Accessibility links

Конституциялық кеңес Қазақстанда президент сайлауын 2005 жылдың желтоқсан айында өткізген жөн деп тапты


Тамыздың 19-күні Конституциялық кеңес Қазақстанда кезекті президент сайлауы 2005 жылдың желтоқсан айының алғашқы жексенбісінде өтіп, жаңадан сайланған президент 2006 жылғы қаңтардың 11-де ант қабылдағаны дұрыс деген ұйғарым жасады. Ендігі сөз - Парламент еншісінде. Егер олар Конституциялық кеңестің бұл сөзін құп көрсе, Мәжіліс депутаттары алдағы қыркүйек айында президент сайлауының күнін ресми түрде жария ететін болады.

Сонымен, бір айдан астам уақыт президент сайлауының мерзімін талқылаған Конституциялық кеңес республика Конституциясы 41-бабының пәрмені 94-бапқа қарағанда жоғары деп тапты.

«Сондықтан, кезекті президент сайлауы 2005 жылдың желтоқсан айында өтуі тиіс», - дейді Конституциялық кеңестің төрағасы Игорь Рогов.

Ал Конституциялық кеңестің мүшесі Хабылсаят Әбішов Конституцияның 41-бабын «президент жеті жыл мерзімге кіріспейді, жеті жылға сайланады деп жазылған», - түсіндірді.

«Үстіміздегі жылдың желтоқсан айында президент сайлауында жеңіске жеткен президент келесі жылдың, яғни 2006 жылдың 11-қаңтарында ант беруі тиіс. Ал бұл 1999 жылғы қаңтардың 20-да қызметіне кіріскен Мемлекет басшысының өкілеттік мерзімін қысқартпайды», - дейді Конституциялық кеңестің төрағасы Игорь Рогов.

Осыған дейін Конституциялық кеңестің, сарапшылардың талқысына түскен өтпелі кезеңге арналған 94-баптың күші енді жойылды. Бұлай деп Конституциялық кеңестің мүшесі Хабылсаят Әбішов айтып отыр. Оның сөзіне сүйенсек, өтпелі кезеңге арналған баптар бір-ақ рет қолданысқа түседі екен.

Ал президенттік сайлауға ортақ үміткерін үкілеп отырған «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшелері үшін Конституциялық кеңестің шешімі тың жаңалық болмаған секілді.

«Өйткені, президент сайлауының биыл өтетінін бұрыннан білгеміз», - дейді осы қозғалыстың Астанадағы филиалының жетекшісі Серікбай Әлібаев.

Ал саясаттанушы Берік Әбдіғалиев билік саяси ойын ойнап отыр деп санайды. «Билік өз қарсыластары - оппозиция алдын-ала дайындалмасын деп, ал өздері алдын-ала бүкіл облыстарды аралап жүр. Осыдан-ақ сайлаудың биыл өтетінін аңғаруға болар еді», - дейді ол.

«Президент сайлауының мерзімін сайлауға үш жарым ай қалғанда жария етуін биліктің қазіргі оппозициядан қорқуы деп түсіну керек», - дейді «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі Серікбай Әлібаев.

Ал саясаттанушы Берік Әбдіғалиев болса, «қоғамда президент сайлауының мерзімін ұзақ уақыт талқыға салып, одан кейін Конституциялық кеңестің биыл өтуі керек деген шешімінен биліктің өзді-өзі парламентті оппозиция орнына қойып, демократия ойынын ойнап отырғанын көрсетеді», - дейді.

Ол сонымен бірге, демократиялық мемлекеттерде халық президент сайлауының мерзімін сайлауға үш жарым ай қалғанда емес, бір жыл бұрын біліп отырады дейді.
XS
SM
MD
LG