Accessibility links

Қазақстан сыртқы істер министрі Қ.Тоқаев: «Алдағы президент сайлауы әділ өтеді»


Бұл күндері АҚШ-та ресми сапармен жүрген Қазақстан сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс ханыммен кездесуде және шетелдік ақпарат құралдарына берген сұхбатында, Қазақстанда алдағы өтетін кезекті президент сайлауы әділ әрі ашық түрде өтеді, ол үшін барлық жағдай жасалады деген уәде беріп, шетелдіктерді сендіргісі келеді. Ол сондай-ақ, алдағы сайлауға қазіргі президент Н.Назарбаевтың түсетіндігін, бұл жолы да ол жеңіске жетеді деген пікірін айтқан.

«Қазақстан басшылығы Грузияда, Украинада және Қырығызстанда болған түрлі-түсті төңкерістердің нақты себептерін зерттеп, одан қорытынды жасап отыр, ең маңыздысы - сайлаудың ашық, әділ әрі дұрыс, халықаралық талаптарға сәйкес өтуіне ерекше мән беру қажет» деген Қ.Тоқаев. Қазақстанда өтетін президент сайлауын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ОБСЕ) бақылаушылары бақылайтын болады, ал ресми Астана болса 2009-шы жылы осы ұйымға төрағалық етуге дәмелі.

«Сондықтан, ОБСЕ болсын, сайлаушылар болсын бұл сайлауға қатысты қандай да бір күдікте қалмаулары керек.», - дейді Қ.Тоқаев.

Ол өз сөзінде 2004 жылғы парламент сайлауы кезіндегідей билік тарапынан Н.Назарбаевтың «Отан» партиясына қайткен күнде дауыстарыңды бер деп сайлаушыларды күштеген жайт осы жолғы президент сайлауында болмайды деп сендіргісі келеді. Қазақстан басшылығы да бұндай күш қолданудан ештеме шықпайтынын түсініп отырғанын шетелдіктерге жеткізген Қ.Тоқаев, елде азаматтық қоғам рөлі мен бейресми ұйымдар рөлі әлі де жоғары болуы керек деп санайтынын айтады

Биылғы жылдың маусым айында Алматыда өткен халықаралық конференцияға қатысқан американдық қаржыгер, филантроп Джорж Сорос Қазақстан басшылығы елде репрессиялық амалдарды қолдануға бармаса, онда бұл елде билік ауыстыратындай түрлі-түсті төңкеріс шыға қоятындай басқа себеп жоқ деген пікір білдірген болатын. Алайда, алдағы президент сайлауына біріккен оппозиция атынан бірегей кандидат ретінде ұсынылып отырған «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының төрағасы Жармақан Тұяқбай халық билікке наразы, өйткені тұрмыс-тіршіліктері әлі нашар адамдар елде көп, сондай-ақ елді сыбайлас жемқорлық жайлаған, сондықтан да алдағы сайлауда билік жеңіледі, ең дұрысы қазіргі президент Н.Назарбаев бұл туралы ойланып, өз кандидатурасын ұсынбағаны дұрыс болар деген пікір айтады.

Саясаткер Дос Көшім Қ.Тоқаевтың АҚШ-қа сапарын, ондағы айтқандарын ескере отырып, билік тарапынан алдағы президент сайлауына деген дайындықтың басталғанын айтады. «Билік АҚШ тарапынан қолдау іздейді» дейді ол. Ал саясаттанушы Досым Сатпаев болса, билік осы жолғы сайлауда қалайда жеңетініне сенімді, сондықтан да ол үшін ең маңыздысы - халықаралық қауымдастық пен қазақстандық сайлаушылар алдында сайлаудың заңды, әділ өткендігін көрсету болмақ деген пікір айтады.
XS
SM
MD
LG