Accessibility links

Аралда аштық жариялап жатқандарды тағы да полиция ұстап әкетті

  • Гүлмира ХАМЗА

Тамыздың 22-күні Қызылорда облысындағы “Аралтұз” кәсіпорнының 2 жұмысшысы қамауға алынып, 8 адамға 20 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы дүйсенбі күні «Азаттық» радиосына хабарлаған наразы топ өкілдері, билік бұлардың талаптарына құлақ аспаса, Арал ауданы орталығына дейін жаяу жорыққа шығатынын айтып отыр.

Дүйсенбі күні Қызылорда облысы Арал ауданы Жақсықылыш қыстағына аудан орталығынан 50 шақты полиция қызметкерлері келген. Тамыздың 5-інен бастап “Аралтұз” кәсіпорнының жекешелендіруін тексеруді талап етіп, аштық акциясын жалғастырып жатқан наразылы топтың жетекшісі Жомарт Қартбаевтың айтуынша, полиция сақшылары наразылық білдірген кейбір азаматтарды қамауға алу үшін келген дейді.

«Таңғы сағат 6.30 келіп, 50 шақты милиция қоршауға алды. Біздің шатырымызды бұзып, әйелдер мен аналарды шаштарынан сүйретіп, машинаға салып, алып кетті. Мұндай оқиғаны көріп, біздің мемлекеттегі әділеттік қайда қалған деген ойға қаласың», - дейді, наразы топ жетекшісі Жомарт Қартбаев.

Оның айтуынша, түстен кейін 11 жұмысшының 2-і қамауға алынып, 8-іне 20 мың теңге көлемінде айыппұл салынған, ал денсаулық жағдайы нашарлаған 1 әйелді ауруханаға әкеткен. Орын алған жағдайға наразы болған топ жетекшісі Жомарт Қартбаев мұның артында Арал ауданы әкімі Нажімаддин Мұсабаев тұр дегенді айтады. Ал әкім Нажімаддин Мұсабаев өз кезегінде наразы топтың өзін кінәлайды.

«Бұл дауылдың артында аштық жариялаған әйелдер емес, Жомарт Қартбаев емес - басқа бір күштер тұр. Ал, негізінен олардың талаптары заңсыз, себебі жекешелендіру мәселесін көтеретін болса, онда мемлекет заңдарын да қайта қарау керек. Сол себептен олардың талаптары да, олардың наразылық шаралары да заңсыз», - дейді Арал ауданының әкімі Нажімаддин Мұсабаев.

Қазіргі кезде наразы болып отырған жұмысшылар тобы өз қатарларында жүрген әріптестерінің денсаулығына алаңдаулы. Жомарт Қартбаев жергілікті жердің дәрігерлері оған көмек көрсетуден бас тартқанын айтады.

«Екі күн бұрын аштық жариялап Сағыныш Ниязов деген жігіттің жүрегі ауырып қалды. Қазірге кезде дәрігерлер оны Арал апару керек, деп айтып отыр. Біз оны Аралға апарғымыз келеді, бірақ жолда оны қамауға алып қоя ма деп қорқамыз. Ал, жергілікті дәрігерлер оған қызмет көрсетуден бас тартып отыр».

Бұл мәселені айтып наразылық білдіруші топ Қазақстан президентінің өкілі, Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік инспектор Сұлтан Ноғаевқа жеткізіпті. Өз кезегінде Сұлтан Ноғаев тамыздың 22-күні “Азаттық” радиосына берген сұхбатында бұл мәселені өз бақылауында ұстап отырғанын айтты.

«Мен, аудан әкіміне, оның орынбасарына сенемін. Денсаулығы нашарлаған кісілерді жедел жәрдем көрсететін қызмет мамандары бақылап отыр. Бұл жерде дәрігерлер өз жұмысын жақсы білетінін ұмытпау керек. Себебі, егер олар дер кезінде ауырып жатқан адамға көмек көрсетпесе, онда заң алдында жауап беретінін жақсы біледі ғой», - дейді Қазақстан президентінің өкілі, Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік инспектор Сұлтан Ноғаев.

Ал наразылық білдіруші жақ бұл айтқан деректерді жоққа шығарып отыр.

«Ешкім көмек көрсетіп жатқан жоқ, біз өзара ақша жинап, денсаулығы нашарлаған азаматтарға дәрі-дәрмек алып, күн көріп жатырмыз. Өткенде аштық жариялаған бір әйел сырқаттана бастағанда жедел жәрдем көмегін әрең, біздің айқайымыздан кейін көрсетті».

Осылайша, “Аралтұз” кәсіпорнының жекешелендіруіне наразылық білдіріп отырған азаматтар мен қарсы тарап әзірге бір келісімге келе алмай отыр.
XS
SM
MD
LG