Accessibility links

Алматыда Шанхай мәдени күндері өтуде

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Тамыз айының 21-25-і аралығында Алматы қаласында Шанхай қаласының мәдени күндері өтуде. Осы шара аясында Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясында Шанхайдың халық музыка аспаптарының концерті өтті.

«Қазақстанның тарихы, мәдениеті жайлы біле бермейміз. Бірақ, Қазақстанды Шанхай Ынтымақтастық ұйымының мүшесі ретінде танимыз. Өнерді тану, насихаттауда бұл сапарымыз өте маңызды. Екі ел арасындағы мәдени байланыстар бұдан кейін нығая түседі деген үміттеміз. Шанхайлық өнерпаздардың бұл жолғы сапары жан-жақты деп айтуға болады. Өнер шеберлерінің орындауындағы Пекин операсы, ұлттық музыка және “Жабайы құлан” балеті көрермендер қызығушылығын тудырады деп ойлаймын», - дейді «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Шанхай халық аспаптар оркестірінің жетекшісі Кай Жунь Ху.

Делегация мүшесі, Шанхай оркестрінің музыканты Фан Юй Қазақстан туралы хабарының жоқ екендігін айтады. Ол Қытай өнерін тамашалауға келген қазақстандықтарға өз алғысын білдірді.

Шанхай өнерпаздары қытай туындыларымен қатар Дэн Ви Миннің өңдеуімен қазақтың “Шашу” және “Сұлу қыз”, “Айналайын” әндерін шырқап, оркестр «Гәкку» мен «Абай» операсындағы «Айдардың әнін» орындады. Осы орайда біз Алматы жұртшылығына да сөз кезегін ұсынған едік.

«Іргемізде тиіп тұрған ел болғаннан кейін олардың ішкі жан-дүниесін танып-білуіміз керек, әрине. Ол елді өнері мен мәдениеті арқылы ғана тани аламыз. Сол тұрғыдан алғанда бізге керек. Бірақ, қазір - екі қарап, бір шоқитын уақытта - әр нәрсеге байыппен, салмақпен, сақтықпен қарағанымыз да жөн. Ол елде 23 жылым өтті, ол ел жайлы жақсы білемін деп айта аламын, - дейді Ермұтар Зейіпхан ісімді азамат.

Қазақстанның халық әртісі, профессор Мұхтар Өтеуов: «Қытайлық өнерпаздар өнерде шекара жоқ екенін дәлелдей түскендей болды. Өйткені, қазақ шығармаларының өзін оркестрге түсіріп, шеберлікпен орындады. Біздің музыканттар осындай өнер жиындарына қатысып, сабақ алулары керек», дейді.

Ал профессор Сұлтанғали Садырбаев: «Қытай халқы ежелгі халық, бұлардың сурет, музыка өнері, әдебиеті ғасырлармен өлшенеді. Қытайлық өнерпаздар біздің қазақ әндерін орындады. Мен сол үшін рахметімді айтамын» дегенді айтты.

Алматыда Шанхай қаласының мәдени күндері бағдарламасы шеңберінде Шанхай кинематографистері түсірген телефильмдер көрсетіліп, «Арман» кино-орталығында көркем фильмдерінің апталығы өтуде. Аталмыш шара тамыздың 25-і күні Алматыдағы Республика сарайында қытай-қазақ өнер майталмандарының концертімен қорытындыланбақ.
XS
SM
MD
LG