланды

  • Досан БАЙМОЛДА

Жұма күні таңертең Алматы қалалық әкімшіліктің мәжіліс залында Алматы қаласынан Қазақстан парламенті сенатына депутат сайлауы өтті.

Мәжіліс залына жиналған қалалық мәслихаттың депутаттары мен халықаралық және жергілікті бақылаушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдында қалалық мәслихаттың хатшысы Төлеубек Мұқашев сенат депутатын сайлау мәжілісінің ашық екендігін жариялап, барлық 37 мәслихат депутаттарынан 36 депутаттың сайлауға келгендігін, яғни сайлау өту үшін керек дауыстың бар екендігін мәлімдеді.

Бұдан соң қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Дәулет Байділдинов Алматы қаласынан Қазақстан парламенті сенатына депутат сайлауын ұйымдастырып жүргізетін сайлау комиссиясының құрамын және мүшелерін таныстырған соң, сенат депутаттығынан үміткер 3 кандидаттың, яғни 1955 жылы туған, ешқандай партияда жоқ, депутаттыққа өзін-өзі ұсынған Алматы сервис колледжінің директоры Маран Тақабаев, 1949 жылы туған, саясаттану ғылымының докторы, «Отан» саяси партиясының мүшесі, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Ақан Бижанов және 1956 жылы туған, ешқандай партияда жоқ, Алматы «Экологстрой» мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Әбдіғани Атымтаевтардың Сенат депутаттығынан үміткер ретінде сайлау бәсекесіне түсетінін хабарлады.

Бұдан соң қалалық мәслихаттың 36 депутаты осы 3 үміткердің аттары жазылған бюллетеньдер арқылы жасырын түрде өз дауыстарын берді. Дауыс беру аяқталысымен-ақ, қалалық сайлау комиссиясының мүшелері жәшіктің ішіндегі бюллетендерді санағанда 36 депутаттың 34-і қала әкімінің кеңесшісі Ақан Бижанов үшін, бір депутат Маран Тақабаев үшін дауыс бергені анықталды. Ал бір бюллетень жарамсыз деп танылды.

Сонымен Ақан Бижанов алдағы 6 жыл мерзімге парламент сенатына Алматы қаласынан сайланған депутат болып баратын болды. Бұл жолғы сайлауды Грузия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия секілді 11 мемлекеттен келген халықаралық және жергілікті бақылаушылар бақылап отырды. Солардың бірі Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясының өкілі Ғалия Ғалымбекова бұл сайлаудың заңды түрде ашық жағдайда өткендігін айтты.
XS
SM
MD
LG