Accessibility links

Мәскеуде «қара базарда» ұсталған осмий изотопы қай елде өндірілген?

  • Досан БАЙМОЛДА

Ресей ақпарат көздерінің хабарлауынша, өткен сәрсенбі күні Мәскеу полициейлері ядролық бомба жасауға қажет болатын аса құнды әрі табиғатта өте сирек кездесетін салмағы 5 грамм шамасындағы осмий металлын сатпақ болған халықаралық қылмыскерлер тобын қолға түсірген. Басылымдар бұл топ Ресей және Қазақстан азаматтарынан құралғанын және алдын-ала болжау бойынша, аса құнды металл Қазақстаннның бір кәсіпорнынан ұрланған деген ақпарат таратып отыр.

«Қазақстанның қазба байлықтары» атты ғылыми-зерттеу кітабының авторы, экономика ғылымының докторы Рахман Алшановтың айтуынша, табиғатта аса сирек кездесетін осмий элементі бар кеніш орны әлемде екі елде ғана бар. «Оның бірі Қазақстан болса, екіншісі Чили елі» деп жазады автор. Алайда, Чилидегі осмий кеніші жаңа кеніш деп саналатындықтан, одан осмий элементін өндіру ісі қолға алынбаған. Сондықтан, осы металлды өндіру ісі әзірге әлемде жалғыз Қазақстанда бар деп жазады Р.Алшанов.

Жезқазғандағы «Жезқазғанредмет» кәсіпорны бүгінгі күні осмий металлын келісім бойынша әр граммын 10 мың доллардан Чехияға шығарады дейді ол. Р.Алшановтың пайымынша, негізінде Чехия бұл металлды өзі пайдаланбайды, ол одан әрі ғылым мен технологиясы жоғары, дамыған елдердің біріне сататын болуы да мүмкін деген болжам айтады.

«Ал, осы осмий секілді метталлдың ұрлануы, оның заңсыз саудаға түсуі қызық жайт, тек қана осы металлды өндіретін кәсіпорынға қатаң бақылау орнату арқылы бұны тұзақтай аламыз», - дейді ол.

Қазақстандағы Ядролық Физика Институты директорының орынбасары, физика ғылымының докторы Петр Шәкиров болса, Ресей баспасөздері шуылдатып жатқандай, осмий элементі ядролық бомба жасауға пайдаланылмайды деп отыр.

«Осмий металлы өте қатты әрі жоғарғы температураға төзімді болғандықтан ғылыми-зерттеу мақсаттарындағы түрлі тәжірибелерде катализатор ретінде пайдаланылады», - дейді ол.

Ол, сондай-ақ, осы металлдың ғарыш техникасына қолданылатындығын да жоққа шығармайды. Қазақстандағы тәуекелшілдікті бағалау тобының жетекшісі Досым Сатпаевтың айтуынша, стратегиялық маңызға ие, табиғатта сирек кездесетін осмий секілді металлдар мен радио-изотоптардың халықаралық қылмыскерлер тарапынан Қазақстаннан ұрланып, беймәлім адамдар мен топтар қолына түскендігі туралы батыстың кейбір ақпарат құралдары мен Ресейдің ақпарат бұлақтары жиі көтеретін болды.

«Бұған бір жағы осындай стратегиялық маңызға ие заттардың сақталуы, бақылауда болуы Қазақстанда болсын, Ресейде болсын, тиісті деңгейде емес болса, екінші жағынан «түймедейді түйедей» қып көрсету, Қазақстанның атақ абыройы мен жақсы атына әдейі кір келтіру мақсаты да жоқ емес», - дейді Досым Сатпаев.
XS
SM
MD
LG