Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.24.2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Қазақстанда құс тұмауының өрши бастауы сәрсенбі күнгі жарық көрген мерзімді басылымдардың баса назар аударған тақырыбы болып отыр. Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысындағы Дубровный, Талапкер және Новолобова жерінен құс тұмауының жаңа ошақтары табылыпты. Осыған орай Қытайдан, Шығыс Азия елдерінен және Ресейден құс етін әкелуге тиым салыныпты.

“Газета kz” апталығында жарық көрген Анна Павлованың мақаласында Қазақстанда құс тұмауының өрши бастауына байланысты аймақтарда күз маусымы кезіндегі аңшылыққа тиым салынғандығы хабарланыпты. Мақала авторының айтуынша, құстарға жұққан вирус келешекте адамдардың да ауруға шалдығуына өз ықпалын тигізуі мүмкін. Автор өз мақаласында ең бірінші кезекте бұл ауруды құс фабрикаларында жұмыс істейтін азаматтардың жұқтыруы мүмкін екендігіне тоқталып, Қазақстан аймақтарындағы дәрігерлердің құс тұмауын жұқтырғандарды таба алмауы, ондай адамдардың жоқ екендігін білдірмейді деген қорытынды жасапты.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Аргументы и факты” газетінің “Қазақстан” қосымшасында құс тұмауы туралы қатарынан үш мақала жарық көріпті. Алла Забойнаяның мақаласында Оңтүстік-Қазақстан облысының орталығында құс тұмауына қарсы шаралардың жасалып жатқандығы баяндалыпты. Атап айтқанда “Оңтүстік құс” сынды ірі құс фабрикасының әкімшілігі соңғы шараға шейін барып, аталмыш фабрикаға жақын бес шақырым қашықтықтағы төрт мыңға жуық құсты қырып салыпты. Ал, журналист Анна Четинаның мақаласында Солтүстік Қазақстан облысында құс тұмауы тіркелгеннен кейін, Петропавловск қаласы әкімінің орынбасары Павел Глобаның төрағалық етуімен құс тұмауына қарсы профилактикалық жұмыс жүргізуге байланысты қалалық штабтың отырысының өткендігі айтылыпты. Павел Глобаның айтуынша, құс тұмауына қарсы ең алғашқы кезекте қалаға келетін азық-түлік тауарларын қатаң бақылауға алу шараларын қарастыру көзделіп отыр.

“Экспресс К” басылымы болса, бүгінгі таңда құс тұмауының Қазақстанның жеті тұрғын пунктінен табылғандығын хабарлапты. Газет тілшісінің хабарлауынша, қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысындағы Дубровный, Талапкер және Новолобова жерінен құс тұмауының жаңа ошақтары табылған. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, профилактикалық жұмыс кезінде көзі жойылған құстардың саны он үш мыңнан асып кеткен. Сондай-ақ автор өз мақаласында қазіргі таңда Қытайдан, Шығыс Азия елдерінен және Ресейден құс етін әкелуге тиым салынғандығын да атап өтіпті.

“Айқын” газеті болса көптеген құс фабрикаларының қызмет көрсету аясына шектеу қойылғандығына тоқталып, індет ошақтары табылған жердің бәрінде де карантин жарияланғандығын сөз қылыпты. Мақала авторының айтуынша, жойылған құстардың өтемақысы үшін 5 миллион 671 мың теңге бөлініпті. Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринария департаментінің директоры Асылбек Қажымұратовтың айтуынша, министрлік тарапынан өтемақы көбейту жөнінде үкіметке ұсыныс жіберіліпті. Ал, Ауыл шаруашалығы министрлігі ұсынып отырған өзгерістер қабылданған жағдайда бір құстың құны үшін – 735 теңге өтемақы беріледі екен. Сондай-ақ автор өз мақаласында Ресейде індет болған үй құстары санының 139 мыңға жеткендігін де тілге тиек етіпті.

“Литер” басылымы болса Қазақстанда құс тұмауына байланысты қауіптің қазан айының аяғына шейін аяқталмайтындығын хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, қазан айының аяғында жаз құстары ұшып кеткеннен кейін ғана көктемге шейін, құс тұмауын жұқтыру қаупі жойылады. Газет тілшісінің хабарлауынша, құс тұмауын зерттеу үшін Қазақстанға Италия мен Голландиядан білікті мамандар келмекші. Мақала авторының айтуынша, кейбір облыстарда қауіпсіздік ережелерінің қатаң сақталмауы құс тұмауының қатты белең алуына септігін тигізіп отыр.
XS
SM
MD
LG