Accessibility links

Израиль Палестинаның Батыс жағалау, Газа аймағынан өз тұрғындарын кері көшіру операциясын аяқтау алдында


Бұл аса жауапты да күрделі шараны Израиль шамамен 3 күннің ішінде іске асырып отыр. Әзірше 21 қоныстан түгелдей көшпеген 4 елді мекен ғана қалды.

Еврей тұрғындарының кері миграциясы жөнінде Газа аймағынан соңғы сәттерде келіп түсіп жатқан дерек-мәліметтерге сүйенсек, оның барысында айтарлықтай кедергілер де жоқ емес сыңайлы. 40 жылға сәл аз уақыттан бері жайғасып, үйреніп қалған жайлы жайдан оңайлықпен кете қойғысы келмейтін еврей азаматтары өздерінше қарсылық танытып жатыр.

Бірақ олардың үйлерінің төбесіне дейін шығып, синагогаға кіріп алып бекініп, БТР, танктердің алдына тәуекел деп жатқанына да қарамай, Израиль армиясының әскері оларды бульдозермен итеріп, крандармен көтеріп, көліктерге басып тиеп көшіруді жалғастыруда. Қазіргі уақытқа дейін Шарон үкімет көшіруге жоспарлаған 21 мекен-жайдағы тұрғындардан тек 4-еуінде ғана еврей азаматтары әзірше қалып отыр.

Ал бұл арада палестиналықтар өздерінің қуанышты көңіл-сезімін білдіріп жатыр. Шетелдік басқыншылық кесірінен 38 жылға жалғасқан қантөгісті соғыс, қанды қырғын, үзіліссіз қақтығыс-жанжал, жанпидашылық бомба жарылыстарынан кейін, басқыншы тәубасына келіп, кері қайтса жергілікті халық қалайша қуанбасын, шаттанбасын!

Алдымен, жауынгерлігі, бүлікшілдігімен белгілі «Хамас» тобы өз жанпидашылық бомба шабуылдарын тоқтатты. Бірақ, айта кеткен жөн, соңғы екі тәулікте Израиль жағынан бір-екі рет шабуыл болып, палетиналықтардан кісі шығыны, жарақат алғандары болды. Дегенмен, Израильдің бас министрі Шаронның бастамасымен жасап отырған бұл кері көшу шарасына жалпы халық риза. Газадағы босатылған әуе алаңында өзін құттықтаған халыққа Палестина жетекшісі Махмұд Аббас қуанышпен былай деді:

«Біз бұл күндері тарихи кезді бастан кешірудеміз. Газа жолағынан еврей тұрғындарының кері көшуі - бұл керемет тарихи жағдай».

Палестина автономиясының президенті Аббастың айтуынша, Израильдың Газа аймағынан кері қайтуы, Палестин халқы өмірін қиып жасаған құрбандық, халықтың сабыр-тағатының нәтижесі. Оның пікірінше, уақыты келіп, Израиль палестиналықтардікі делінген барлақ аумақты босататын болады.

«Алғаш жасалған бұл қадам, Алла бұйырса, Женин, Батыс жағалау және Йерусалемде табыспен жалғасады», - дейді Махмұд Аббас.

Сонымен, еврей тұрғындарының негізгі бөлігі кезінде басып алған аумақтан көшіп кете бастады. Енді ол аудандарда, Палестина президенті Аббастың уәдесіне қарағанда, соңғы 5 жылдағы жанжалдарда қираған үйлерден аумақ тазаланып, палестин азаматтарына жаңа қоныстар, кеңселер салынбақ. Өткендегі соғыс шайқастары кезінде жарақат алған, зардап шеккендерге үкіметтік деңгейдегі қызметтен 5 пайыз орын бөлінбек.

«Біз енді өз азаматтарымыздың қауіпсіз, тыныш мұқтажсыздықта өмір сүруін қамтамасыз етуіміз керек. Сол үшін алдымен елді қайта құрып, экономиканы дамытуымыз лазым», - деді Махмұд Аббас.

Дегенмен, еврей тұрғындарын кері көшіру оңайлықпен іске асып отырған жоқ. Мысалы, Ғадид қыстағында наразы тұрғындар өрт қойып, тас боран ұйымдастырған. Оларды бульдозердің көмегімен ғана кері шегіндірген. Бір мекенжайда әскерлер мен полиция сақшыларының төбесінен сұйық химикат құйып жіберген. Олар күйіп қалған. Соған қарамастан қауіпсіздік күштері мың шақты қарсыласты тұтқындап, күшпен көшірген.

Жалпы алғанда, жоспар бойынша, Газа жолағындағы еврей тұрғындары алдағы сейсенбі, тамыздың 23-іне дейін ол жерден түгелдей көшіп кетулері тиіс.
XS
SM
MD
LG